Ақтөбеде полицейлер өңірге есірткі жеткізудің ірі арнасын жойды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері арнайы бөліністің жауынгерлерімен бірлесіп, автотұрақ аумағында Toyota Alphard автокөлігін тізгіндеген ақтөбелік азаматты ұстады. Автокөлікті тінту барысында өсімдік тектес заттың 6 пакеті табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат салмағы 57 келіден астам марихуана екені анықталды.
Бұдан әрі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу және ұсталған адамның қылмыстық байланысын тексеру барысында полиция қызметкерлері тағы бір ақтөбелік азаматты ұстады, қызметтік иттін көмегімен оның гаражынан 2 пакет өсімдік тектес зат тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы шамамен 20 келі болатын марихуана екені расталды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 77 келіден атсы, бұл 115 мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды. Күдікті тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды, оларға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.