Қызылорда облысының полицейлері есірткі жеткізу арнасының жолын кесті

Қызылорда облысының полицейлері есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызылорда облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 12 ақпан күні Қызылорда қаласында синтетикалық есірткі затын сақтаған Ақмола облысының 20 жастағы тұрғыны құрықталды.

Азамат орналасқан қонақүйдегі бөлмесіне тінту жүргізу барысында есірткі сатуға дайын үш полиэтилен пакетіне салынған сұр түсті ұнтақтар заттай дәлелдеме ретінде алынды.  Сараптама қорытындысымен тәркіленген ұнтақтың а-пирролидиновалерофенен немесе a-PVP психотроптық заттарға жататыны белгілі болды.

Ақмола облысының тұрғыны аталған синтетикалық есірткі заттарына интернет желісі арқылы тапсырыс қабылдап, Қызылорда қаласының аумағындағы 10 жерге жасырған. Бүгінгі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.