Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған ақтөбелік колонияға жіберілді

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату ережелерін бұзған ақтөбелік колонияға жіберілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы қалалық сотта шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардың қатысуымен сот отырысын ұйымдастырды.

Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру мәселесін шешу бойынша сот процесі ашық түрде жүргізілді.

Сотталған адамның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы  2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.

Бұған дейін 2017 жылдың басында 58 жастағы ер адам ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2023 жылдың маусымында ол пробациялық бақылауды белгілеу арқылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Алайда сотталған адам түзету жолына түспей, заңсыз әрекеттерге жол бере бастаған: бірнеше рет ұсақ бұзақылық жасап, қоғамдық жерде мас күйінде болған. Сондай-ақ тексеру кезінде ол бірнеше рет тұрғылықты жерінде болмаған.