2023 жылы 145,5 мың азамат, оның ішінде 42 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek (бұдан әрі – Skills Enbek) кәсіптік оқыту платформасында курстардан өткені туралы сертификат алды. Skills Enbek-те барлығы 355 мың қазақстандық тіркелсе, оның 166,5 мыңы – 2023 жылы тіркелді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрдігіне сілтеме жасап.
Оқудан өткен 42 мың жұмыссыз азаматтың 14,4 мыңға жуығы – негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының жастары.
Skills Enbek іске қосылған сәттен бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 294 курс жариялады, оның 234-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ең танымал курстар – «Птицеводство. Выращивание бройлеров», «Выращивание лимона в теплицах», «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы», «Кассир», «Профессиональный курс индивидуального помощника для сопровождения лиц с трудностями в передвижении».
Қосымша мүмкіндіктер беру және қолжетімді курстар базасын кеңейту мақсатында Skills Enbek-те 2023 жылы: Fluent Education халықаралық білім беру платформасымен, Назарбаев Университетінің әлеуметтік даму қорымен, Яндекс Қазақстан, Қазақстан аударма академиясымен, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-мен, «TestIT» IT мектебімен және т. б. ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде Skills Enbek-те мүгедектігі бар, жүріп-тұруы қиын адамдарды, сондай-ақ нашар көретін азаматтарды сүйемелдеуді жүзеге асыратын жеке көмекшілер үшін курстар қолжетімді екенін атап өткен жөн. Мемлекеттік және орыс тілдерінде оқудан өту толығымен тегін. Курстың ұзақтығы – 32 сағат. Курстан өту үшін 5,4 мың адам тіркелді, оның ішінде 4,3 мың адам оқуды сәтті аяқтап, сертификат алды.
Skills Enbek-тегі «Бастау Бизнес» жобасы аясында өз ісін ашуға шешім қабылдаған азаматтарға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мүмкіндігі беріледі. 2023 жылы 100,2 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алды, оның ішінде 48,5 мыңы (48,4%) жастар.
Сондай-ақ, Skills Enbek-те «Күміс жас» жобасы аясында 50 жастан асқан азаматтар жұмысқа орналасу үшін жаңа дағдыларды тегін оқи алады. «Күміс жас» бөлімінде 130-дан астам курстар қолжетімді болады, атап айтқанда: ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, маркетинг және туризм, ақпараттық технологиялар, энергетика бағыты.
2023 жылы платформада жобаның 5,4 мыңнан астам қатысушысы тіркелді, оның ішінде 3,9 мың адам оқудан өтіп, сертификат алды.
Бұдан басқа, өткен жылы порталда жеке қызметтер мен сервис, өндіріс, құрылыс және ТКШ, тұру және тамақтану салаларындағы курстардың тізбесі, сондай-ақ «икемді» дағдыларды немесе smart skills дамыту (Agile қағидаттары бойынша жобаларды басқару, тайм-менеджмент, командада жұмысты ұйымдастыру және т. б.) бойынша курстар кеңейтілді. Әзірленген курстар азаматтарға тегін оқу үшін беріледі және мансапты дамыту, сондай-ақ еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында өз дағдыларын жетілдіруге ұмтылатын жаңадан бастаушылар үшін де, тәжірибелі мамандар үшін де пайдалы болуы мүмкін.
Жалпы, онлайн-оқытуды дамыту азаматтар арасында адами капитал сапасы мен цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Skills.enbek.kz-те тіркелу және платформада жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақ бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).