Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы тәуелсіз рейтингте позициясын едәуір жақсартып, 100-ден астам елді артта қалдырды

2023 жылдың 13 қарашасында Базель менеджмент институты ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы ең беделді дереккөз болып табылатын жыл сайынғы «Basel AML Index» рейтингін жариялады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл рейтингте Қазақстан 100-ден астам елді артқа тастап, 4,71 ұпай жинай отырып,  позициясын 27 тармаққа жақсартты. Бұл еліміз үшін 2012 жылдан бері жарияланып келе жатқан рейтинг тарихындағы ең жоғарғы  нәтиже. Қазақстан рейтингте Қытай, Түркия, БАӘ, Сербия, Болгария, Венгрия, Румыния, Катар, Бахрейн және Сауд Арабиясы секілді елдерден басып озды.  Тәуекел деңгейі ең төмен топ-5 елдің қатарына Исландия, Финляндия, Эстония, Андорра және Швеция кірді.  Айта кетейік, зерттеу қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландырудың (КЖ/ТҚ) жоғары тәуекелдеріне ықпал ететін әртүрлі факторларды өлшейтін 5 бағыт бойынша 18 көрсеткішке негізделеді.  

Алынған нәтиже FATF стандарттарына сәйкестігіне Өзара бағалауды сәтті аяқтау мен ақшаны жылыстатуға қарсы жүйенің барлық бөліктерінің жұмыс істеу тиімділігінің арқасында мүмкін болды.