Бүгінгі таңда Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды да, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын да іске асыруда. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Оның сөзінше, кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканы орнықты дамытудың маңызды факторы болып табылады. Ресми статистика деректеріне сәйкес, соңғы жылдары жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады, 2021-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 33,5 %-дан 36,5%-ға өсті. 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,4%-ға артып, 4,3 млн адамға жетті.
Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр. «Даму» қоры оператор болып табылады.
«Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кредит сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылды. 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді. Қаржылық емес қолдау аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 166 мыңнан астам консультация берілді. Ағымдағы жылғы бюджетте шағын және орта бизнестің 40 мың жалғасып жатқан және 20 мың жаңа жобасын қолдауға шамамен 300 млрд теңге көзделді», — деді министр.
Өңірлер бөлінісінде субсидиялау жөніндегі жобалардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Алматы және Ақтөбе облыстарында іске асырылды. Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында жобалар аз.
Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау және білім беру жобалары басым. Кепілдік беру құралы бойынша ең көп жобалар Астана, Алматы қалаларында және Павлодар облысында. Мұнда да салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау жобалары басым.
«Министрлік ел Президентiнiң халыққа Жолдауында айтылған «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаны әзірледі. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылды», — деді Әлібек Қуантыров.
Бағдарлама 6 бағыттан тұрады:
1-бағыт. «Микрокәсіпкерлік»;
2-бағыт. «Шағын және орта кәсіпкерлік»;
3-бағыт. «Өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтердегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік»;
4-бағыт. «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік»;
5-бағыт. «Әлеуметтік кәсіпкерлік»;
6-бағыт «Қор биржасы».
Осы бағыттар шеңберінде жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қаржылық емес қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді.
Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшу арқылы субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді.
«Мәселен, алғашқы 3 жылда субсидиялауды ескере отырып, түпкілікті қарыз алушы 8%, 4-жылы 9%, 5-жылы 10% мөлшерлеме бойынша қаржыландырылатын болады. Бұл тәсіл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және бизнестің нарықтық қаржыландыру тетіктеріне біртіндеп көшуін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында қарсы міндеттемелер күшейтілді. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарды іріктеу үшін базалық кіріс өлшемшарттар белгіленді. Сонымен қатар субсидиялау құралынан біртіндеп көшу кредиттер бойынша кепілдіктердің кеңеюімен қатар жүретін болады», — деді Әлібек Қуантыров.
Кепілдік беру құралы ең тиімді шара болып табылатынын және бизнестің басты проблемасы – банктер алдындағы кепілдердің жетіспеу проблемасын шешетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сонымен, кепілдік беру бойынша кредиттеу сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін өсті, ол бойынша кепілдіктер 50%-ға дейін берілетін болады, ал Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші тізбесі кеңею жағына қарай қайта қаралды. Бұл ретте кепілдік берудегі жаңа тәсіл нарықтық жағдайға көшуді көздейді, онда 500 млн теңгеден астам кепілдіктер бойынша кәсіпкер комиссия төлейтін болады. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері 1 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Синдикатталған кредит беру жөніндегі құралды енгізу, облигациялық қарыз бойынша шарттарды кеңейту, әлеуметтік кәсіпкерлерге және «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылар үшін гранттар беру, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын субсидиялау арқылы өңірлік бағдарламаларды іске асыру қаржыландырудың балама құралдарын дамыту ретінде ұсынылады. Әзірленген Бағдарламаның жаңа тәсілдері бизнестің барлық кезеңінде оның үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов ҰКП арқылы ШОБ-ты қолдау және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның сөзінше, «Атамекен» ұлттық палатасы қаржылық емес қолдау операторы ретінде кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа арналған ақпараттық-консультациялық қызметтер және «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту құралдары бойынша қызмет көрсетеді.
Барлық құралдар кәсіпкерлер мен бизнес бастаушылар үшін ақпараттық-консультациялық, сервистік және білім беру қызметтерін көрсетуге бағытталған: бұл мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың қолданыстағы шаралары туралы, рұқсат беру құжаттарын алу туралы ақпараттандыру және консультация беру, бухгалтерлік есеп және салық есептілігі бөлігінде консультациялар беру, бизнес-жоспарды әзірлеу және конкурстық (тендерлік) рәсімдер жөніндегі қызметтер, заңдық сүйемелдеу, салалық және бейіндік оқыту, менторлық, «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру және т.б. Қызметтер Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында елдің барлық 20 өңірінде облыстық және аудандық деңгейлерде көрсетіледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 72 мыңнан астам клиентке 170 мыңнан астам қызмет пен консультациялар ұсынылды.
«2023 жылдан бастап «Мен – кәсіпкер» жаңа құралын іске асыру басталды. Ол екі бағытта жүзеге асырылады. «Кәсіпке бағыт» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында құзыреттіліктерді оқытуды және салалық (бейіндік) оқытуды қамтиды. Бизнестің 27 салалық бағыты бойынша 976 ШОБ субъектісі оқудан өтті. Екінші бағыт кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге арналған қызметтерді қамтитын әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ӘКДО шеңберінде 8 мың әйелге 13 мыңнан астам қызмет көрсетілді, оның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру шеңберінде 20 өңірлік көрме өткізілді, оған 519 тауар өндірушілер қатысты жергілікті шикізаттан, олардың ішінен 60 тауар іріктеліп алынды», — деді Райымбек Баталов.
Қаржылық емес қолдау шаралары шеңберінде 2023 жылы мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілді:
– 2 001 ШОК субъектісі ашылды (оның ішінде 1 892 – ЖК, 99 ЖШС және 10 ШҚ);
– ШОБ субъектілері үшін 244 рұқсат құжаты алынды (200 – лицензиялар; 44 – техникалық шарттар);
– жалпы қаржыландыру сомасы 15,2 млрд. теңгеге 1 314 жоба сүйемелденді. Жобалар аясында 2 147 жұмыс орны құрылды;
– 3 678-ден астам салық және статистика есеп дайындалды.
2023 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум жасасу арқылы Астана, Шымкент және Алматы қалаларында Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы (бұдан әрі – КҚККО) жобасын пилоттық іске асырды. КҚККО-ға ұсынылған мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 9 мыңнан астам.
2024 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеу жоспарлануда:
– бизнес-шолу, қаржыландыруды тарту бойынша оқыту және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бағыттарын гендерлік бөлініссіз қызметтердің қолжетімділігін кеңейту;
– көрсетілетін қызметтерді алушылар қатарына әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылық емес шараларын енгізу;
– ҚР СИМ-мен бірлесіп ШОБ үшін электрондық сауда бойынша жаппай оқытуды ұйымдастыру;
– КҚККО-ны енгізудің табысты тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанның басқа өңірлерінде іске қосу, бұл қызметтер көрсетуді офлайн режимнен онлайн режимге көшіру үшін негіз болады;
– «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, екінші деңгейдегі банктермен, «Қаржыгерлер қауымдастығымен», әкімдіктермен бірлесіп бизнесті қолдаудың қаржы құралдарын пысықтау;
– ҰЭМ-нің ШОБ-ты қолдау жөніндегі қолданыстағы бағдарламасымен интеграцияланған өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микро және шағын бизнес үшін жеке бағдарлама әзірлеу;
– Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен орта және ірі бизнес үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізуді, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің бірыңғай тәртібін бекітуді көздейтін инвестициялық жобалар тізілімі бар интерактивті инвестициялық картаны енгізу.
Өңдеуші саладағы, АӨК, көлік және логистикадағы шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты жекелеген мәселелер Үкіметпен бірлесіп нақты талқыланады және пысықталады.