Үшінші мегаполисте құрылысы ұзаққа созылған нысандарға қайта қаражат бөлініп, жұмыс барысы қайта жанданбақ. Бұл жолы бюджет ақшасының мақсатты жұмсалуы мен құрылыс барысын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері бақылауда ұстайды.
Сиырқұйымшақталған құрылыстарды бақылауда ұстау туралы шешім Агенттік жанындағы қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында айтылды. Елімізде дәлосындай 156 нысан болса, оның бесеуі Шымкентте. «Ақжар» қосалқы стансасының құрылысы да төрт жыл бұрын басталып, кейін тоқтап қалған. Салдарынан, бизнес нысандары мен 50 мыңға жуық тұрғын сапалы электр жарығынан қағылды. Тиісті мониторинг жұмыстарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасының қатысушылары да жұмылдырылды. Мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған тендерлерге талдау жасап, заңсыздықтарды алдын-алуға көмектесті.
“Мердігерлердің жұмысына кедергі келтірмей біз осы жұмыстарға мониторинг жасайтын боламыз. Біздің негізгі мақсатымыз ұзаққа создырмау және бюджет бағасын көтермеу. Яғни бюджеттік қаржыны талан-таражға салуға жол бермеу. Сонымен қатар сыбайластық тәуекелдерін жоққа шығару. Қылмыстық схемаларды жоққа шығару барысындағы шаралар болмақ”, – деп атап өтті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Дәурен Ерғарин.
Шымкент қаласындағы Адырбеков атындағы көше тәулігіне 5 мыңдай автокөлік өткізуге қауқарлы. Алайда жол құрылысының бес жылдан бері аяқталар түрі жоқ. Алғашқы мердігердің ісі шала болып, сот шешімімен жұмысы тоқтатылған болатын. Жол құрылыс барысын одан кейін қолға алған компанияның жұмысына топографиялық түсірілімнің дұрыс жасалмағаны кедергі келтірді. Салдарынан нысанды пайдалануға беру мерзімі желтоқсан айына ауыстырылып, жобаның бастапқы құны қымбаттаған.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіріп, ашықтықты қамтамасыз етуге мүдделі. Автоматтандырылған жүйе сыбайластықты жойып, саланы жетілдіруге мүмкіндік береді. Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда әкімдік тарапынан көрсетілетін 166 мемлекеттік қызмет бар. Соның 157-сі автоматтандырылды. Тағы екеуін жыл соңында автоматтандыру бітеді. Сөйтіп кезең-кезеңімен жалпы барлық қызмет түрлеріне автоматты түрде қызмет көрсетілетін болады. Бұл бірден-бір сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жоюға, оны азайтуға ықпалын тигізеді.