Полициядан қашқан 62 жастағы жүргізуші қызметтік көлікті соғып кетті

Кейін оның мас күйде көлік басқарғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға 21 қарашаға қараған түні Үржар ауданында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Hyundai Tucson автокөлігін байқап, жүргізушісіне тоқтау туралы белгі берген. Дегенмен ер адам полиция талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған.

Тәртіп сақшыларынан құтылмақ болған жүргізуші негізгі жолдан шығып, жолсыз жермен қашуға әрекеттенген. Қуғын кезінде оның көлігі полицияның Chevrolet Cobalt қызметтік автокөлігімен соқтығысқан.

Оқиғадан кейін 62 жастағы ер адам ұсталып, медициналық куәландырудан өткізілді. Тексеру оның алкогольдік мас күйде болғанын растады.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушіге қатысты екі құқық бұзушылық бойынша материалдар сотқа жолданған. Оның қандай жауапкершілікке тартылатынын сот анықтайды.

Hyundai Tucson автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.