Алайда ел дамуының шынайы қарқынын шалғайдағы ауыл мен ауданның тыныс-тіршілігінен де аңғаруға болады. Өйткені бұқараға қолайлы орта қалыптастырмай, өңірлердің әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауында көтерілген ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс бастамасының мәні де осында.
Мемлекет басшысы көздеген мақсат – технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты, инфрақұрылымы заманауи әрі азаматтардың қарым-қабілетін толық ашуына мүмкіндік беретін жаңа ел қалыптастыру. Бұл міндетті орындауда ауылдық аудандардың жағдайына айрықша назар аударудың жөні бар. Себебі қала мен ауыл арасындағы өмір сүру сапасының алшақтығы әлі де сезіледі.
Үкіметтің 2025 жылғы бағалауына сәйкес, Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша нысандармен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі қалаларда орта есеппен 89,1 пайызды құраса, ауылдарда бұл көрсеткіш 67,6 пайыз болған. Екі арадағы айырмашылық инфрақұрылымдық инвестициялардың қай бағытқа көбірек қажет екенін аңғартып отыр. Оның үстіне, ауыл халқының қалаға көшуі де бәсеңдейтін емес. 2025 жылы ауылдан қалаға бағытталған таза көші-қон ағыны 129,4 мың адамға жеткен. Бұл – 2000-2025 жылдар аралығындағы ең жоғары көрсеткіш.
Ауылдың ажары ашылса игі
Qazaq Expert клубының өңірлік даму саласындағы сарапшысы Фатима Герфанованың пікірінше, мұндай жағдайда аудандарды дамыту тек инфрақұрылым тапшылығын жоюмен шектелмеуі керек. Ең бастысы – тұрғындардың өз өңірінде еңбек етіп, кәсіп ашып, отбасымен тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.
– Ауылдық аудандар үшін инфрақұрылымды жаңарту – халықтың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтудің жолы. Инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету кәсіп ашып, өндіріс орналастыруға кететін шығынды азайтады. Ал тұрғын үй мен әлеуметтік қызметтердің дамуы қажетті мамандарды өңірге тартуға және олардың осында тұрақтап қалуына ықпал етеді. Егер сұранысқа ие кәсіпкерлік жобалар қатар дамыса, құрылыс аяқталғаннан кейін де экономикалық белсенділік тоқтамайды. Тұрақты жұмыс орындары ашылып, жергілікті жеткізушілерге тапсырыс көбейеді, жаңа қызмет түрлері пайда болады. Мұның бәрі, түптеп келгенде, халықтың табысына әсер етеді, – дейді сарапшы.
Шынында да, инфрақұрылымға құйылған қаржының қайтарымы салынған нысанның өзімен өлшенбейді. Оның айналасында қандай экономикалық қозғалыс пайда болды, жергілікті кәсіптің тынысы ашылды ма, өңірге жеке инвестиция келді ме – мәселенің мәні осында. Сондықтан мамандардың сөзіне сүйенсек, инвестициялардың тиімділігін бағалағанда пайдалануға берілген нысандардың санымен ғана шектелмей, тартылған жеке капиталдың көлеміне, құрылған жұмыс орындарына және салық түсімдерінің өзгерісіне де назар аудару қажет.
Дегенмен бұл нәтижеге қол жеткізу үшін құрылыс жұмыстарының ретін дұрыс белгілеу маңызды. Өндіріс тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымнан бұрын дамып кетуі мүмкін. Керісінше, жаңа қоғамдық нысандар бой көтергенімен, сол өңірде тұрақты жұмыс табу мүмкіндігі қарастырылмай қалуы ықтимал. Мұндай сәйкессіздік бөлінген қаражаттың тиімділігін төмендетеді.
Сарапшының айтуынша, осы тектес тәуекелдердің алдын алу үшін ауданның ұзақмерзімді даму жоспары қажет. Ол өндіріс, тұрғын үй және әлеуметтік ин-фрақұрылымның даму қарқынын өзара үйлестіріп, инвестициялардың кезектілігін айқындауға мүмкіндік береді.
– Қаражаттың тиімсіз жұмсалу қаупін азайту үшін даму жоспарларын облыстар мен ауылдық елді мекендер деңгейінде нақтылау керек. Нысандардың қайда орналасатыны мен қандай қуатта салынатыны демографиялық болжамдарға, жұмыспен қамту перспективаларына және тұрғындардың пікіріне сүйеніп анықталғаны жөн. Ең алдымен, халыққа қандай қызметтер қажет екенін, адамдардың өз ауданында қалып, өмір сүруіне және жұмыс істеуіне не кедергі екенін білу маңызды. Өйткені әр өңірдің сұранысы мен мүмкіндігі бірдей емес. Жоспар да сол ерекшеліктерді ескергенде ғана нәтижелі болады, – деп атап өтті Фатима Герфанова.
Ауданның тартымдылығы бір ғана көрсеткішпен өлшенбейді. Жұмыс таңдау мүмкіндігі кеңейіп, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалып, балалардың дамуына қажетті орта қалыптасса, отбасылардың болашағын туған өңірімен байланыстыруына негіз көбейеді. Экономикалық мүмкіндік пен өмір сүру сапасы қатар артқан жерде халықтың басқа жаққа қоныс аударуына да себеп азаяды.
Мұндай өзгерістерді бағалау үшін тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, олардың қажеттілігі мен өңірде қалуға деген ниетін зерделеуге болады. Ал инвестициялардың нақты нәтижесі жұмыспен қамту деңгейінен, жеке инвестициялар көлемінен және салық түсімдерінің өсімінен көрінеді.
Ауқымды құрылыстың басты өлшемі де осы болуы керек: жаңа нысандардың көбеюі ғана емес, сол нысандардың өңір экономикасына жан бітіріп, тұрғындардың өз ауданында өмір сүруіне мүмкіндік жасауы. Өйткені ауылдың әлеуеті артқанда ғана ел дамуының іргесі де берік болмақ.
Құрылыс – отандық өндірістің қозғаушы күші
Осы бастаманың экономикалық салмағы құрылысқа бөлінетін қаржының көлемімен ғана өлшенбейді. Маңыздысы – мемлекеттік инвестицияның ел ішіндегі өндіріс пен кәсіпкерлікке қаншалықты қозғау салатыны. Бір өңірде жол, инженерлік желі немесе тұрғын үй құрылысы қолға алынса, оған қажетті материалдар мен қызметтерге де сұраныс артады. Мұндай тапсырыстар отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандырып, жеке бизнестің жаңа жобаларға араласуына жол ашады.
Ауқымды құрылыстың ел экономикасына берер пайдасы ең алдымен оған жұмсалған қаржының қаншалықты тиімді айналымға түсетініне байланысты. Мемлекеттік инвестиция инфрақұрылым нысандарын салумен шектелмей, жеке капиталдың келуіне, кәсіпкерліктің қанат жаюына және өндіріс орындарының жұмысын жандандыруға ықпал етуі керек. ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов та бастаманың осы қырына назар аударып отыр.
– Алдағы ауқымды құрылыс елдің қаржылық, инвестициялық, өндірістік және еңбек ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен қатар жеке капиталды тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті кеңейтуге және сабақтас салаларды дамытуға серпін беруге тиіс, – дейді ол.
Мұндай серпіннің нақты нәтижесі құрылысқа қажетті өнімнің қайдан жеткізілетініне де байланысты. Егер ірі жобаларға отандық кәсіпорындардың өнімі көбірек тартылса, құрылыс саласындағы сұраныс өндіріс орындарына тұрақты тапсырыс болып оралады. Кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік алады. Сондықтан QazIndustry басқарма төрағасы Эльдар Гумаров жалпыхалықтық құрылыс бастамасын өнеркәсіпті дамытудың да маңызды тетігі ретінде бағалайды.
– Жалпыхалықтық құрылыс жылы – инфрақұрылым салу науқаны ғана емес, іс жүзіндегі қуатты өнеркәсіптік саясат, – дейді ол.
Өмір сапасының өлшемі қандай?
Алайда өндірістің өркендеуі мен құрылыс қарқыны, түптеп келгенде, халықтың тұрмысынан көрінуге тиіс. Әсіресе баспана мәселесінде сан қуалаудан гөрі, салынған үйдің кімге қолжетімді екеніне мән берген абзал. Сондықтан да тұрғын үй құрылысының өсуі халықтың төлем қабілетті сұранысымен қатар жүруі керек. Бұл – құрылыс көлемі артқанымен, баспана бағасы мен оны сатып алу мүмкіндігі арасындағы алшақтық ұлғайып кетпеуі үшін маңызды.
Мәселенің тағы бір қыры – жаңа үйлердің айналасында жайлы өмір сүруге қажетті жағдайдың жасалуы. «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев тұрғын үй құрылысын инженерлік желілерден, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымнан бөле-жара қарауға болмайтынын атап өтті.
– Тұрғын үй құрылысы – соңғы жылдары тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі рекордтық көрсеткішке жеткен құрылыс саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сонымен бірге құрылыс көлемін ұлғайту қалаларымыз бен ауылдық аумақтарымызда жайлы орта қалыптастыру үшін инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға кешенді көзқарасты талап етеді. Жобаларды жүйелі іске асыруға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі мен жеке инвестицияларды тарту тетіктері маңызды рөл атқарады, – дейді ол.
Түптеп келгенде, бөлінгелі отырған бұл қаражаттың қайтарымы қанша адамның тұрақты жұмыс тапқанынан, қанша отбасының табысы артқанынан, қанша кәсіптің өрісін кеңейткенінен көрінгені жөн. Әсіресе жастар туған жерінде болашағын көріп, еңбек жолын өз өңірінде жалғастыруға мүмкіндік алса, көші-қонның да беталысы өзгере бастар ма еді?! Сондықтан болар, «Халықтық құрылыстың» шынайы жемісі – елді мекендерде жаңа ғимараттардың бой көтеруі ғана емес, сол жерде өмір сүріп, еңбек етуге деген сенімнің нығаюы деп білеміз.
Кәмила ДҮЙСЕН









