Зиялы қауым мәдениет мәселелерін қарады

Осы және өзге де ұсыныстар «Әділет» партиясы жанындағы Miras республикалық кеңесінің алғашқы отырысында айтылды. Қатысушылар Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және Президент Жолдауында белгіленген міндеттер аясында қандай бастамаларды дамыту қажет екенін талқылады.

Жиынға «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік органдар мен өңірлік филиалдардың өкілдері қатысты. Отырысты ашқан «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев ел дамуы тек экономикалық өзгерістермен, құрылыс жұмыстарымен және жаңа технологияларды енгізумен шектелмейтінін атап өтті. Бұл үдерісте білім, мәдениет, ұлттық құндылықтар мен азаматтардың қоғам алдындағы жауапкер­шілігі де маңызды рөл атқарады.

– Елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Қоғамның ой-санасы, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілігі де аса маңызды. Сондықтан экономика мен руханият қатар дамуы қажет. Бұл жолда кітап оқу мәдениетін дамытуға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, тарихи мұраны сақтауға, отандық әдебиет пен өнерді қолдауға ерекше мән береміз, – деді Ержан Жылқыбаев.

Оның айтуынша, мәдениет пен қоғамға қатысты бастамалар әр өңірдің ерекшелігін ескеруге тиіс. Осыған байланысты партияның өңірлік филиалдары жанынан мәдени мұраны сақтау және жергілікті мәселелерді талқылаумен айналысатын Miras кеңестерін құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар республикалық кеңестің көшпелі отырыстарын өңірлерде өткізу ұсынылды. Бұл зиялы қауым, қоғам және мемлекеттік органдар өкілдерінің мәдениет пен білімді дамыту мәселелерін бірлесіп талқылауына мүмкіндік береді.

Miras кеңесінің төрағасы, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан жаңа алаң қоғам үшін маңызды мәселелерді ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлейтін орынға айналуға тиіс екенін атап өтті.

– Кеңес отырыстарының басты құнды­лығы – еркін пікір алмасып, қоғам­дағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүм­кіндік беруінде. Әсіресе руханият саласында қордаланған мәселелерге жаңаша көзқарас­пен қарап, оларды шешудің нақты жолдарын тиісті мем­лекеттік органдармен, қоғаммен, кеңес мүшелерімен бірге жүзеге асырамыз, – деді ол.

Кеңес төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы мәдениет пен білімнің адами капиталды дамытудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы экономикалық көрсеткіштер мен технологиялық жетістіктерге ғана емес, халықтың білім деңгейіне, мәдениеті мен қоғамдық санасына да байланысты.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп ауқымды өзгерістер кезеңінде ұлттық болмысты сақтаудың маңызын атап өтті. Ол елдің болашағын талқылағанда қазақ тіліне, әдебиетке, өнерге, салт-дәстүр мен тарихи мұраға ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі қоғам мәдениетінің негізін үш қағидат – заң, тәртіп және еңбек құрауға тиіс. Сондай-ақ ол Қазақстанның ұлттық құндылықтарының бірыңғай жүйесін әзірлеуді ұсынды.

– Рухани құндылықтар, әдебиет, мәдениет, өнер, сәулет – осының барлығы күн тәртібінен түспеуі керек. Әсіресе қоғамдық мәдениет қалыптастыру мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде заң, тәртіп, еңбек – осы үш таған негізге алынуы керек, – дейді Нұртөре Жүсіп.

Отырысқа қатысушылар бірқатар нақты ұсыныс та айтты. Ақын Оңайгүл Тұржан Қазақстанның тарихи орындарына виртуалды экскурсиялар ұйымдастыру бас­тамасын көтерді. Бұл заманауи техно­логиялар арқылы тұрғындарды, әсіре­се жастарды еліміздің мәдени мұра­сымен таныстыруға мүмкіндік туғызады. Құрылтай депутаты Дәулет Кәрібек балалардың шығармашылық жобаларын қолдауға көбірек көңіл бөлуді ұсынды. Бөріхан Нұрмұхамедов қоғамдық санадағы өзгеріс­терді тереңірек зерделеу үшін ауқымды әлеуметтанулық зерттеу жүргізу қажеттігін айтты. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, ақын Аманжол Әлтай ауылдық жерлердегі халық театр­ларының жұмысын қайта жандандырып, дамытуды ұсынды. Ал жазушы, драматург Жабал Ерғалиев өскелең ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық адам­гершілік құндылықтарды кейінгі буынға жеткізу мәселелерін көтерді.

Талқылауға салалық ұйымдардың өкіл­дері де қатысты. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли ведомствоның мәдениет пен өнер саласындағы жұмысы туралы баяндады. Ал «Креативті индус­трияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Ерлан Қанәлімов «Креативті өңір» және «Ұлттық қолөнер мектебі» жобаларын таныстырды.

Жиын қорытындысында қатысушылар Miras кеңесінің алдағы жұмыс бағыттарын айқындады. Олардың қатарында мәдени мұраны сақтау, қазақ тілін дамыту, әдебиет пен өнерді қолдау, сондай-ақ мәдениет пен қоғамдық даму мәселелерін талқылауға өңірлерді кеңінен тарту бар.