Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызы зор – Бейбіт Мырзағалиев

 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және өңірлердің әлеуетін нығайту мәселелері кеңінен қамтылды.

Бұл басымдықтар «Әділет» партиясының негізгі бағдарларымен де үндеседі. Әсіресе, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және аймақтардың әлеуетін арттыруға басымдық берілуі көңіл қуантады.

Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызы зор. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу, елді мекендерді таза ауызсумен және газбен қамту – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер.

Ендігі міндет – осы бастамаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асырып, бөлінген қаражаттың нақты нәтижесін көрсету. Атырау облысы үшін де бұл бағыттардың маңызы ерекше. Өңірдің экономикалық әлеуетін халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауылдар мен қалалардың инфрақұрылымын жақсартуға тиімді пайдалануымыз керек.

Сонымен қатар сапалы жол, сенімді энергетика және заманауи көлік-логистика жүйесі еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Меніңше, Жолдаудың негізгі түйіні – бүгінгі мүмкіндікті ертеңгі ұрпақтың игілігіне жарату. Ол үшін мемлекет пен қоғамның, билік пен бизнестің бірлескен жұмысы қажет. Ең бастысы, қабылданған шешімдер әрбір азаматтың өмірінен көрініс табуы тиіс. Халықтың сенімін ақтайтын өлшем де – осы, – деді  “Әділет” партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев.