Құжаттың 1-бабында Қазақ КСР-і егемен мемлекет деп танылып, одақтық қатынастарды өз еркімен жүргізу немесе жүргізбеу құқығы айқындалды. Жалпы, КСРО Конституциясының 72-бабында одақтас республикалардың Одақ құрамынан шығу құқығы бұрын да жазылған. Бірақ іс жүзінде оған бөгет болатын кедергі өте көп еді. Декларация бұл тетікті нақты орындалатын деңгейде орнықтырды. 3-бапта Қазақ КСР территориясы бөлiнбейтіні және жерге қол сұғылмайтыны кесіп айтылса, 6-бапта саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму бағытын республиканың өзі шешуіне құқық берілді.
Егемендікті бекіткен пәрменді тетіктің бірі – 8-бап. Онда елдің егемендік құқықтарына қайшы келетін одақтық заңдардың күшін республика аумағында тоқтату құқығы белгіленді. 15-бапта республиканың ішкі саясатына сырттан араласу «мемлекеттік егемендікті бұзу» деп бағаланды. Яғни мейманасы тасыған метрополияның үстемдігіне тосқауыл қойылып, Қазақ КСР-інің дербестігі бекемделді.
4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір иесі халық екені тасқа басқандай таңбаланып, маркстік-лениндік пролетариат диктатурасы тарих қойнауына сіңіп жоғалды. 5-бапта азаматтарды партиялық, әлеуметтік, ұлттық, діни ерекшелігіне қарай алаламау қағидаты жарияланды. 7-бапта мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы һәм сот тармақтарына алғаш рет ресми жіктелді. Бұл нормалар плюрализмге жол ашып, компартияның 70 жыл бойы мызғымай тұрған монополиясын қиратып тастады.
Декларацияның 9, 10 және 11-баптарында елдің саяси егемендігі экономикалық дербестікпен, экологиялық қауіпсіздікпен ұштасты. Өйткені өз жеріне, өз ресурсына өзі иелік ете алмайтын, өз қаржысын өзі басқара алмайтын қауымның тәуелсіздігі қағаз күйінде қалатыны белгілі еді. Мәселен, 9-бапта жердің асты-үсті, суы, әуе кеңістігі, жан-жануар, өсімдіктер әлемі, барлық табиғи байлығы, тарихи-мәдени қазынамыз, экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуетіміз республиканың айрықша меншігі делінді. Сонымен қатар азаматтардың меншік құқығы мойындалып, КСРО-ның мемлекеттік меншікке ғана арқа сүйеген жоспарлы жүйесі біржола күйреп, жаңадан нарықтық қатынастар қалыптасты.
10-бапта Қазақ КСР-нің мемлекеттік банкін, бюджетін, салық және кеден саласын құру құқығы қамтылды. Осы қағидаттар экономикада өз мүддемізге сай шешімдер қабылдауға көмектесті.
11-бап экологиялық қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға шығарды. Мұнда республика аумағында ядролық қаруларды сынауға түбегейлі тыйым салынды. Семей полигонынан әбден аузы күйген Қазақстан үшін бұл кезек күттірмейтін жұмыс еді.
Декларацияда қазақтың ана тілін, салт-дәстүрін дамыту мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде жүктелді. Құжаттың кіріспесі «қазақ ұлтының тағдыры үшін жоғары жауапкершілікті ұғына отырып» деген батыл сөйлеммен басталып, 2-бапта Қазақ КСР-і өз ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту бағытында нақты шаралар қабылдайтыны анық жазылды.
Қазақ КСР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында
12-бапта шетелдегі қазақтардың мәдени, рухани, тілдік қажеттіліктеріне қамқорлық жасау жағы қарастырылды. Осы норма сырттағы қандастармен тығыз байланыс орнатуға септігін тигізді. Әрине, Қазақстан аумағын мекендейтін өзге этностардың тең құқығын қорғау қағидасы да қатаң ескерілді.
Ең бастысы, 1990 жылғы Декларация кейінгі мемлекет құру жұмысын құқықтық тұрғыда негіздеп берді. Республика жекеменшік, банк жүйесі, мемлекеттік басқару, сыртқы байланыстар, ұлттық қауіпсіздік салаларында дербестігін біртіндеп ұлғайтуға кірісті. 1991 жылы Семей ядролық полигоны жабылып, республиканың экономикалық, дипломатиялық қатынастары кеңейді. 1993 жылы ұлттық валютамыз қолданысқа қосылды.
1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда тұңғыш жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. Сол жылдың 10 желтоқсанында елдің атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы заңның 18-бабында «жаңа Конституцияны әзірлеуде Егемендік Декларациясы басшылыққа алынады» деп ашып көрсетілді. Бұл сабақтастық Декларацияның тарихи мәнін айғақтайды. Қысқасы, 1990 жылғы құжат егемендіктің ұстындарын түсіндірсе, 1991 жылғы конституциялық заң Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін толық заңдастырды.
Декларацияда бекітілген аумақтық тұтастық, халық егемендігі, билікті бөлу, экономикалық дербестік, сыртқы саясат жүргізу құқығы тәрізді тармақтар Қазақстанның бүгінгі Конституциясына да кіргізіліп, олардың мазмұны жаңа заманда жаңғырып жатыр.
Мысалы, биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституцияның 2-бабында егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттары көрініс тапқан. Бұл Декларацияның 1 және 3-баптарында айтылған идеялардың жаңа жағдайдағы заңды жалғасы десек, еш қателеспейміз.
«Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жобасын дайындау жөніндегі комиссия төрағасы Салық Зиманов
Халық егемендігі қағидаты да маңызын жойған жоқ. Жаңа Конституцияның 4-бабында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендік иесі деп танылған. Халық билікті референдум мен сайлау арқылы тікелей де, жанама жолмен де жүзеге асырады. Сондай-ақ жаңа Конституция биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөлінуін бекітіп, 1990 жылғы қағидатты қазіргі мемлекеттік жүйенің темірқазығына айналдырды.
Құқықтық үстемдік мәселесінде де айқын байланыс бар. Декларацияның 8-бабы республиканың егемендік құқықтары мен Конституциясын қорғауға бағытталса, жаңа Конституцияның 5-бабында Ата заңның ең жоғары заңдық күші ескертілген.
Экономикалық егемендікке, табиғи ресурстарға қатысты қағидаттар да жаңа мазмұнмен байыды. Декларацияның 9-бабында табиғи байлықтар республиканың ерекше меншігі делінсе, жаңа Конституцияның 8-бабында жер мен жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жазылған.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде біртұтас Қазақстан халқы, этносаралық, конфессияаралық татулық, мәдениет, білім құндылықтары аталады. 9-бапта қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқындалып, Қазақстан халқының тілдерін дамыту мемлекеттің міндеті ретінде белгіленген. Бұл – Декларациядағы ұлттық мәдениетті жаңғырту, азаматтардың теңдігін қамтамасыз ету қағидасының бүгінгі көрінісі.
Әрине, 1990 жылғы Декларация одақтас республика кезінде қабылданды, сондықтан кейбір ережесі сол дәуірдің саяси-құқықтық шындығына бағынды. Ал Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысы бертінгі реформалардың арқасында біршама жаңарған. Ендеше Декларацияны қазіргі конституциялық жүйенің дайын үлгісі деп емес, оның басты қағидаттарына қалыптастырған негізгі құжат деп бағалауымыз керек.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ










