Бүгінде қарызға белшеден бату елімізде ғана емес, әлем елдеріне де тән мәселе. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) 2026 жылғы зерттеуіне жауап берген юрисдикциялардың 81 пайызы қаржылық сауаттың төмендігін басты қауіптердің бірі деп атаған. Ал 63 пайызы халықтың шамадан тыс қарыздануына алаңдаушылық білдірген.
Қазақстандағы жағдай да ойландырмай қоймайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекте халықтың банктер алдындағы берешегі 26,5 трлн теңгеге жеткен. Оның 17,6 трлн теңгесі тұтынушылық несиелерге тиесілі. Жыл басынан бері бұл қарыздардың көлемі 5,9 пайызға артқан.
Қарыз табыстың 30 пайызынан аспауға тиіс
Несие алғанда көпшілік ай сайынғы төлемнің аздығына мән бергенімен, оның отбасылық бюджетке түсіретін жалпы салмағын ескере бермейді. Бірнеше қарыз қатар жиналғанда, табыстың қомақты бөлігі банктің еншісіне кетеді. Сарапшылар бұл ретте қарыздың табысқа қатынасын алдын ала есептеп алуға кеңес береді.
– Несие рәсімдемес бұрын қарыз алушының оны өтей аламын ба, қандай табыстың есебінен төлеймін деген сұрақтарға нақты жауабы болуы керек. Есептеу жолы қарапайым. Мысалы, отбасының айлық табысы 500 мың теңге, ал барлық несие бойынша ай сайынғы төлемі 200 мың теңге делік. Бұл жағдайда қарыз жүктемесі отбасы табысының 40 пайызын алады. Бірақ бұл жоғары көрсеткіш. Өйткені қалған 300 мың теңге азық-түлікке, баланың оқуына, репетиторға, балабақшаға және басқа да қажеттіліктерге жетуі қажет. Несие мен басқа да қарыздарды өтеуге жұмсалатын қаражат отбасы табысының 20 пайызынан аспағаны дұрыс. Ең жоғары шегі 30 пайыз болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде үйдің өзін ипотекаға алады. Ол ай сайынғы табыстың 50 пайызы болуы мүмкін. Онымен қоймай техника мен жиһазды бөліп төлеуге алатындар бар. Түптеп келгенде, барлығы отбасы табысының 60-70 пайызынан асып жығылады, – деді экономист, тәуелсіз сарапшы Мақсат Халық.
Ал қаржы ұйымы клиенттің төлем қабілетін бағалағанда оның ресми табысынан бөлек тұрмыстық шығындарын қаншалықты ескереді? Осы және өзге де түйткілдер төңірегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сауал жолдадық. Сұрағымызға төмендегідей жауап алдық.
– Қарыз алушының төлем қабілетін бағалау кезінде оның табысы, бұрынғы несиелері және отбасының ең төменгі қажеттіліктері ескеріледі. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, қарыз алушының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауға тиіс. Оған отбасындағы әрбір кәмелетке толмаған бала үшін күнкөріс деңгейінің жартысы қосылады. Банк қарыз жүктемесінің коэффициентін есептейді. Жалпы ереже бойынша ай сайынғы несие төлемдері орташа табыстың 50 пайызынан аспауы қажет. Бірақ пәтерақы, коммуналдық төлемдер мен бала күтіміне жұмсалатын шығындар міндетті түрде жеке есептелмейді. Олар ең төменгі күнкөріс деңгейі негізінде қарастырылады, – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өзінің берген жауабында.
Инфляция мен жалақының айырмасы
Жауапты орган өкілдерінің бізге ұсынған дерегінше, биылғы 9 айда 144,3 мың өтініш келіп түскен. Оның 48 пайызы банк секторына, 33 пайызы микроқаржы ұйымдарына, 9 пайызы коллекторлық қызметтерге қатысты. Азаматтар көбіне берешекті реттеу, шоттарды бұғаттау, алаяқтық және кредиттік тарих мәселелері бойынша жүгінген. Алайда қарызға батқан азаматтардың мәселесін шешуде оның салдарымен емес, түпкі себептерімен күресу қажет. Бұл мәселеде сарапшылар халық табысының төмендігін алға шығарады.
– Тұтынушылық несиелердің күрт өсуіне екі негізгі фактор әсер етіп отыр. Біріншісі – халық табысының төмендігі, екіншісі – қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Қоғамда қаржылық сауаты төмен адамдар бар екені рас. Бірақ дәл қазіргі жағдайда бірінші фактордың әсері басымырақ. Бұл жақсы үрдіс емес. Кейінгі бес жылда ресми инфляция 70 пайыздан асса, халықтың табысы небәрі 10 пайызға өскен. Сондықтан ең әуелі халықтың нақты табысын арттырып, инфляцияны төмендету қажет. Егер бағаның өсуінен табыс жоғары қарқынмен артса, азаматтардың тұрмысы да жақсарады, – деді Мақсат Халық.
Әлемдік зерттеулерге назар аударсақ, америкалық танымал экономист, MIT профессоры Дразен Прелец өз тәжірибесінде кредиттік картамен төлейтін қатысушылар қолма-қол төлем жасайтындарға қарағанда, орта есеппен екі еседен астам жоғары баға ұсынатынын айтқан. Осыдан кейін төлем тәсілі адамның ақша жұмсау қабілетіне әсер ететіні анықталған. Демек, қолжетімділік кейде адамды артық шығынға итермелеуі мүмкін. Ал көпшілік тиімді санайтын пайызсыз бөліп төлеудің де назар аударатын тұстары бар.
– «0 % бөліп төлеуде» шынымен мүлдем пайыз жоқ деген түсінік – қате. Шын мәнінде, тауардың құны алдын ала бағаланады. Банк кез келген дүкенмен алдын ала келісім жасасады. Банктің өздеріне тиесілі пайызы болады. Сондықтан нарықтағы кез келген сатушы белгілі бір дәрежеде банкке беретін берешегін тауардың бағасына қосып есептейді, – деді тәуелсіз сарапшы Мақсат Халық.
Қалау қарызға батырады
Экономист, мінез-құлық экономикасы мен ЖИ саласындағы тәжірибелі зерттеуші Сендил Муллайнатан қаржылық тапшылық адамның ойлау және шешім қабылдауына қосымша салмақ түсіретінін жеткізген. Бұл тұжырымды психология саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар білікті маман Ғалияш Махашованың пікірі қуаттай түседі.
– Адамның өмірінде стресті жағдайлар көбейгенде қызығу, қуану, таңғалу арқылы бөлінетін дофаминнің үлесі азаяды. Ал стресс кортизолды қажетті мөлшерден тым көп бөледі. Кортизолдың жоғарылауы адамның логикалық ойлауын тежейді. Сонда адам сіз айтып отырғандай «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» күйден айырылады. Адамда ауырлықты ауқымды көру қабілеті кішірейіп, тек бір призмамен көріп бағалауға қауқарлы болады. Бұл адамды магиялық санамен шешім қабылдауға жетелейді. Шағын қарыздардың үлкен сомаға айналуын болжай алмауы прокрастинация болуы мүмкін. Мұндайда адам бейсаналы түрде қаржылық сауаттылықты кейінге қалдыра береді. Сол арқылы өзінің екінші тиімділігін орындайды. Ал ол дофаминнің бөлінуіне деген тәуелділікке алып келеді, – деді Ғалияш Махашова.
Ғалымдар адамның өз мүмкіндігінен тыс өмір сүруге ұмтылуын ертеден зерттеп келе жатыр. Мәселен, белгілі экономист, әлеуметтанушы Торстейн Веблен 1899 жылы жарық көрген еңбегінде «көзге түсу үшін тұтыну» (conspicuous consumption) ұғымын сипаттаған. Ғалымның тұжырымынша, адамдар кейде тауарды шын қажеттілігі үшін емес, айналасына әлеуметтік мәртебесін көрсету үшін сатып алады.
– Бала кезінде үнемі сын естіп, еңбегі бағаланбай өскен адамдар есейгенде өзінің «Мінсіз Менін» іздеумен болады. Олар қолда барына қанағаттанбай, жетістігіне риза бола алмай, өз өмірін өзгелермен салыстыруға бейім келеді. Осылайша, өздері армандаған мінсіз өмірге еліктей бастайды. Сол өмірге жақындау үшін өзгелердің сатып алған заттарын алып, барған жерлеріне баруға тырысады. Мұндай шығынды олар өз қиялындағы мінсіз өмірдің бір бөлігіне айналу мүмкіндігі деп қабылдайды, – деді психолог Ғалияш Махашова.
Банкроттық тығырықтан шығар жол ма?
Қарыз құрсауынан шыға алмаған азаматтар үшін соңғы амалдардың бірі – жеке тұлғаның банкроттығы. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекте банк секторында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 1,9 трлн теңгеге жеткен.
– Көбі банк несие бергеніне қуанып, пайыздық мөлшерлеме мен төлем кестесіне мән бермейді. Соның салдарынан алғашқы айларда төлеген ақшасының едәуір бөлігі негізгі қарызды емес, пайызды жабуға кететінін соңында түсінеді. Бұл кезде несиенің пайызын азайтуға өтініш жаза аламыз, бірақ келісімшартқа қол қойып қойғандықтан, кеш болады. Негізінде қарызды өтеудің аннуитеттік және сараланған (дифференциалды) тәсілдері бар. Аннуитеттік әдісте ай сайынғы төлем бірдей болғанымен, алғашқы кезеңде оның едәуір бөлігі пайызды өтеуге жұмсалады. Ал сараланған тәсілде негізгі қарыз тең үлеспен төленіп, ай сайынғы жалпы төлем біртіндеп азаяды. Ал берешекті уақытында өтей алмаса, банк сотқа дейінгі реттеу шараларын бастайды. Қарыз алушы банк жіберген хабарламаларға жауап бермесе, мәселе ауданаралық сотқа өтеді. Кей жағдайда іс борышкердің қатысуынсыз қаралады. Одан бөлек, бізде соңғы нұсқа бар. Бұл – жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң. Осы заңға қосымша құжаттарды тіркеп, 12 ай кешіктірілген несиенің мәнін растап, арыз беруге құқылы, – деді заңгер Шаһризада Рашитқызы.
Банкроттық адамның жүгін жеңілдеткенімен, бұдан борышкердің қаржылық әлеуеті арта қоймасы анық. Заң бойынша банкрот деп танылған азамат бес жыл бойы банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жаңа несие ала алмайды. Қайта банкроттыққа жеті жылдан кейін ғана жүгіне алады. Ал үш жыл бойы азаматтың қаржылық жағдайы құзырлы органдардың бақылауында болады.
Несиеге мұқтаж адамдар – «оңай олжа»
Ескеруіміз тиіс тағы бар маңызды түйткіл бар. Қарызға батқандардың бәрі несиені өз еркімен алмаған. Олардың арасында алаяқтарға алданып, мойнына қарыз ілгендер де кездеседі. Бірі өзін банк қызметкері деп таныстырған адамның сөзіне сенсе, енді бірі «несие алып беремін» деген делдалдың арбауына ереді. Ресми мәліметке жүгінсек, 2024 жылы елімізде алаяқтық жолмен алынған 8,7 мың несие анықталған. Ал биыл оның көлемі 1,9 мыңға дейін азайыпты. Экономика және қаржы сарапшысы Айбар Олжай алаяқтардың ең осал нысанасы да осы – несие алуға мұқтаж адамдар дейді.
– Бұл жерде психология мен әлеуметтік инженерия үлкен рөл атқарады. Несие алуға мұқтаж адамдар кез келген шартқа келісуге дайын. Өйткені банктер оларға несие беруден бас тартқан. Осындай жағдайда олар «несие алып беремін» деген алаяқтарға амалсыздан сенеді. Біріншіден, олар сенгіш келеді. Екіншіден, алданып қалған жағдайда қайда жүгіну керегін, қалай арыз жазып, өз құқығын қорғау қажеттігін біле бермейді. Ресми ақпараттан гөрі «мына жерден несие беріп жатыр екен» деген сияқты алыпқашпа әңгімелерге көбірек сенуі мүмкін. Мен алаяқтардың құрбаны болған адамдарды, әсіресе қаржы пирамидаларына алданғандарды көп көрдім. Олар бір-бірін сол схемаларға тартады. Достары, таныстары, туыстары мен әріптестері де бір-біріне ұсыныс жасап, пирамидаға қосылуға үгіттейді. Мысалы, бір адамға бастапқыда ақша беріп, оның сеніміне кіреді. Ол кейін «Мен ақша алдым, тиімді екен» деп өзгелерге насихаттайды. Мұндағы ортақ қателік – ақпаратты тексермеу және оның шынайылығын ажырата алмау, – деді Айбар Олжай.
Қазір әлеуметтік желілерде «Банк мақұлдамаса да несие шығарып береміз», «кредит тарихын тазалаймыз» деп жар салатындар көбейді. Осы орайда қаржы сарапшылары кредит тарихын толығымен өшіру мүмкін емес екенін ескертеді. Оның үстіне несие алып беру қызметі заңмен реттелмеген. Кез келген тұлғаның басқа адамға несие алып беруге құқығы жоқ. Заң негізінде несие берумен арнайы лицензиясы бар қаржы ұйымдары ғана айналыса алады.
– Кредиттік рейтингті ешкімнің көмегінсіз-ақ жақсартуға болады. Ол үшін ресми табысты арттырып, қарызды азайтып, барлық төлемді уақытында жасау қажет. Бірақ бұрынғы мәліметтер кредиттік тарихта сақталады. Сондықтан «кредит тарихыңызды өшіріп береміз» немесе «толығымен өзгертіп береміз» деген уәделерге мүлдем сенбеген жөн. Қазір алаяқтар технологияларды өте жетік меңгерген. Олар адамдарды алдаудың түрлі тәсілін ойлап тауып, жаңа схемаларды қолданып жүр. Алаяқтардың мұндай қабілеті, өкінішке қарай, игі мақсатқа жұмсалып жатқан жоқ, – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.
Қаржы сарапшысының айтуынша, алаяқтық жолмен рәсімделген несиені екі жағдайға бөліп қарастыру керек. Егер азаматтың хабарынсыз оның атына несие алынса, ол қарызды өтеу міндетінен босатылуы мүмкін. Ал адам алаяқтардың арбауына түсіп, несиені өз қолымен рәсімдесе, әдетте оның банк алдындағы міндеттемелері сақталады.
– Егер азамат алаяқтың нұсқауымен SMS-кодты айтып қойып, оның атына несие рәсімделсе, заңда қарастырылған қорғану мүмкіндіктері бар. «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 34-бабына сәйкес, азаматты жәбірленуші деп тану туралы қаулы болған жағдайда, несие бойынша төлемдерді алты айға уақытша тоқтатуға мүмкіндік беріледі. Бұл мерзім қылмыскерді анықтап, сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін қажет. Егер осы уақыт ішінде алаяқ табылмаса, жәбірленуші әр алты ай сайын қайта өтініш бере алады. Ал қылмыскер анықталып, сот үкімі шыққан жағдайда, азамат сол шешімді негізге алып, банкке несиені толық есептен шығару туралы өтініш жолдай алады, – деп қорытындылады заңгер Шаһризада Рашитқызы.
Өкініштісі, азаматтар алаяқтық жолмен рәсімделген несие бойынша өзінің қарыз алмағанын дәлелдеуге мәжбүр. Осыған байланысты агенттікке дәлелдеу рәсімін жеңілдету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрадық. Бірақ ведомство бұл бағыттағы жаңа бастамалар туралы мәлімет берген жоқ. Әзірге құзырлы орган тек қолданыстағы заң талаптарын түсіндірумен шектелді.
– Азаматты жәбірленуші деп тану қарыздың автоматты түрде кешірілетінін білдірмейді. Тиісті қаулы банкке түскеннен кейін үш күн ішінде берешекті өндіріп алу, пайыз бен өсімпұл есептеу уақытша тоқтатылады. Егер банк несие беру кезінде заңда белгіленген талаптарды бұзғаны анықталса, қарыз соттан тыс тәртіппен есептен шығарылуы мүмкін. Сондай-ақ банктер алаяқтық жағдайларына ішкі тексеру жүргізуге міндетті. Оның барысында алаяқтықтың мән-жайы, банк қызметкерлерінің әрекеті мен қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұстар анықталады. Тексеру қорытындысы 15 жұмыс күні ішінде дайындалуға тиіс, – деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері.
ТҮЙІН:
Түйіндей келе, сарапшылар бөгде біреуге ақша аударғанда немесе жеке деректерді берер алдында сақ болуға шақырады. Тіпті ең жақын туыстарға сенім білдірудің өзі қауіпті. Цифрлық мүмкіндіктердің артқаны соншалық, енді алаяқтар туысыңыздың атынан телефон соғып, оның дауысы мен бейнесін өзіңізге қарсы қолдана алады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы










