Қаланың жасыл аймақтарын кеңейту, ағаш отырғызу жұмыстарын жүйелі жүргізу, өсімдіктер карантиніне бақылауды күшейту және құрылыс талаптарының сақталуын қамтамасыз ету тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында қалада жасыл белдеуді дамытуға және табиғи ресурстарды қорғауға бағытталған жұмыстар жалғасып келеді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қоршаған ортаны қорғауға тікелей және жанама қатысы бар бірнеше маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау, құрылыс нысандарының белгіленген талаптарға сәйкестігі және күзгі ағаш егу науқанына дайындық мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл инфрақұрылымды дамыту және урбанизация үдерісінің қоршаған ортаға әсерін реттеу тұрғысынан өзара тығыз байланысты.
Жайлы орта, тұрақты даму
Қала аумағындағы жасыл желектің көлемін арттыру – Шымкенттің ұзақмерзімді экологиялық дамуы үшін маңызды міндеттің бірі. Ағаштар мен бұталар қалалық кеңістіктің көркін арттырып қана қоймай, шаңды азайтуға, көмірқышқыл газын сіңіруге, жергілікті микроклиматты реттеуге және тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сондықтан көгалдандыру жұмыстары бірреттік науқанмен шектелмей, жүйелі жоспарлау мен тұрақты күтімді қажет етеді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бекітілген жер учаскелерінің жалпы аумағы 8 772,6 гектарды құрайды. Оның 5 307,7 гектары мемлекеттік орман қорына тиесілі болса, 3 464,9 гектары жасыл белдеу аумағын қамтиды.
Сонымен қатар 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысынан мемлекеттік орман қорының 3 578,57 гектар жері аталған мекеменің балансына берілген.
Шымкентте ағаш отырғызу жұмыстары соңғы жылдары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 2023 жылы 36 гектар аумаққа 60 мың көшет егілсе, 2024 жылы 186 гектарға 130 мың көшет отырғызылған. Ал 2025 жылы 54 гектар жерге 40 мың көшет егілген. Биыл күзде 120 гектар аумаққа тағы 100 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс жоспарланған көлемде жүзеге асса, қаладағы жасыл желек қорын толықтыруға және жасыл белдеудің аумағын дамытуға мүмкіндік береді.
Алайда көгалдандырудың нәтижесін тек егілген көшеттердің санымен өлшеу жеткіліксіз. Ең маңызды көрсеткіштің бірі – олардың жерсіну деңгейі мен бірнеше жылдан кейінгі сақталуы. Климаттық жағдайға бейімделген ағаш түрлерін таңдау, суару жүйесін ұйымдастыру, топырақтың сапасын ескеру және жас көшеттерді тұрақты күтіп-баптау жұмыстың тиімділігін арттырады. Сондықтан күзгі науқанның сапалы өтуі ағаш отырғызумен қатар, кейінгі күтім шараларының дұрыс ұйымдастырылуына да байланысты.
Азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды бөлігі
Қоршаған ортаны қорғау тек ағаш отырғызу және жасыл аймақтарды көбейтумен шектелмейді. Өсімдіктер дүниесін зиянкестерден, карантиндік организмдерден және ауыл шаруашылығы дақылдарына қауіп төндіретін факторлардан қорғау да экологиялық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Қарсыбек Ертуовтің мәліметінше, қалада фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының зертханасында Шымкент аумағынан экспортталатын карантинге жатқызылған 328 237 тонна өнім тексерілген. Зерттеу нәтижесінде 11 889 фитосанитариялық сертификат рәсімделген.
Сонымен бірге қала аумағына импортталатын карантинге жатқызылған өнімдер де бақылаудан өтеді. Мұндай шаралар өсімдіктердің аурулары мен зиянкестерінің таралу қаупін төмендетуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірдің фитосанитариялық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға бағытталған.
Биыл шегірткелердің таралуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 382 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Зиянкестерге қарсы күрес ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға мүмкіндік бергенімен, мұндай жұмыстардың экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес орындалуы да назардан тыс қалмауы керек.
Әсіресе өңдеу аумақтарын нақты белгілеу, препараттарды белгіленген нормаларға сәйкес қолдану және олардың айналадағы өсімдіктерге, топыраққа, су көздеріне ықтимал әсерін бақылау маңызды. Өсімдіктер карантині саласындағы тиімді саясат зиянкестермен күресудің нәтижелілігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарының үйлесіміне негізделуге тиіс.
Құрылыс қарқыны һәм жауапкершілік
Қаланың тұрақты дамуы құрылыс саласының өсуімен қатар жүреді. Алайда жаңа нысандардың салынуы кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы, қала кеңістігінің дұрыс жоспарлануы және қоршаған ортаға түсетін салмақтың ескерілуі ерекше маңызға ие. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов аппараттық кеңесте құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері мен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңа Құрылыс кодексінің талаптары туралы баяндады. Сонымен қатар жаңа нормалардың талаптарына тоқталды.
Басқарма басшысы есепті кезеңде 132 құрылыс нысаны тексеріліп, 314 хаттама толтырылған. Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 78,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Анықталған заңбұзушылықтар қатарында заңсыз құрылыс, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды бұзу және үлестік қатысу саласындағы құқықбұзушылықтар бар. Құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанымен, оның қаланың экологиялық сапасына да қатысы бар. Ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын орналастыру кезінде жасыл аумақтарды сақтау, инженерлік желілерді дұрыс жоспарлау, құрылыс қалдықтарын басқару және қоғамдық кеңістіктердің сапасын қамтамасыз ету маңызды.
Қаланың қарқынды өсуі жағдайында құрылыс сапасына қойылатын талаптарды сақтау ғана емес, табиғи ортаны қорғау мәселелерін де қала құрылысы шешімдерінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажет. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін бағыт.
Осылайша, жасыл белдеуді дамыту, орман қорын кеңейту, өсімдіктер карантиніне бақылау жүргізу және құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуын қадағалау бағыттары бір-бірін толықтырады. Олардың барлығы қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды қорғауға және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Аппараттық кеңес қорытындысында қала әкімі тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге карантиндік және құрылыс талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ күзгі ағаш егу жұмыстарына уақтылы әрі сапалы дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Алдағы кезеңде жоспарланған 100 мың ағаш пен бұтаны отырғызу жұмысының нәтижесі оны ұйымдастыру сапасына, көшеттердің жерсінуіне және кейінгі күтімге байланысты болмақ. Сол сияқты фитосанитариялық бақылау мен құрылыс талаптарының орындалуы да тұрақты мониторингті және жауапты органдардың үйлесімді жұмысын қажет етеді.
Қаланың экологиялық болашағы отырғызылған ағаштардың санымен ғана емес, олардың сақталуымен, табиғи ресурстардың қорғалуымен және тұрғындарға ұсынылатын ортаның сапасымен бағалануға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жасыл белдеуді дамыту мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау Шымкенттің алдағы жылдардағы даму күн тәртібінде маңызды орын алуы қажет.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы









