ARM-BACK – қатысушылар арнайы жабдықта күш сынасатын бейімделген спорт түрі. Спортшылардың міндеті – қол күшінің көмегімен қарсыласын өз жағына тартып алу. Мұндай формат физикалық мүмкіндігі әртүрлі адамдарға күш сынасу жарыстарына қатысуға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар жүлделі орындарды бөлудің дәстүрлі қағидатынан бас тартуды ұйғарды. Бұл күні жеңілгендер болған жоқ, әр қатысушы бірінші дәрежелі диплом мен медаль алды. Дегенмен жарыстың өзі спорттық қағидатқа сай өтті. Балалар өздерінің күш-жігерін, табандылығын және алға қойған мақсатқа жетуге деген ұмтылысын көрсетті.
– Біз әуел бастан барлық қатысушы жеңімпаз болады деп шештік. Біз үшін балалардың физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, спортпен шұғылданып, жарыстарға қатысып, өздерін команданың бір мүшесі ретінде сезінгені маңызды. Әр баланың мінезі де, мүмкіндігі де әртүрлі. Бірақ жеңіске жетуге, қиындықтарды еңсеруге және нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылыс бәрінде бар. Сондықтан біз бұл турнирді жай ғана спорттық жарыс емес, балалардың есінде қалатын ерекше шараға айналдыруға тырыстық, – деді «Жас жауынгер» денешынықтыру-сауықтыру клубының аға жаттықтырушысы Ақжан Нәкенов.
Балаларын жарысқа ертіп келіп, өнер көрсету барысында қолдау білдірген ата-аналарға да ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар көптеген отбасы үшін күнделікті үйреншікті тіршіліктен шығып, өзге қатысушылармен араласуға және баласының жаңа ортада өзін қалай көрсететінін байқауға мүмкіндік береді.
Турнир бағдарламасы тек спорттық жарыстармен шектелген жоқ. Іс-шара барысында қатысушылар шығармашылық нөмірлерді және «Жас жауынгер» клубы тәрбиеленушілерінің көрсетілімдік өнерлерін тамашалады.
Бекбол АМАНГЕЛДІ










