Сондай шаралардың бірі – Астанадағы №6 қалалық емханада ашық есік күні өтті. Әйелдер онколог-маммолог және акушер-гинеколог мамандардан кеңес алып тексерілді. Емхана дәрігері, онкомаммолог Ақтілек Русланованың айтуынша, мұнда күн сайын 30-40 әйел маммографиялық тексеруден өтеді.
– Кейбір әйелдер отбасы мен күнделікті тірлікті бірінші орынға қойып, өз денсаулығын кейінге қалдырады. Уақытылы скринингтен өту ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеу шараларын ертерек бастауға мүмкіндік береді, – деді маман.
Дер кезінде диагностикадан өтудің маңыздылығын Гүлбара Құлышева да жақсы біледі. Ол үшін тұрақты тексеруден өту өз денсаулығына қамқорлық жасаудың үйреншікті дағдысына айналған. Ол дәрігерге баруды кейінге қалдырмай, денсаулығына бейжай қарамауға тырысады.
– Емханада ашық есік күні өтіп жатқанын естіп, тексерілуді ұйғардым. УДЗ-дан өтуді жоспарлап отырмын. Мен денсаулығымды үнемі қадағалап, жыл сайын тексеруден өтіп тұрамын, – деді Гүлбара Құлышева.
Сондай-ақ Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Қошқарата және Күреңбел ауылдарына жылжымалы медициналық кешен барып, 95 адам компьютерлік томографиядан, 92 тұрғын ультрадыбыстық зерттеуден, 34 әйел маммографиядан өтті. Сонымен қатар Байзақ, Жамбыл, Қордай, Сарысу және Мойынқұм аудандарында әйелдермен кездесулер ұйымдастырылды.
Ал Ақмола облысының Көкшетау қаласында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты мен Онколог-маммологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Сүт безінің денсаулығы туралы 5 минут» атты кездесу өтті. Дәрігер-онкомаммолог Қуаныш Ыдырысов аурудың қауіпті факторлары мен алғашқы белгілері туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында да орталық емханада ашық есік күні өтіп, 200-ге жуық әйел гинеколог, маммолог, хирург және басқа да бейінді мамандардан кеңес алды. «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясындағы іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде жалғасады.
Бекбол Амангелді










