Жарыстардағы жоғары нәтижелер
Биыл Шығыс Қазақстан спортшылары халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетті. Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында олар жеңіл атлетика, семсерлесу, ескек слаломы және таэквондодан жүлделі болды. Соның ішінде семсерлесуші Кирилл Проходов командалық есепте алтын, жеке сайыста күміс медаль еншіледі. Ал Нора Джеруто 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден күміс жүлдені қанжығаға байлады.
Өңірдің спорттық әлеуетін семсерлесудегі нәтижелер айқын көрсетіп отыр. Қазір Қазақстан ерлер құрамасының негізгі сапының басым бөлігін, нақты айтқанда 75 пайызын Шығыс Қазақстан спортшылары құрайды. Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Команда әлем және Азия чемпионаттарында жүлделі болып, Қазақстан семсерлесуінің көшбасшы құрамаларының біріне айналды.
Шығыс Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі – спорттық резервті ерте жастан қалыптастыру. 2026 жылы Азия чемпионаттарында аймақ спортшылары 70 медаль жеңіп алса, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы нәтижелер айрықша. Ескек есу, тау шаңғысы, семсерлесу, хоккей және басқа спорт түрлерінде жас спортшылар халықаралық деңгейде тәжірибе жинап келеді.
Бұл үрдіс ауыл спортына да қатысты. «AUYL SPORT – 2026» жобасы арқылы шалғай ауылдардағы 470 бала жеті спорт түріне тартылды. Ал халықтың спорттық ойындарын дамытуға бағытталған XXIV облыстық ойындардың жалпы қамту көрсеткіші аудандық іріктеулерді қоса есептегенде 15 мың адамға жетті.
Балалар хоккейінде де бұқаралық бағыт күшейіп келеді. «Жұлдызша» турниріне жыл сайын 80-100 аула және аудандық команда қатысып, 10-15 жас аралығындағы 1 200-ден астам бала бақ сынайды. Ал «Алтын шайба» мен «Сәулетай» жобалары жыл сайын 3 500-ден астам оқушыны қамтиды.
Биыл Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шығысқазақстандық спортшылар да ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша олар бес алтын және бір қола медаль иеленді.
Әсіресе дәстүрлі садақ атудан және арқан тартудан өнер көрсеткен спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Аяш Қабдоллаева 60 метр қашықтықтағы «Пута» санатында жеңімпаз атанды. Шығыс Қазақстан құрамасы арқан тартудан 8х8 және 4х4 құрамдарында алтын медаль жеңіп алса, Мейір Рахметқалиев 1х1 жеке сайысында бірінші орынға ие болды. Ал Вадим Макарцов стронгмен жарысында үшінші орын алды.
ШҚО әкімі спортшылар және олардың жаттықтырушыларымен кездесіп, жоғары нәтижелерімен құттықтап, Алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар табыстады. Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов Мемлекет басшысының атынан Вадим Макарцовқа есімі жазылған сағат сыйлады.
19 футбол алаңы пайдалануға берілді
Ойын спорттарында да жергілікті спортшыларға басымдық беріліп отыр. Өскемендік «Торпедо» хоккей клубы биыл Қазақстан Кубогын жеңіп, финалда «Сарыарқаны» 8:2 есебімен ұтты. Хоккейдегі резервті дайындау жұмысы облыстың бірнеше қаласы мен ауданында жүргізіледі. Бүгінде өңірдегі хоккей секцияларында 644 бала жаттығады.
Футбол мен волейболдың инфрақұрылымы да жаңарып келеді. «Восток» стадионы Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкестендіріліп жатыр. Жобаның бір бөлігіне бюджеттен қаражат бөлінсе, стадионның жарықтандыру жүйесі инвестор қаражаты есебінен орнатылған. Аудандарда 19 футбол алаңы салынды. Ал облыс орталығында ұлттық құрамаларға дайындық жүргізуге мүмкіндік беретін Волейбол орталығының құрылысы жалғасуда.
Спорт инфрақұрылымын дамыту тек облыс орталығымен шектелмейді. Биыл Ақжар және Таврия ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Өскеменде тау шаңғысы базасы іске қосылды. Айнабұлақ, Жарсу, Көкбастау ауылдарында спорттық модульдер орнатылып, аудандарда 19 футбол алаңы пайдалануға берілді. Қазір ауылдарда тағы бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
«Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Біздің міндет – ауыл балаларына да қаладағыдай спортпен айналысуға мүмкіндік беру. Ол үшін қолда бар нысандарды тиімді пайдаланып қана қоймай, олардың материалдық-техникалық базасын тұрақты түрде жақсарту қажет. Жас спортшыларға жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту және балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру бағытынды жұмысты жалғастырамыз», – дейді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Халықаралық додалар өтті
Бұқаралық спорттың ауқымы да кеңейіп келеді. Биыл Шығыс Қазақстанда 139 республикалық және екі халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Өскеменде өткен халықаралық шахмат турниріне 16 елден 200-ге жуық шахматшы қатысса, Ольга Рыпакова жүлдесіне арналған халықаралық жеңіл атлетика турниріне 120-ға жуық спортшы жиналды.
Ал «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық этноспорттық шарасы ұлттық спорттың халықаралық деңгейдегі алаңына айналмақ. Құсбегілік бойынша I Азия кубогына тоғыз елден өкілдер келіп, шараны бес мыңнан астам көрермен тамашалайтын болады.
Спорттың әлеуметтік бағыты да назардан тыс қалмайды. Қазан айындағы мәлімет бойынша, облыста 59 мыңнан астам бала мен жасөспірім спортпен жүйелі түрде айналысады. Оның 22,8 мыңы ауылда тұрады. Сонымен қатар инклюзивті спортпен 4 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам қамтылған.
Осы көрсеткіштер Шығыс Қазақстандағы спорт саласының жетістіктері тек кәсіби спортшылардың нәтижесімен өлшенбейтінін көрсетеді. Бір жағынан, өңірден ұлттық құрамаға спортшылар дайындалып, халықаралық ареналарда жүлде алып жатыр. Екінші жағынан, балалар мен ауыл жастарына арналған спорттық орта қалыптасып, жаңа нысандар салынып, бұқаралық спорттың ауқымы кеңейіп келеді. Алдағы міндет – осы жүйелі жұмысты ары қарай жалғастыру және халықаралық аренада нәтиже көрсететін спортшылардың жаңа буынын қалыптастыру.








