Кездесуде белгіленген басымдықтар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық даму бағытымен де сабақтас. Өйткені ЕҰУ үшін Германиямен байланыс бір ғана келісім немесе академиялық алмасу форматы емес, білім мен ғылымды қатар дамытатын ұзақмерзімді серіктестікке айналып келеді.
Ендігі міндет – халықаралық тәжірибені Қазақстанның өзіне әкелу, бірлескен бағдарламалар мен зерттеу орталарын қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда Германиямен ынтымақтастықтың келесі кезеңі қос дипломды бағдарламалар, бірлескен зерттеулер, академиялық ұтқырлық және технология трансферімен тікелей байланысты. Бұл бағыт ЕҰУ-дың даму стратегиясымен де үндеседі.
«Германиямен ынтымақтастықты біз тек студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы ретінде қарастырмаймыз. Бүгінгі кезеңде халықаралық серіктестіктің мазмұны әлдеқайда кең болуы керек. Бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеулер, тағылымдамалар, шетелдік профессорларды оқу үдерісіне тарту – мұның бәрі университеттің ғылыми әлеуетін күшейтетін маңызды бағыттар. Біз Германияның озық академиялық тәжірибесін Қазақстанның білім беру кеңістігіне енгізумен қатар, ЕҰУ-дың ғылыми мүмкіндіктерін халықаралық әріптестерге ұсынуға мүдделіміз. Сондықтан біздің мақсатымыз – дайын тәжірибені қабылдау ғана емес, жаңа білім мен ғылыми жобаларды серіктестермен бірге қалыптастыру», – дейді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Бұл ұстаным ЕҰУ-дың кейінгі жылдардағы халықаралық қызметінен де көрінеді. 2025 жылғы университеттің жылдық есебінде шетелдік жоғары оқу орындарымен жасалған келісімдер саны 433-ке жеткені, университетте 2 355 шетелдік студент білім алғаны көрсетілді. Сол жылы ЕҰУ ғалымдары 316 ғылыми жобаны жүзеге асырған, оның 1,9 млрд теңгесі коммерцияландыруға бағытталған жобалардың үлесіне тиесілі болған. Университетте 9 халықаралық жоба іске асырылып, 10 шағын инновациялық өндіріс пен 6 студенттік стартап құрылған.
ЕҰУ-дың Германиямен ғылыми байланысы нақты зерттеу жобаларымен де толықтырылып келеді. 2025 жылы университет ғалымдары Нюрнбергте өткен ғылыми семинарға қатысып, Қазақстандағы немістер тарихына қатысты архивтік құжаттарды ұсынды. Сол жылы ЕҰУ мен Нюрнберг техникалық университеті халықаралық SOLID жобасының екінші кезеңін іске қосуға бағытталған меморандумға қол қойды. Жоба ғылыми алмасуды, кәсіби біліктілікті арттыруды және әлеуметтік саладағы ұйымдардың әлеуетін күшейтуді көздейді әрі Германияның DAAD қызметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігі тарапынан қолдау тапқан.
ЕҰУ үшін Германиямен серіктестіктің тағы бір маңызды саласы – климат және тұрақты даму. 2025 жылы университетте Германияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Eurasian Climate Talks жазғы мектебі ұйымдастырылды. Бағдарламаға Қазақстаннан және шетелден студенттер, магистранттар, жас зерттеушілер мен оқытушылар қатысып, климаттың өзгеруі, биоалуантүрлілік, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
«Қазір университеттердің алдында тұрған міндет – тек білім беру емес, қоғам мен мемлекетке қажет ғылыми шешімдерді қалыптастыру. Климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, тұрақты даму секілді мәселелер бір ғана елдің немесе бір ғана ғылыми орталықтың шеңберінде шешілмейді. Сондықтан біз Германиядағы әріптестерімізбен бірге ғылыми ресурстарды, мамандардың тәжірибесін және зерттеу мүмкіндіктерін біріктіруге мүдделіміз. Мұндай жобалар студенттер мен жас ғалымдарға халықаралық ғылыми ортаға шығуға, өз зерттеулерін жаңа қырынан дамытуға мүмкіндік береді», – дейді университет ректоры.
Қазақстан мен Германия арасындағы жаңа серіктестіктің ең перспективалы бағыттарының бірі – ғылымды технологиямен ұштастыру. Мемлекет басшысы Германияның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларымен кездесуде технология трансферіне, инженерлік зертханаларға және Индустрия 4.0 шешімдеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыт ЕҰУ үшін де маңызды. Университет 2025-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация бағдарламасын іске асырып жатыр. Ректор Ерлан Сыдықовтың жылдық есебінде университетте студенттер мен оқытушыларға арналған ондаған цифрлық сервис іске қосылғаны, сондай-ақ AI-Sana бағдарламасы аясында 24 мың адамның жасанды интеллект бойынша курстан өткені айтылды.
«ЕҰУ үшін халықаралық ынтымақтастықтың келесі кезеңі – ғылыми әлеуетті нақты нәтижеге айналдыру. Германияның ғылыми мектебі, технологиялық тәжірибесі мен қолданбалы зерттеу дәстүрі біз үшін маңызды. Өз кезегімізде Қазақстанның жас ғалымдары мен студенттерінің жаңа технологияларға деген қызығушылығын, университетімізде қалыптасып келе жатқан зерттеу және инновациялық жобаларды халықаралық әріптестерге ұсына аламыз», – дейді Ерлан Сыдықов.
Ендігі міндет – бұрыннан қалыптасқан серіктестікті нақты жобалармен толықтырып, университеттер арасындағы байланысты ғылым, технология және экономикаға қажет нәтижелерге айналдыру. Бұл тұрғыдан алғанда, ЕҰУ-дың халықаралық ғылыми-білім кеңістігіндегі белсенділігі Қазақстан мен Германия арасындағы жаңа ынтымақтастық моделінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ









