Қызылордада «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» тұжырымдамасы аясында «Өмір тәжірибесі» жобасы бастау алды , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоба аясында партияның белсенді жастары мен мүшелері техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен жүздесті.
Еркін форматта өткен жүздесуде жастар академикке ғылымдағы жолы, ұстаздық қызметі, басқару тәжірибесі және қоғамдық жұмысы туралы сұрақтарын қойып, өмірлік ұстанымдарына қатысты пікір алмасты.
Жиынды «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жүргізді.
«Өмір тәжірибесі» жобасының негізгі мақсаты – аға буынның жинаған білімін, кәсіби тәжірибесін және өмірлік ұстанымдарын жастарға жеткізу. «Әділет» партиясы үшін ұрпақтар сабақтастығы – жай ғана құндылық емес, қоғамның дамуына қажет маңызды негіз. Біз жастарды тек тыңдаушы ретінде емес, тәжірибені қабылдап, оны жаңа идеялармен жалғастыратын буын ретінде көреміз. Сондықтан осындай жүздесулер арқылы жастар мен қоғамға еңбегі сіңген тұлғалар арасында ашық диалог орнатуға мән береміз, – деді Жандос Базартай.
Жалпы, Қылышбай Бисеновтің еңбек жолы оқытушылық қызметтен басталып, университет ректорлығына дейін жалғасты. Академик саналы ғұмырында ғылым мен білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдегі жоғары білімнің дамуына елеулі үлес қоса білді. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де қоғамдық-саяси қызмет атқарып, елдік мәселелерге араласты.
Кездесу барысында академик өміріндегі маңызды кезеңдерге тоқталып, кәсіби жолды таңдаудағы ұстанымдары, ғылыммен айналысудың жауапкершілігі, ұстаздық қызметтің маңызы және жастардың ізденісі туралы ойларын ортаға салды.
«Адамның өмір жолында ең маңыздысы – өзің таңдаған іске адал болу. Ғылымда да, білімде де нәтижеге бір күнде жету мүмкін емес. Үнемі іздену, еңбек ету және өз ісіңе жауапкершілікпен қарау қажет. Жастардың сұрақ қойғаны қуантады. Себебі сұрақ бар жерде ізденіс бар. Ал ізденіс адамды алға жетелейді», – деді Қылышбай Бисенов.
Академик кәсіби жетістікке жетудің бір ғана жолы болмайтынына тоқталып, өзінің еңбек жолынан нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, адам қай салада қызмет етсе де, білімін жетілдіруі мен жаңа бастамаларға ұмтылуын тоқтатпауы тиіс.
Сондай-ақ ғылым мен білімнен бөлек, елге қызмет ету, азаматтық жауапкершілік және қоғам алдындағы міндет туралы сөз қозғалды. Бұл тұрғыда академиктің ғалымдық және ұстаздық қызметін қоғамдық жұмыспен ұштастыра білуі осы ұстанымдардың өзара сабақтастығын көрсетеді.
Жүздесудің тағы бір бөлігі академиктің ғылыми еңбектеріне арналды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде жастар Қылышбай Бисеновтің авторлық еңбектерімен танысып, ғалымның көпжылдық ғылыми ізденістерінің нәтижесін көрді.
Негізі «Өмір тәжірибесі» жобасының мәні аға буынның жүріп өткен жолын кейінгі ұрпаққа таныстырып қана қоймай, сол тәжірибеден тағылым алуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда академиктің еңбек жолы – білім мен ғылымға адалдықтың, табанды еңбектің және елге қызмет етудің нақты үлгісін көрсетті. Сонымен қатар білім мен ғылым жолында тер төккен тұлғамен тікелей жүздесу жастарға өткенді танумен қатар, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік берді.










