Ұлттық құрама капитаны 90 келіден жоғары салмақтың финалында өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Айта кетейік, қарсыластар бір-бірімен жақсы таныс. Беделді жарыстарда осымен төртінші рет кездесіп отыр. Ақтық бәсекеге капитан ретінде барын салғанын айтқан капитан бұл кездесуге қалай дайындалғанын да айтып берді.
– Азия ойындары басталғалы бері бір-бірімізге тыңғылықты дайындалдық. Өйткені финалда жолығатынымызды екеуміз де білдік. Өзбекстандық боксшы да әлем чемпионатында кеткен есесін қайтаруды көздеді. Екі күн демалғаннан кейін шаршы алаңға қайта үйренісу оңай болмады. Соған қарамастан, бәрі ойдағыдай өтті. Бапкерлерімнің көмегімен жекпе-жекке тактикалық тұрғыдан жақсы дайындалдық. Соның нәтижесінде жеңіске жеттік деп ойлаймын. Барша қазақ жанкүйеріне қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Сондай-ақ федерациямызға және осы жетістікке жету жолында көмектескен барша жанға көп рақмет, – деді Айбек Оралбай.
Ал Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жекте Төрехан сәуірде Моңғолия астанасында өткен Азия чемпионатының финалындағы жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Сол кезде де екеуі шешуші сәтте жолығып, жеңіс қарсылас пайдасына шешілген еді.
Осымен боксшыларымыз Азия ойындарын тәмамдады. Әуелде ел атынан алты жігіт және бес қыз – барлығы 11 боксшымыз қатысқан болатын. Солардың ішінде екі алтыннан бөлек қола жүлдегерлер қатарында Алуа Балқыбекова (51 келі), Наталья Богданова (75 келі) және Махмұт Сабырхан (55 келі) бар.
Айта кетерлік және бір жайт, Қазақстан бокс федерациясы осы ойындардағы Махмұт Сабырхан мен Наталья Богданованың жартылай финалдық жекпе-жектерінің нәтижелерімен келіспейтінін мәлімдеді. Сөйтіп, ұйымдастырушыларға және Азия конфедерациясы мен World Boxing ұйымына да шағым түсірген. Айта кетейік, Махмұт 55 келіге дейінгі салмақта Филиппин боксшысы Карло Пааламнан, ал Наталья 75 келіде үндістандық Ловлина Боргохаиннен жеңілген еді. Дегенмен регламент бойынша бокс нәтижесі қайта қаралмайды, тек келесі жарыстарда сол төрешілер тағайындалмауы мүмкін.
Таеквондодан да тамаша табыс бар. Батырхан Төлеуғали 80 келіде қола алса, 58 келіге дейін сынға түскен тағы бір отандасымыз Тамирлан Тілеулес Филиппин өкілі Курт Брайан Барбосаны екі кезеңде де айқын ұтып, Азиада алтынын иеленді. Еркін күрес шебері Едіге Қасымбек 125 келіге дейінгі белдесуде қарсыласын жеңіп, қола жүлдегер болды. Бұған дейін Начын Куулар да 65 келіге дейінгі салмақта қола алған. Сондай-ақ әйелдер күресінен 50 келіде кілемге шыққан Зейнеп Баянова да үндістандық қарсыласын ұтып, осындай олжаға кенелді.
Қазақстан құрамасының өкілі Рита Бакишева виртуалды таеквондодан қола медаль жеңіп алды. Финалға шығу үшін өткен жекпе-жекте Рита Филиппин өкілі Джус Габриэль Дерик Япемен кездесіп, 0:2 есебімен жол берді. Айта кетейік, виртуалды таеквондо Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл спорт түрінде қатысушылар VR технологияларын пайдаланып сайысқа түседі. Спортшылардың қимыл-қозғалысын арнайы датчиктер тіркеп, виртуалды кеңістікке көшіреді. Ал қарсыластар арасында тікелей физикалық байланыс болмайды.
Велошабандозымыз Рината Сұлтанова омниум сайысынан күміс жүлдегер атанды. Тректегі велоспорттан өткен төрт кезеңнің қорытындысы бойынша отандасымыз 133 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Ол бұған дейін тасжолдағы жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алған болатын. Ал құзға өрмелеуші Дамир Тоқтаров қола жүлдегер атанды. «Жылдамдық» сайысының финалында отандасымыз 7,342 секунд уақыт нәтижесін көрсетіп, үшінші орынға ие болды.
Дзюдошылар да біршама күміс пен қола әкелді. Ұлттық құрама өкілдері Екатерина Токарева (78 келі) мен Ажар Асхат (70 келі) қола мен күміс жүлде алды. Бұған дейін Әбиба Әбужақынова (48 келіге дейін), Елдос Сметов (60 келіге дейін), Әділет Алмат (81 келіге дейін) күміс алса, Эсмигүл Куюлова 63 келіге дейінгі салмақта қола еншілеген еді. Джиу-джитсу шебері Сейілхан Болатбек 77 келіде қола жеңіп алды. Бұған дейін Жібек Құлымбетова 48 келіде қола және Нұржан Батырбеков 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер болған.
Сондай-ақ қазақстандық джитсер Нұржан Батырбеков 69 келіге дейінгі салмақтың финалында БАӘ өкілі Ахмед Андизбен жолығып, қарсыласына 2:0 есебімен жол берді. Ал теннисші Юлия Путинцева қола жүлдегер атанды. Ол әйелдер арасындағы жекелей сында жартылай финалда Қытай теннисшісі Чжан Шуайдан ұтылып қалды. Сонымен қатар Анна Данилина екеуі жұптық сында да қола жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір қола слаломды есуден келді. Екатерина Таранцева әйелдер арасындағы бірлік-байдарка жарысының финалында өнер көрсетіп, қашықтықты 112,23 секундта бағындырып, үшінші орын алды.
Ерекше жаңалық әкелгендердің бірі қазақстандық шпагашылар болды. Командалық жарыстың финалында Қазақстан Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Команда сапында Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертайлардың өнер көрсеткенін айта кетейік. Маусым барысында ұлттық құрама сапында Никита Жулинский де ел намысын қорғады.
Бұл жеңістің екі бірдей ерекше қыры бар. Қазақстан семсерлесуден Азиададағы командалық жарыста 24 жылдан кейін алғаш рет жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Бұған дейін ұлттық құрама 2002 жылы Пусанда өткен Азиадада чемпион атанған еді. Екінші жағынан, семсерлесуден ерлер құрамамыз бір маусым ішінде осымен үш бірдей ірі командалық жарыста чемпион атанып отыр. Қазақстан семсерлесу федерациясының мәліметінше, бұған дейін ерлер арасында ешбір құрама бір жылдың ішінде құрлық чемпионатында, әлем біріншілігінде және құрлықтық ойындарда жеңіске жетпеген. Ал ел құрамасы осының алдында маусымда Делиде өткен Азия чемпионатында топ жарған еді. Арада бір ай өткен соң ел тарихында тұңғыш рет Гонконгта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Ербол ТҰРЫМБЕТ









