Құрманғазы аудандық тарихи-өлкетану мұражайының негізін қалап, туған өлкенің өткені мен құнды мұрасын жинақтауға ерекше еңбек сіңірді. Сондықтан қолына түскен әрбір көне құжатты көздің қарашығындай сақтап, ел аузындағы әрбір деректің қадіріне жетуге тырысты. Кеше мен бүгіннің арасын жалғайтын сол жіңішке жіп үзіліп қалмасын деп ғұмыр бойы ізденді.
Ұстаздан қалған ұлағат
Зариф Бектенұлы 1926 жылы дүниеге келген. Оның тарихқа, сөзге, шежіреге жақындығы өскен ортасынан бастау алғандай. Әкесі Бектен – зерделі, сөзге шешен, естігенін ұмытпайтын, қара сөз бен өлеңді нақышына келтіріп айтатын жан болған. Адалдықты ту етіп, шындықты биік қойған әкенің әрбір әңгімесі бала Зарифтің санасына із қалдырды. Ал анасы Рысты бес перзентті тәрбиелеп өсірген сабырлы, мейірімді жан еді. Бұл әулетте білімнің орны бөлек болды. Бірі ұстаз, бірі ғалым болып, ағайындылардың әрқайсысы білім мен ғылымға жол салды. Осындай ортада өскен Зарифтің де өмірлік серігі кітап пен қалам болуы заңды еді.
Бірақ оның балалық шағының соңғы кезеңі ел басына күн туған ауыр уақытпен тұспа-тұс келді. 1942 жылы 9-сыныпты тәмамдаған бозбала тұрмыс тауқыметін ерте сезініп, еңбекке араласты. Ауылдық кеңесте қызмет істеді, аудан көлеміндегі жазу-сызу жұмыстарына көмектесті. 1947-1951 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп, Совгаван қаласында бөлімше писарі әрі бухгалтер міндетін атқарды. Құжат пен есепке жауапты болған бұл қызмет оның тиянақтылығы мен ұқыптылығын одан әрі шыңдай түсті. Әскерден оралғаннан кейін де білімге деген талабын тоқтатпады. Кешкі мектепте оқуын жалғастыра жүріп, түрлі мекемеде еңбек етті. 1954 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, оны 1958 жылы тәмамдады. Жоғары білім алған жас маман алғашқы ұстаздық жолын Сафон елді мекеніндегі Фридрих Энгельс атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастады.
Ұстаздықтың алғашқы жылдарынан-ақ ол тарихты оқулықтағы дайын деректермен шектемей, шәкіртті өткенге үңілуге, деректі салыстырып, одан қорытынды шығаруға баулуға мән берді. Сөйтіп, бала күнінде үлкендерден естіген шежіреге құлақ түріп өскен Зариф Бектенұлы енді тарихты кәсіби тұрғыдан танып, зерттеуге бет бұрды. Кейін бұл қызығушылық туған өлкенің өткенін түгендеуге арналған үлкен ізденіске ұласты.
Бір кездері аудан орталығындағы Ломоносов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Зариф Бектенұлы өзі жетекшілік еткен «Қызыл ізшілер» тобының алдына үлкен мақсат қойды. Содан бастап оқушыларымен бірге ауыл-ауылды аралап, ел аузындағы әңгімелерді жинауға, тарихи оқиғалардың ізін іздеуге кірісті. «Әкелер даңқы жолымен» атты арнайы бағыт жасалып, туған жер шежіресін түгендеудің үлкен жұмысы басталды. Ол кезде Зариф Бектенұлы қолға алған істің болашақта тұтас ауданның рухани қазынасына айналарын кім білген?!
1971 жылы аудан басшылығы жиналған мұраның мән-маңызын ескеріп, мәдениет үйінен арнайы орын бөлді. Осылайша, мектептің шағын бөлмесіндегі өлкетану бұрышы аудандық мәдени кеңістікке көшті. Ал 1974 жылы оған «Халық мұражайы» атағы берілді. Бүгінгі өлшеммен қарасақ, «музей құрды» деген бірауыз сөзбен түйіндеуге болатын шаруа секілді. Бірақ сол екі сөздің ар жағында қаншама жол, қаншама архив, қаншама ізденіс жатыр. 1963-1977 жылдар аралығында Зариф Бектенұлы Қазақстан мен Ресейдің оннан астам қаласына сапар шегіп, тарихи материалдар жинады. Астрахань мен Гурьев архивтерін ақтарды. Ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімесін тыңдады. Қолға түскен әрбір құжатты салыстырып, деректің ақиқатына жетуге тырысты. Осы жылдары қазақ және орыс тілдерінде жүзден астам мақала жариялады.
Тарихты тағылым тұтқан
Зариф Бектенұлы үшін ұстаздық тек сабақ кестесімен өлшенетін қызмет болған жоқ. Ол өзі іздеп тапқан тарихи деректің мектеп партасына жетіп, шәкірт санасына сіңгенін қалады. Сондықтан архивтен жинаған материалдарын жеке қорында сақтап қоюмен шектелмей, оны тарих пен қоғамтану сабақтарында пайдаланудың жолдарын қарастырды. Ұзақ ізденістің нәтижесінде «Тарих және қоғамтану сабақтарында тарихи-өлкетануға қатысты деректерді пайдалану тәжірибемнен» атты еңбек дайындап, педагогикалық оқуларға ұсынды. Бұл оның өлкетануды зерттеу нысаны ретінде ғана емес, балаға тарихты танытудың бір тәсілі ретінде қарастырғанын аңғартады.
1963 жылдың 6 қыркүйегінен бастап мектептегі Тарих-өлкетану үйірмесіне жетекшілік еткен ол оқушыларын да осы ізденіске араластырды. Балалар үлкендердің әңгімесін жазып алып, көне дүниелерді іздеді, туған жердегі тарихи оқиғалар туралы деректер жинады. Зариф Бектенұлының педагог ретіндегі ерекшелігі де осында еді. Ол балаға дайын мәліметті айтып берумен шектелмей, деректі іздеуге, салыстыруға, оның ақиқатына көз жеткізуге үйретті. Ұстаз бен шәкірттің бірлесе ізденуі нәтижесінде жиналған материалдардың ауқымы да кеңейе түсті. Музей қорынан азамат соғысы жылдарынан бастап ауданның ағарту ісіне дейінгі сан алуан дерек орын алды. Ганюшкино селосында 1895 жылы ашылған алғашқы екі кластық орыс-қырғыз училищесі, Сейтқали Меңдешевтің 1903-1907 жылдары осы жерде бала оқытқаны жөніндегі мәліметтер де хатқа түсті.
Тарихи құжаттар мен сол оқиғаны көзімен көрген адамдардың әңгімесі негізінде салынған мәскеулік суретші Н.Садюковтың «1919 жылғы ноябрьде ақгвардияшылардың Ганюшкино селосында талқандалуы» атты көлемді картинасының музейге жеткізілуі де осы ізденістің бір жемісі еді. Сондықтан Зариф Бектенұлының ұстаздығы мен өлкетанушылығын бір-бірінен бөліп қарау қиын. Бір жағынан, ол өткеннің дерегін іздеді, екінші жағынан, сол деректі келер ұрпаққа жеткізудің жолын қарастырды. Ұстаз еңбегінің ең үлкен нәтижесі де, бәлкім, осы шығар.
Әулеттің алтын діңгегі
Зариф Бектенұлының өмір жолы мен өлкетану саласындағы ұзақ жылғы еңбегін сөз еткенде, оның жанынан табылып, бар ауыртпалықты бірге көтерген жары Қазира Бисұлтанқызы туралы айтпау мүмкін емес. Өйткені бір адамның үлкен іске алаңсыз берілуінің ар жағында көбіне отбасының түсіністігі мен қолдауы тұрады. Зариф Бектенұлы үшін сондай сенімді серік Қазира апай еді. Қарапайым шаруа отбасында өскен Қазираның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол мал бағып, егін егіп, балық аулауға көмектесті. 1943 жылы құрбы-құрдастарымен бірге «Қазақстан пионері» танк колоннасына қаржы жинауға атсалысты. Теңіз ауданы пионерлерінің бұл еңбегі еленіп, Қазираға да бас қолбасшы И.Сталиннің Алғысхаты табысталды.
Ұстаз болуды армандаған Қазира педагогикалық училищеде білім алып, ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Әріптестері оны әр баланың жан дүниесіне жол таба білетін сабырлы педагог ретінде еске алады. Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибесі негізінде ұйымдастырылған эксперименттік сыныпта шалғайдағы малшы балаларының білім алуына, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесті. Қырықтан астам баланың сабағы мен тұрмысына қамқор болып, еңбегі үшін «Оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, Құрмет грамоталары және Алғысхаттармен марапатталды.
1951 жылы Зариф Бектенұлымен шаңырақ көтеріп, жарты ғасырдан астам тату ғұмыр кешті. Жары табысының елеулі бөлігін тарихи құжаттар мен жәдігерлер жинауға, архивтерді аралауға жұмсағанда, Қазира апай оның ісінің маңызын түсініп, үй ішінің жауапкершілігін өз мойнына алды. Ата-енесі, бес баласы бар, қонағы үзілмейтін шаңырақтың тіршілігі он жылдан астам уақыт негізінен оның мұғалімдік еңбекақысына сүйенді. Соған қарамастан, тұрмыс қиындығын жарының ізденісіне тосқауыл етпей, бала тәрбиесі мен үлкендердің күтімін қатар алып жүрді. Осы сабырына сүйсінгендердің бірі Зариф Бектенұлына: «Зәке, мен жеңгеме басымды иемін. Оның орнында басқа адам болса, қолыңызға бір шабадан ұстатып, үйден шығарып жіберер еді», – деп әзіл-шыны аралас айтқан екен. Ал Зарифтің үлкен әпкесі Жамалдың Қазираны «екінші анамыз» деуі оның әулетке сіңірген еңбегін аңғартса керек. Ардагер ұстаздың жарына арнаған өлеңдері мүлде басқа қырынан көрінеді. Елу жылдан астам ғұмырын бірге өткізген жарына жазылған жырлар, алыс жүргенде жолдаған өлең-хаттар – сол заманның адамдық қарым-қатынасын аңғартатын қымбат мұра. Ауруханада жатқанында көңілі босап келген Қазира апайды жұбатып, қайрат беретін сөзін де өлеңге айналдырған.
Туған жерге аманат
Зариф Бектенұлы тарихты жинап қана қойған жоқ, оны жазды. «Ол жылдар даңқы өшпейді», «Қанды шайқас жылдарында», «Сан жылдардың шежіресі», «Мұражай – ауыл шежіресі», «Археологиялық қазбалар сыры», «Бұл оқиға Ганюшкин маңында болған еді», «Туған өлкеңді біл», «Ағарту саласының алғашқылары», «Отты жылдардың шежіресі» сынды әр жылдары жарық көрген мақалаларына көз жүгіртіп, туған жер тарихының қаншалықты кең ауқымда зерттелгенін байқауымызға болады. Соғыс жылдары, археология, ағарту ісі, ел ішіндегі тұлғалар – ешқайсысы өлкетанушы назарынан тыс қалмады.
Зариф Бектенұлының «Ерлік – біздің еншіміз», «Әкеммен сырласу» секілді өлеңдерінде елдік рух пен туған жерге сүйіспеншілікті, әке алдындағы перзенттік сезімді жырға қосты. Білім беру саласының ардагері өмір бойы өзінен бұрын өткен адамдардың есімін жаңғыртып, жоғалған деректерді түгендеп жүрді. Көнекөз қариялардан естігенін қағазға түсірді. Архивтен табылған дүниені елге жеткізді. Шәкірттеріне туған жердің әр уыс топырағында тарих жатқанын ұқтырды. 2017 жылдың 6 қыркүйегінде Зариф Бектенұлының есімімен мұражай ашылып, мемориалдық тақта орнатылды. Сол күні ол туралы жазылған «Аманат-Арман» естелік кітабының тұсауы да кесілді.
Адам ғұмырының бағасы жасаған ісінің көптігімен емес, кейінгіге қалдырған ізінің тереңдігімен өлшенсе керек. Зариф Бектенұлының ізі – туған өлкенің шежіресінде. Ол жоғалуға айналған деректі жинады, ұмытыла бастаған есімдерді жаңғыртты, кейінгі буынға өткенін танып, тарихын қастерлеудің үлгісін көрсетті. Сондықтан оның артында қалған ең үлкен мұра – өзі құрған мұражай ғана емес. Ең үлкен мұра – туған жердің тарихына немқұрайды қарамау керек деген аманат.
Инабат АРМАНҚЫЗЫ









