Бүкіл шығармасын бала кезден сүйіп оқып өскендіктен, жазушымен кездескенде кейіпкерлері туралы көп сұрақ қойғанымыз есімде. Қарапайым сөйлеммен-ақ адам жанының тұңғиығына бойлай кететін ерекше қасиеті бар қаламгердің тереңдігі таңғалдырған. Одан бері де жиырма жылдай уақыт өтіпті. Жазушының «Менің қарындасым» дейтін әңгімесі оқырман қауымға жақсы таныс. Біз бүгін Мұратбековтер отбасының кенжесі, қарындасы Майра Мұратбековамен қаламгер туралы сыр шерттік.
«Мағрипа әпкемнің бейнесін сомдады»
– Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесі арқылы әдебиетке келгенін білеміз. Ал бүгін біз қаламгер туралы қарындасынан сыр тартқымыз келіп отыр. Сайын аға туралы еске алғанда, ойға не оралады?
– Ағаны есіме алғанда, ең алдымен оның мейірімге толы жүзі, жылы жымиып отыратын қалпы көз алдыма келеді. Иә, ең алғашқы әңгімесі – «Менің қарындасым». Бұл шығармада «қарындасым» деп жаза отырып, жалпы қазақ қыздарының бойындағы шынайылықты, инабаттылықты, әдептілікті, кішіпейілдікті көрсетеді. Аға жүрегі жомарт, танымы кең, байыпты, елжанды адам еді. Менің жадымда дәл сондай қалпында сақталып қал
– Сайын ағаның шығармаларының әр үзігі сізге жақсы таныс шығар. Дегенмен аға туындыларын оқығанда өзіңізге таныс адамдарды, туған ауылдың мінезін, бала күнгі оқиғаларды кездестіретін сәттеріңіз бола ма? «Мынау біздің өмірімізден алынған ғой» деген эпизоды есіңізде ме?
– Әрине. Ағаның шығармаларын оқығанда, кейіпкерлерінің прототиптері өзіміздің ауылдың адамдары екенін бірден аңғарамыз. Сайын аға дүниеге келгенде, әкеміз: «Баламның атын Сайын деп қоямын, Ер Сайын сияқты нағыз азамат болсын», – деп ырымдаған екен. Сайын ағамыздың әңгімелерінде ауыл өмірі, ауылдағы адамдардың көрген қиыншылықтары мен қуаныштары, адалдықтары, шынайы махаббаттары, өмірге деген құлшыныстары суреттеледі. Бұл адамдардың көпшілігі – ағаның өзі туып-өскен ауылдың адамдары. Біз де сол ауылда өстік. Кейде ағамның шығармаларын оқып отырып, өзім де сол ауылдың ішінде, сол адамдардың ортасында жүргендей күй кешемін. Тіпті өзімді де сол әңгімелердің бір кейіпкеріндей сезінетін кездерім болады. Мысалы, «Жусан иісіндегі» Аян, «Үшқараның басында» шығармасындағы кейіпкерлер, Зағипа және басқа да образдардың ар жағында бізге таныс адамдар тұр. Олардың көбі – өзімізбен бірге өмір сүрген, күнделікті көріп жүрген ауыл адамдары. Біз солардың ортасында өстік.
– Қаламгердің балалық шағы қалай өтті? Білуімізше, жазушы көп- балалы отбасында дүниеге келген. Арасында әдебиетке құмары Сайын аға ғана болды ма?
– Біз жеті ағайындымыз. Үлкеніміз – Сайын аға. Біздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз бен бауырмалдығымыз – бала кезімізден бойымызға сіңген қасиет. Отбасымызда ағадан басқа жазушы да, ақын да болған жоқ. Бірақ бәріміз әдебиетті жас күнімізден сүйіп өстік. Әкеміз әдебиетке жақын адам еді. Кезінде төте (арабша) жазуды меңгерген, батырлар жырын, қиссаларды жатқа айтатын, өзі де аздап өлең жазатын кісі болған. Соның әсері болар, үлкен әпкем де, мен де ҚазМУ-дың филология факультетін бітірдік. Сондықтан біздің үйде әдебиетке, кітапқа деген ықылас әрдайым ерекше болатын.
– Ағаңыз әке-шешесі туралы, бауырлары туралы шығармаларында арқау етті ме?
– Ағамның әке-шешесі туралы жазған шығармасы жоқ. Бірақ Мағрипа әпкеміз туралы жазғаны бар. Ол кісі ағадан төрт жас кіші, тетелес өскен ғой. «Менің қарындасымның» кейіпкері – сол әпкеміз. Әрине, шығармадағыдай өмірі жоқ, бірақ мінез-құлқы, сыпайы болмысы, кішіпейілдігі әңгіменің өн бойынан сезіліп тұрады.
«Балаларға ерекше мейірімді еді»
– Қаламгердің әңгімелерінде ауылдың тіршілігі, адамдарының мінезі, табиғаты сондай бір сағынышпен суреттеледі. Өзі туған жерін қаншалықты аңсайтын еді? Ауылға келгенде мінезі, көңіл күйі өзгеріп сала беретін кездері болушы ма еді?
– Аға ауылға жылына екі рет, көбіне демалыс кезінде келетін. Сондайда жүзі бал-бұл жайнап, туған жерін қатты сағынғаны бірден байқалатын. Оның шығармаларында да туған жердің табиғаты айрықша суреттеледі ғой. «Жабайы алмада», «Жусан иісінде» Жусанды төбені көп жазады. Аға сол Жусанды төбеге, Ешкіөлмес тауына барғанды өте жақсы көретін. Табиғатты бала кезінен сүйіп өсті. Ауылға келгенде атқа мініп, тауға шығып, сол жақта ұзақ жүріп, тынығып қайтатын. Туған жердің табиғаты оған ерекше күш беретіндей көрінетін.
– Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», «Жабайы алма» шығармаларының дені балалардың өмірін суреттейді. Тіпті бала психологиясын дөп басып таниды. Өмірде де балалармен тез тіл табысатын, олардың көңілін түсінетін адам болды ма?
– Иә. Ағаның әңгімелерінде ауыл тіршілігі, әсіресе соғыс жылдарында балалардың басына түскен ауыртпалық, сол кездегі адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен адамгершілігі, жастар арасындағы таза махаббат өте шынайы суреттеледі. Өмірде де аға балаларға ерекше мейірімді еді. Олармен тез тіл табысып кететін. Жымиып отырып, балалардың хал-жағдайын сұрап, сөздерін ықыласпен тыңдайтын. Олармен үлкен адаммен сөйлескендей байыппен әңгімелесетін. Балалар да оны жақсы көретін, қасына үйір болатын.
– Жазушының сырт көзге байқала бермейтін қандай мінезі бар еді? Мысалы, қатты қуанғанда, ренжігенде немесе әзілдескенде қандай болатын?
– Аға біреудің дұрыс сөйлемегенін немесе қателескенін байқаса, бірден тоқтатып, «олай емес» деп жөнін түсіндіретін. Білгенін айтып, дұрысын көрсетуге тырысатын. Ал өзінің ренжігенін ешқашан байқата бермейтін. Ішіне сақтайтын мінезі бар еді. Әзіл-қалжыңды жақсы көретін. Бір күліп алса, көзінен жас аққанша күлетін. Сондай сәттерде өзі де ерекше жадырап кететін.
– Сайын аға шығарма жазып жүрген кезінде үй ішіне оны сездіретін бе? Кейіпкерін ұзақ ойлап жүруі, оңаша қалуы немесе бір оқиғадан ерекше әсерленіп келуі секілді сәттер есіңізде қалды ма?
– Аға жазуға отырмас бұрын көп ойланатын. Терең ойға шомып, кейде терезеден Алматының әдемі тауларына ұзақ қарап отыратын еді. Сондай кездерінде ойын жинақтап, жазатын дүниесін іштей пісіріп отырған шығар деп ойлайтынбыз. Біз де оның бұл қалпын жақсы түсінетінбіз. Сондықтан мазаламауға, кедергі келтірмеуге тырысатын едік. Жалпы, ол шығармасын бірден жаза салмайтын, әбден ой елегінен өткізіп барып қағазға түсіретін.
– Ағаның буынын әдеби ортада «бес тапал» деп атайтыны белгілі. Сіз ол кісілерді жақын танып өстіңіз бе?
– Ол кісілер ағаның үйіне жиі келетін. Әкім ағаны (Тарази), Қалихан ағаны (Ысқақ) танып өстік. Ол кісілер біздің ауылға да келді. Бек Тоғысбаев ағаны да көрдік. Дәмеш апай (Қалихан ағаның жары) біз оқыған университетте жұмыс істеді.
«Ешкіөлмес тауының баурайында «Сайын бұлағы» бар»
– Ағаның қызы Райгүл де, ұлы Әлім де өмірден ерте кетті. Құралай апаймен, немерелерімен жиі араласып тұрасыздар ма?
– Иә, Райгүл де, Әлім де өмірден ерте өтті. Сайын ағамыз бен Мариям жеңгеміздің отбасында бір ұл, екі қыз болды. Ең үлкені – Райгүл, ол 1959 жылы туған. Ағамыз Райгүлді ерекше жақсы көретін. Ол Алматыдағы №12 қазақ мектебін бітіріп, Шет тілдер институтын тәмамдап, Киевте аспирантураны бітіріп, университетте сабақ беріп жүрген кезінде жолдасымен бірге Америкада жұмыс істеді. Бір ұлдары бар – Асыл. Өкінішке қарай, Райгүл инфаркт алып, 2005 жылы қайтыс болды. Бұл жағдай ағамызға өте ауыр тиді. Ауру кімді жеңбейді дейсің, Райгүл қайтыс болғаннан кейін ағам қатты қайғырды, денсаулығы сыр берді. Ақыры сол аурудың салдарынан көз жұмды. 2023 жылы екі күн ауырып, ұлы әлім де дүниеден озды. Екеуі де жас кетті.
Құралай қазір Алматыда тұрады. Үш немересі бар. Жақсы араласып тұрамыз. Телефон арқылы үнемі хабарласып, жағдай сұрасамыз, бір-біріміздің үйімізге барып тұрамыз. Арамыздағы туыстық байланыс үзілген емес.
– Мұратбековтер әулетінде бас көтеріп, әулетке ие болып отырған үлкендерден сіз қалдыңыз ба?
– Қазір біздің отбасымыздағы ең үлкені – әпкеміз Мағрипа, жасы 86-да. Бауырымыз Ғалым – 81 жаста. Одан кейінгісі – мен. Ағаның кітапханасы мен жеке архивінің бір бөлігі өзі тұрған үйде сақтаулы. Кезінде аға ұлы Әліммен бірге сол үйде тұрған еді. Әлім өмірден өткеннен кейін қазір ол үйде келініміз тұрады. Ағаның кітаптары мен көптеген дүниесі сонда сақталған. Ал құжаттары мен мұрасының бір бөлігі Алматы қалалық архиві мен мұражайға тапсырылған.
– Аға туған ауылда жазушы шығармаларын насихаттап жүргендер бар ма? Аға есімі қалай ұлықталып жүр?
– Әрине, ағаның есімі туған жерінде жақсы ұлықталып келеді. Талдықорған қаласында Сайын Мұратбеков атындағы үлкен мектеп бар, көшеге де есімі берілген. Мектептерде Сайын оқулары өткізіліп тұрады. Өзіміздің туған ауылымыз Қоңырда да мектепте Сайын оқулары ұйымдастырылады. Кітапханада жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған жұмыстар жүргізіліп, кітаптары мен суреттері жинақталған. Жақында ауыл әкімшілігі мен ауыл ақсақалдарының ұйымдастыруымен «Қаламгер мұрасы – ұрпаққа аманат» атты семинар өтті. Ағаны көзі көрген ауыл ақсақалдары естеліктерін бөлісіп, ол кісі туралы әңгімелерін айтты. Туған жері – Ешкіөлмес тауының бауырындағы аға өзі жиі барып жүрген бұлаққа «Сайын бұлағы» деген ат берілді. Бір топ жас ақын-жазушы арнайы келіп, сол жерлерді аралап, ағаны еске алды. Шығармаларынан үзінділер оқып, қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті. Өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта да орнатылды. Осындай жұмыстар арқылы ағаның шығармашылығы кейінгі ұрпаққа кеңінен насихатталып келеді.
Жалпы, адамды адам ететін – оның тәрбиесі, алған білімі, өскен ортасы, бойына сіңірген ұлттық құндылықтары ғой. Сайын ағаның шығармаларында ұрпақ тәрбиесіне берер тағылым өте мол. Сондықтан оның шығармалары уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпайды деп ойлаймын. Керісінше, кейінгі ұрпақтың да жүрегінен орын алып, халықпен бірге жасай береді. Ағаның әдеби мұрасы ешқашан өшпейді деп сенемін.
– Биылғы мерейтойына орай қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Биылғы мерейтойға орай мектептерде, кітапханаларда әртүрлі іс-шара, кездесулер, әдеби кештер өткізіліп жатыр. Республика деңгейінде Талдықорған қаласында үлкен конференция өтеді деп жоспарланып қойды. Оған елге белгілі қаламгерлер қатысады. Ас беріледі. Жетісу облыстық драма театры «Жабайы алма» спектаклін қоймақ. Осы повесть желісінде фильм түсірілді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС










