Ал мемлекеттік басқарудың өзегі – мемлекеттік қызмет. Расында, кез келген мемлекеттің тағдыры заңдардың көптігімен емес, сол құжаттарды жүзеге асыратын мемлекеттік аппараттың кәсібилігімен өлшенеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, өркениеттердің өрлеуі мен құлдырауы көбіне мемлекеттік басқару сапасына байланысты болған. Ежелгі Қытайдағы бірнеше ғасыр бойы сақталған мемлекеттік емтихан жүйесі қабілетті адамдарды билікке тартуға мүмкіндік берді. Ұлыбританияда XIX ғасырдың ортасында енгізілген меритократиялық мемлекеттік қызмет бүгінге дейін мемлекеттік институттың тұрақтылығының негізі болып келеді. Уақыт өзгерді, технология өзгерді, экономика өзгерді, бірақ мемлекеттердің табыс формуласы өзгерген жоқ – ол кәсіби мемлекеттік аппаратқа сүйенеді. Қазір бұл қағида бұрынғыдан да өзекті. Адами капиталға маңыз берген XXI ғасырда мемлекеттік қызметтің сапасына сұраныс тіптен артты. Жасанды интеллект, цифрлық технология, климаттың өзгеруі, көші-қон, киберқауіпсіздік, геосаяси тұрақсыздық, жаһандық бәсекелестік – мұның бәрі мемлекеттік басқаруға мүлде жаңа талап қойып отыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) соңғы жылдары жүргізген зерттеуінде тиімді мемлекеттік институттарды экономикалық өсудің басты алғышартының бірі ретінде бағалайды. Ұйым сарапшылары мемлекеттік аппараттың кәсібилігі, ашықтығы және есеп беруі жоғары елдерде инвестициялық ахуалдың жақсаратынын, кәсіпкерлік белсенділіктің артатынын және азаматтардың мемлекетке деген сенімі күшейетінін атап көрсетеді. Керісінше, кадрлық саясат формализмге негізделген, жауапкершілік әлсіз және басқару шешімдері баяу қабылданатын елдерде экономикалық реформаның тиімділігі де төмен болатыны дәлелденген.
Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік қызметтің тиімді моделін қалыптастырған елдер аз емес. Солардың ішінде ең көп айтылатын мемлекеттің бірі – Сингапур. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Ю: «Мықты мемлекет құру үшін ең алдымен мықты мемлекеттік қызмет қалыптастыру қажет» деген ұстанымды берік ұстанды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметке тек үздік түлектер қабылданды. Олардың еңбекақысы жеке сектордағы жетекші мамандардың жалақысымен бәсекелесе алатындай деңгейге жеткізілді, ал мансаптық өсу тек кәсіби нәтижеге негізделді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызмет қоғамдағы ең беделді кәсіптердің біріне айналып, мемлекеттік аппарат экономикалық серпілістің басты драйвері болды. Оңтүстік Корея мемлекеттік қызметті үздіксіз оқыту мен кәсіби дамуға негіздеді. Мұнда мемлекеттік қызметкердің мансабы оның дипломымен емес, өмір бойы білімін жетілдіруімен бағаланады. Ал Ұлыбританияда мемлекеттік қызметкер белгілі бір саяси күшке емес, заңға және қоғамның мүддесіне қызмет етеді. Осы мысалдардан табысты мемлекеттің ешқайсысы кәсіби мемлекеттік аппаратсыз дамымағанын көреміз. Олар әртүрлі модельді таңдағанымен, бәрінің түпкі мақсаты бір –мемлекеттік басқаруды цифрландыру, ашықтықты қамтамасыз ету және азаматқа бағдарланған қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру.
Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың кезекті кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін ғана емес, оның жұмыс істеу қағидатын қайта қарастырады. Бұл – жекелеген нормаларды жаңарту емес, мемлекеттік аппараттың басқару философиясын өзгертуге бағытталған реформа. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызмет бірнеше кезеңнен өтті. Атап айтқанда, конкурстық іріктеу енгізілді, «А» корпусы құрылды, меритократия қағидаты бекітілді, қызмет көрсету цифрландырылды. Алайда бюрократия, кадр тұрақсыздығы, формализм, азаматтарға қызмет көрсету сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жөніндегі сын азайған жоқ. Сондықтан жаңа заңның басты мақсаты – бұрынғы жүйені жетілдіру емес, тиімді әрі сервистік мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыру.
Заңның негізгі жаңалығы – мемлекеттік қызметті толыққанды цифрлық басқару жүйесіне көшіру. Алғаш рет мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі заңнамалық деңгейде бекітіліп, eQyzmet ақпараттық жүйесіне құқықтық мәртебе берілді. Соның нәтижесінде кадрларды қабылдау, конкурс өткізу, бағалау, құжат айналымы және мониторинг бірыңғай цифрлық кеңістікте жүргізіледі. Бұл қағазбастылықты азайтып қана қоймай, кадрлық шешімдердің ашықтығын арттырып, субъективті ықпалдың үлесін төмендетуге тиіс. Сонымен қатар үш айдан астам бос тұрған лауазымдарға конкурстың автоматты жариялануы кадрлық процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Цифрлық трансформацияның тағы бір маңызды бағыты – жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізуге құқықтық негіздің жасалуы. Бұл Қазақстанның әлемдік үрдістен шет қалмай, мемлекеттік басқаруда деректерге негізделген шешім қабылдау моделіне көшуді көздейтінін көрсетеді. Болашақта жасанды интеллект кадрлық талдау, тәуекелдерді болжау, құжаттарды өңдеу және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыру үшін қолданылмақ. Сонымен қатар үш айдан астам бос тұрған лауазымдарға конкурстың автоматты жариялануы кадрлық процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Кадрлық саясат та түбегейлі өзгерді. Мемлекеттік қызметте бірыңғай кадр резерві қалыптастырылды, басқарушы кадрлардың ортақ базасы жасалды. Бұл әр органның жеке кадр іздеу тәжірибесінен жүйелі кадрлық жоспарлауға көшуді білдіреді. Ал жаңа қызметкерлер үшін тәлімгерлік институтының енгізілуі кәсіби бейімделуді жеделдетіп, мемлекеттік аппараттағы сабақтастықты күшейтеді.
Ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – бір лауазым шеңберінде кәсіби даму, соның арқасында жалақының өсуі. Енді жалақы тек лауазымға емес, қызметкердің құзыреті мен нәтижесіне байланысты сараланады. Осылайша, мемлекеттік қызмет жеке сектордағы нәтижеге негізделген басқару тәжірибесіне жақындай түседі. Сонымен бірге еңбекақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу заңмен бекітіліп, инфляция жағдайында мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік кепілдіктер де кеңейтілді. Еңбек өтіліне қарай қосымша демалыс беру, отбасылық жағдайларға байланысты ақылы демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін өтемақы төлеу сияқты нормалар заңмен бекітілді. Заңсыз жұмыстан шығарылған қызметкерді бұрынғы қызметіне қайта орналастыру кепілдігінің күшеюі де мемлекеттік қызметтің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесінде де талаптар қатаңдайды. Мемлекеттік қызметке қабылданатын азаматтың мінсіз беделі міндетті талапқа айналады. 2027 жылдан бастап кандидаттың шығыстары ресми табысымен сәйкес келмесе, қызметке қабылдаудан бас тартуға болады. Сонымен қатар активтер мен міндеттемелерді декларациялау, басшылық лауазымдарға қойылатын талаптарды күшейту, құмар ойындарға тыйым салу сияқты нормалар халықаралық адалдық стандарттарына жақындай түседі. Ең маңыздысы – бұл талаптардың мемлекеттік функцияларды орындайтын өзге тұлғаларға да таралуы.
Жаңа заң мемлекеттік қызметтің құндылықтық негіздерін де қайта айқындайды. Алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы заңда бекітіліп, қазақстандық патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел және азаматқа бағдарлану негізгі қағидаттар ретінде белгіленді. Бұл мемлекеттік аппараттың басты міндеті мемлекеттік органның емес, азаматтың мүддесіне қызмет ету екенін нақтылай түседі.
Мансаптық модель де нәтижеге бағытталады. Алдын ала кәсіби даярлықтан өту, кемінде үш жылда бір рет тағылымдамадан өту, қызмет нәтижелерін бағалауды сыйақы, оқыту, мансаптық өсумен тікелей байланыстыру мемлекеттік қызметте еңбек өтілінен гөрі кәсіби құзырет пен нақты нәтижеге басымдық берілетінін көрсетеді. Сонымен қатар кадрлық жоспарлау жүйесінің енгізілуі мемлекеттік аппараттың ұзақмерзімді кадрлық қажеттілігін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Тәртіптік жауапкершілік жүйесінде де жаңа тәсіл ұсынылған. Бұрынғыдай тек жазалау емес, құқықбұзушылықтың алдын алу басымдыққа ие болады. Әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі күшейтіліп, профилактикалық жұмысқа ерекше назар аударылады. Сонымен бірге мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштеріндегі техникалық қателерді түзетуге мүмкіндік беруге міндеттеледі. Бұл мемлекеттік қызметтің формализмнен сервистік модельге қарай бет алғанын аңғартады. Заңда алғаш рет мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізу көзделді. Ол мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет алдында тұрған міндеттерді тиімді орындауға бағытталған.
Қалыптастырылып жатқан заңнаманың басты бағдары Мемлекет басшысы белгілеген «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидаты болып табылады. Бұл мемлекеттің халықпен өзара іс-қимылын құруда адамға бағдарланған тәсілдерді енгізуді көрсетеді. Атап айтқанда, заңда мемлекеттік қызметші өз қызметін ұйымдастыруда проактивтілік, композиттік, эксаумақтылық тәсілдерді қолдануға және «формалды» негіздермен бас тартпауға тікелей міндеттелді.
Жалпы алғанда, жаңа заң мемлекеттік қызметті әкімшілік басқару моделінен тиімділікке, цифрландыруға және азаматқа бағдарланған басқару жүйесіне көшіруге бағытталған. Цифрландыру, жасанды интеллект, меритократия, нәтижеге негізделген бағалау, әлеуметтік қорғау және адалдық стандарттары бір-бірімен өзара байланысты кешенді реформа ретінде ұсынылған. Алайда реформаның табысы заң мәтінімен емес, оны іске асыру сапасымен өлшенеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістердің нәтижесі жаңа институттарды енгізуге емес, олардың нақты жұмыс істеуіне байланысты. Сондықтан Қазақстан үшін негізгі сын-қатер – прогрессивті нормаларды іс жүзінде тиімді жүзеге асырып, мемлекеттік аппараттың мәдениетін өзгерту. Өйткені XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен ғана емес, кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппаратпен, оның ішінде адами капиталмен бағаланады.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ









