Халықаралық басқосуда отандық журналистика ғылымының өкілдері, белгілі медиатұлғалар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен медиа сарапшылар баяндама жасап, пікір алмасты. Жиында цифрландыру мен жаңа технологиялардың журналистикаға ықпалы, дәстүрлі медианың трансформациясы, ақпарат кеңістігіндегі жаңа үрдістер және қазіргі еңбек нарығына бейім журналист мамандарын даярлау мәселелері кеңінен талқыланды.
Бірінші сөз кезегін алған Құрылтай депутаты, академик Дихан Қамзабекұлы Темірбек Қожакеевтің артында үлкен ғылыми және рухани мұра қалғанын айтып өтті. Ол бүгінгі жиынға ғалымның тәлімін көрген, мектебінен өткен бірқатар шәкірті арнайы келгенін және Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық белесіне тоқталып, университеттің қалыптасуында мықты ғылыми ортаның маңызы айрықша екенін, ортада Қожакеев қалыптастырған ғылыми арнаның да өзіндік орны бар екенін жеткізді.
– Университеттің негізгі тетігі – факультет. Ал кез келген университеттің сапасы мен қасиеті ғылыммен өлшенеді. Темірбек Қожакеев – руханият, әдебиет, бүгінгі тілмен айтқанда, әлеуметтік ғылымдар саласында сатира жанрын ғылыми тұрғыдан қалыптастырған тұлға. Идеология үстемдік құрған күрделі кезеңде сатираны зерттеу, оның табиғатын ашу оңай болған жоқ. Біз сатираны адамды жақсылыққа, жарыққа бастайтын жолдың бірі деп түсінеміз. Темірбек аға осы бағытта үлкен еңбек атқарды. Сондай-ақ зерттеушілік еңбегінің маңызды бір бөлігі сирек қолжазбалар мен көне басылымдарды зерделеумен байланысты болды. Ол сол кездегі Пушкин атындағы Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар мен сирек кітаптар қорында таңнан кешке дейін отырып, араб қарпіндегі көптеген дүниені оқып, зерттеді. Соның нәтижесінде талай құнды мұра жарыққа шығып, ғылыми айналымға енді, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Профессор оның бірқатар еңбегі осы ізденістердің нәтижесінде дүниеге келгенін атап өтті.
Журналистика мектебінің жанашыры
Ғалым, профессор Дандай Ысқақ «Темірбек Қожакеев – азамат, ғалым, қайраткер» тақырыбындағы баяндамасында ұстазының азаматтық болмысына тоқталды. Ол Темірбек Қожакеевтің шәкіртке талап қоя білетін қаталдығының астарында үлкен жауапкершілік жатқанын еске алды. Ұстазынан тәлім алған шәкірттер сол талаптың өздерін шыңдап, өмірдің түрлі сынағына төтеп беруге үйреткенін кейін түсінгенін жеткізді. Сондай-ақ ғалымның қандай жағдайда да әділдіктен айнымайтын мінезі туралы конференция қонақтарына тарқатып айтып берді.
– Темекең руханияты биік, елдің ертеңі үшін күрескен азамат еді. Біз оның халық алдындағы азаматтық жауапкершілігінің қаншалықты жоғары болғанын көрдік. Ұстазымыз «Балаңды аясаң, аяма» деген қағиданы берік ұстанатын. Біз Қожакеевтен талай тепкі де көрдік. Бірақ соның бәрі бізді шыңдады. Темекеңнің тұлғасы бөлек болатын. Жұмысқа алуда да, жұмыстан шығаруда да әділ болды. Сол әділдігінің арқасында қатал болды. Әсіресе оның руханият мәселесінде ел мүддесі үшін күрескенін ұмытпауымыз керек, – деді Дандай Ысқақ.
Ғалым Темірбек Қожакеевтің азаматтық ұстанымын қазақ тілінің тағдырымен байланысты тарихи кезеңдер арқылы да сипаттады. Тың игеру жылдарында елдегі демографиялық ахуал өзгеріп, қазақ мектептері жаппай жабылған тұста ғалым бұл мәселеге үнсіз қалмай, баспасөзде мақала жариялап, ұлттық мектептердің тағдырын көтерген.
«Қожакеевтің аңыз адам екенін дәлелдеудің қажеті жоқ»
Жиындағы сөзін осылай бастаған филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев Темірбек Қожакеевтің қазақ журналистикасындағы орны бөлек екенін атап өтті. Айтуынша, ғалым жарты ғасырға жуық уақыт журналист мамандарын даярлап, шәкірт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосты. Ұстаздың дәріс беру мәнері, сөз саптауы мен ой қорыту ерекшелігі де оны өзгелерден даралап тұрды. Әсіресе сатира мен юмор табиғатын терең зерттеп, осы бағытта іргелі ғылыми еңбектер қалдырды. Сонымен қатар қазақ баспасөзінің тарихына қатысты тың деректерді ғылыми айналымға енгізіп, кезінде жазықсыз жапа шеккен қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің мұрасын зерделеуге ден қойды.
– Қожакеев – ең алдымен ғалым, одан кейін журналист. Сатира мен юморды, фельетонды құр жазып қана қойған жоқ, оны өмір бойы зерттеді. Ғалымның бұтадай талдаған тақырыбының бірі – жалпы сатира мен юмордың мәселелері, оның ішінде «қазақ сатирасының теориясы мен тәжірибесі». Осы сала бойынша кезінде монографиялық еңбектер жариялады. Ол қазақ әдебиетінің зәру мәселелеріне қалам тартты. Оның зерттеулерінде үш ірі ғылыми бағыт тоғысты: журналистика тарихы, публицистика теориясы және сатира теориясы. Бұл бағыттар еңбектерінде бір-бірімен байланысып, сабақтасып жатты. Өйткені Темекең үшін журналистика – қоғамның мінезін, уақыттың қайшылығын, адамның болмысын танытатын әлеуметтік институт еді. Қожакеев мұрасының ең маңызды ерекшелігі – журналистика теориясын ұлттық материал арқылы түсіндіруінде. Темірбек Қожакеев қазақ журналистиканың теориялық мектебін қалыптастырған алғашқы ғалымдардың бірі болды, – деді профессор.
Намазалы Омашев ғалым мұрасын бүгінгі журналистика ғылымының талаптарымен сабақтастыра зерттеудің маңызына да назар аударды. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың екінші жартысында ұлттық баспасөз тарихын жүйелеу, публицистиканың табиғатын айқындау, журналист шеберлігін ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттілігі туындаған кезде, Темірбек Қожакеев осы бағыттағы ғылыми мектептің қалыптасуына айрықша үлес қосты. Сондықтан ендігі міндет – ғалым қалыптастырған ғылыми дәстүрдің қазіргі журналистикаға берерін саралап, оның теориялық тұжырымдарын жаңа медианың ерекшеліктерімен сабақтастыра қарастыру керегін қадап айтты.
«Ұстазымыздың дәрісі әлі есімізде»
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов «Профессор Темірбек Қожакеевтің лекторлық шеберлігі» тақырыбындағы баяндамасында ғалымның ұстаздық қырына кеңінен тоқталды. Ол Темірбек Қожакеевтің дәрісін тыңдаған жылдарын еске алып, оның аудиторияны баурап алатын сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы мен анық дикциясы шәкірт жадында ұзақ сақталатынын айтты. Сондай-ақ сол кезеңде дәріс берген Темірғали Нұртазин, Ыбырайым Маманов, Мәулен Балақаев, Зейнолла Қабдолов сынды көрнекті тұлғалармен қатар Қожакеевтің де өзіндік лекторлық мектебі қалыптасқанын атап негізге алды.
– 1968–1969 жылдары Темірбек Қожакеев біздің курсқа «Қазақ сатирасы мен юморы» пәнінен бір семестр бойы дәріс оқыды. Сол дәрістерден естіген әсерлі әңгімелері мен сөздері әлі күнге дейін есте. Темекеңнің «Ақылды, айбарлы ақсақалдарымызды сақтайық. Үлкендерді ұлықтайық. Ақылды ұрпақ өсірсең, алып шығар құлдықтан, ақылсыз ұрпақ өсірсең, бұлқығаны – бұлқыған» деген бір ойы бар. Ол кісі сатиралық жанрларды терең талдап, поэзия мен прозадағы сатираның табиғатын жан-жақты түсіндіретін. Қазақ сатирасының Абай, Сұлтанмахмұттан жалғасқан арнасын таратып айтып, кейінгі қаламгерлер шығармашылығымен сабақтастыратын. Сол кезде бізге Қадыр Тайшықовтың «Октябрь ұшқыны» кітабын оқытқаны да есімізде қалыпты, – деді Серік Негимов.
Ғалым Темірбек Қожакеевтің шешендік қабілетің де жоғары екенін де әңгіме арасына қосты. Айтуынша, 1948 жылы Мұхтар Әуезов дәріс оқыр алдында жас Темірбек Қожакеев алты-жеті минут құттықтау сөз сөйлегенде, оған ұлы жазушы риза болған екен.
Қазақ-қырғыз сатирасындағы сабақтастық
Халықаралық конференцияға Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Журналистика және коммуникация институтындағы «Телевизия» білім беру бағдарламасының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айна Дүйшекеева да онлайн форматта қатысты. Ол Темірбек Қожакеевтің ғылыми мұрасын қырғыз әдебиетіндегі сатиралық дәстүрмен салыстыра талдап, екі халықтың сатирасындағы ортақ ерекшеліктерге тоқталды.
– Бүгінгі конференция Темірбек Қожакеевтің 100 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сондықтан біз ғалымның өмір жолын ғана емес, оның сатира мен журналистиканы зерттеудегі ғылыми тұжырымдарын, жаңашылдығын да қарастыруымыз керек. Қожакеевтің ғылыми концепциясы жөнінде бүгін мазмұнды баяндамалар жасалды. Мен қазақ сатирасын зерттеудегі оның тұжырымдарын қырғыз сатирасымен салыстыруға тоқталғым келеді. Мұндай салыстыру екі халық сатирасының арасында бірқатар ортақ сипат бар екенін көрсетеді. Бірінші ортақ белгі – қазақ және қырғыз сатирасының бастауында халықтың ауыз әдебиеті мен ақындық дәстүрінің жатуы. Ирония, өткір сөз бен юмор екі халықтың да сөз өнерінен ежелден орын алған. Екінші ұқсастық – сатираны тарихи даму үстіндегі құбылыс ретінде қарастыру. Яғни қоғам өзгерген сайын сатираның мазмұны мен көркемдік формасы да жаңарып отырады. Ал үшінші ерекшелік – сатираның қоғамдық сипатымен байланысты, – деді шетелдік ғалым.
Айна Дүйшекееваның айтуынша, қазақ және қырғыз сатиратануында сатира қоғамдық шындықпен тығыз байланыста қарастырылады. Қырғыз әдебиетінде фольклор мен ақындар шығармашылығы жазба әдебиеттің қалыптасуына негіз болған. Бұл мәселе Халил Бапаев пен Кубан Мамбеталиевтің еңбектерінде де жан-жақты зерттелген. Ғалым Темірбек Қожакеевтің сатираны тек әдеби құбылыс ретінде қарастырмай, оның теориялық негіздерін жүйелегеніне назар аударды. Сондай-ақ ол ұлттық сатираның қалыптасуы мен даму жолдарын, сатиралық жанрлардың жіктелуін, әдебиет пен журналистиканың өзара байланысын кешенді түрде зерттеген.
Жиын соңында қазақ журналистикасы мен руханиятының дамуына үлес қосып жүрген бір топ зиялы қауым өкіліне Темірбек Қожакеев атындағы медаль табысталды. Мерейтойлық марапат ғалымның өнегелі өмірі мен ғылыми мұрасын ұлықтаудың, оның есімін кейінгі ұрпаққа дәріптеудің бір белгісі болды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ










