Associated Press хабарламасына сүйенген Aikyn.kz БҰҰ-ның жаңа басшысын таңдау тәртібін түсіндіреді.
Уганда үкіметі Отуннудың кандидатурасын ресми түрде қолдады. Қазір ол Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі өкілдерімен кездесіп, интерактивті диалогтарға қатысып жүр.
Уганданың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Адония Айебаренің айтуынша, Отуннуға АҚШ-қа кіру үшін визалық көмек қажет болған. Себебі Эбола безгегінің таралуына қарсы шаралар аясында Уганда азаматтарының АҚШ-қа кіруіне уақытша шектеу қойылған.
Отунну – БҰҰ жүйесіне жақсы таныс дипломат. Ол Оксфорд университеті мен Гарвард заң мектебінде білім алған. 1980-1985 жылдары Уганданың БҰҰ-дағы өкілі болды және бір жыл Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті. 1980 жылдары Уганданың сыртқы істер министрі қызметін де атқарған.
Олара Отунну БҰҰ Бас хатшысы қызметіне бұған дейін де жақын келген. 1997 жылы мысырлық Бутрос Бутрос-Галидің мұрагері ретінде негізгі үміткерлердің бірі саналғанымен, сол кездегі Уганда билігімен қарым-қатынасының нашарлауына байланысты кандидатурасы қолдау таппады. Нәтижесінде БҰҰ-ны ганалық Кофи Аннан басқарды.
Кейін Кофи Аннан Отуннуды БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және балалар мен қарулы қақтығыстар мәселелері жөніндегі арнайы өкілі етіп тағайындады. Ол бұл қызметті 1997-2005 жылдары атқарды. 2005 жылы Отунну соғыс кезіндегі балаларды қорғау және қақтығыстан кейін олардың қоғамға қайта бейімделуіне қосқан үлесі үшін Сидней бейбітшілік сыйлығын алды.
«БҰҰ қазір көптеген мәселемен айналысып отырғанымен, ұйымның ең маңызды мандаты – бейбітшілік пен қауіпсіздік», – дейді Отунну.
Оның БҰҰ тарихындағы өзіндік ізі де бар. Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен кезде Отунну Бас хатшыны таңдауға арналған алдын ала дауыс беру жүйесін әзірлеуге қатысқан. Кейін «Отунну формуласы» аталған бұл тәсіл алғаш рет 1981 жылы перулік Хавьер Перес де Куэльярды Бас хатшы ретінде таңдау кезінде қолданылған.
Угандалық кандидаттың алдында маңызды кедергі де бар. БҰҰ Бас хатшысы қызметі дәстүр бойынша аймақтар арасында кезектесіп отырады және бұл жолы кезек Латын Америкасына тиесілі. Бірақ әлемнің басқа өңірлерінен болатын кандидаттарға ресми тыйым жоқ.
Сарапшы Анджело Изама Отуннуды күтпеген жерден алға шығуы мүмкін үміткер деп бағалайды.
«Отунну – жұмбақ үміткер. Ол – сенімді кандидат. Егер негізгі латынамерикалық үміткер өтпей қалса, Отунну балама нұсқаға айналады», – дейді ол.
Бас хатшылыққа бұрынғы Сенегал президенті Маки Салл, Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет, аргентиналық Рафаэль Гросси, коста-рикалық Ребека Гринспан, эквадорлық Мария Фернанда Эспиноса және гайаналық Кэролин Родригес-Биркетт те үміткер.
Бас хатшыны таңдауда шешуші рөлді 15 мемлекеттен тұратын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі атқарады. Әсіресе вето құқығына ие АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Францияның ұстанымы маңызды. Кеңес таңдаған кандидатураны кейін 193 мүшесі бар Бас Ассамблея бекітеді. Жаңа Бас хатшы қызметіне 1 қаңтарда кіріседі деп күтілуде.









