Тауман бұл шаңыраққа кездейсоқ келген. 22 наурыз күні босағадан аттаған тазы содан бері үйдің төрінен орын алған. Бүгінде бес қар басқан Тауман аңшылық иті ғана емес, отбасының бір мүшесіне айналған.
– 22 наурыз күні босағама келіп отырды. Содан бастап өзінің орны бар – төрде. Ақылына таңғаламын. Бүркіт екеуі қатар келген кезде бүркітке жол береді. Мұны ешкім үйреткен жоқ. Өзі біледі, – дейді Сералы Құсман.
Қазақы түсінікте төр – шаңырақтағы ең қадірлі орын. Төрге үлкен кісі, сыйлы қонақ отырғызылады. Сондықтан Тауманның төрден орын алуы жай ғана үй жануарына көрсетілген ықылас емес, халқымыздың тазыға деген дәстүрлі құрметінің бүгінгі өмірдегі жалғасы іспетті.
Сералы Құсман тазының қазақ тарихындағы орнын жақсы біледі. Оның айтуынша, ата-бабамыз тазыны тек саятшылық үшін ұстамаған. Қиын-қыстау кезеңдерде оның адамға азық табуға көмектескені де тарихтан белгілі.
– Қазақ тазыны бекерден-бекер төрге шығармаған. Тазы да, бүркіт те – елдің күнкөрісіне көмектескен серігі. Ашаршылық жылдарында аң аулап, тұтас ауылды асыраған тазы болған. Сондықтан оның қазақ үшін орны бөлек, – дейді ол.
Тауманның аты да оның болмысына сай қойылған. «Тауман» – «тау адамы» деген мағынаны білдіреді. Қайсарлық пен төзімділікті меңзейтін бұл есім бес қысты өткерген жүйрікке жарасып-ақ тұр. Қазір ол Сералы Құсманның шаңырағында екінші қысын қарсы алғалы отыр.
Тазының үйдегі орны да ерекше. Иесінің айтуынша, Тауман ұйықтайтын кезде тіпті онымен бір төсекке таласып қалатын көрінеді. Бұл – оның үй жануары шеңберінен шығып, отбасының толыққанды мүшесіне айналғанының бір белгісі.
Алайда бұл шаңырақтағы ұлттық құндылық тек тазыға деген құрметпен шектелмейді. Сералы Құсман он жылдан астам уақыттан бері Семейдегі «Сақ» моншасын дамытып, оны ұлттық дәстүр мен тәрбиені насихаттайтын ортаға айналдыруға күш салып келеді. Мұнда еліміздің әр өңірінен келген қонақтармен қатар Еуропа мен Қытайдан келетін меймандар да бар.
Оның пайымынша, ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін міндетті түрде үлкен мінберлер мен ұрандардың қажеті жоқ. Ұлттық тәрбие ең алдымен адамның күнделікті өмірінен көрінуі керек. Үлкенді сыйлау, салт-дәстүрді құрметтеу, табиғатқа жанашырлық таныту, жан-жануарға қамқор болу, кейінгі ұрпаққа қазақы дүниетанымды түсіндіру – ұлттық тәрбиенің өзегі.
Бұл тұрғыдан алғанда, төрде жатқан Тауманның өзі бір ұғымның символындай. Қазақтың жануарға деген құрметі оның тұрмыс-салтында, сөзінде, танымында айқын көрініс тапқан. Тазыны төрге шығару – жануарды адамнан жоғары қою емес, оның халық өміріндегі еңбегін, табиғи қасиетін бағалау. Атадан балаға жеткен осындай түсінік ұрпақ санасында ұлттық болмыстың қалыптасуына ықпал етеді.
Қазір қазақтың тазысы ұлттық мұра ретінде қайта жаңғырып, оған деген қызығушылық артып келеді. Бұл ретте тазыны тек сыртқы сымбатымен немесе аңшылық қабілетімен бағалау аздық етеді. Оның артында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, саятшылық мәдениеті, табиғатпен үйлесімді өмір сүру дәстүрі тұр.
Ұлттық мұраны сақтау – музейдегі жәдігерді қорғаумен ғана өлшенбейді. Ол күнделікті өмірде жалғасқанда ғана өміршең болады. Сералы Құсманның шаңырағындағы Тауманның төрде жатуы да осының қарапайым әрі әсерлі мысалы.
Ұлттық құндылықты ұлықтау бағытында «Әділет» партиясы да тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық тәрбиені күшейту және жас ұрпаққа ата дәстүрді жеткізу мәселелеріне мән беріп келеді. Партия ұстанымындағы Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік және Еңбек қағидаттары ұлттық құндылықтарды сөзбен ғана емес, нақты іспен дәріптеудің маңызын айқындайды.
Ал Тауманның тағдыры – соның бір көрінісі. Наурыздың ақ таңында босағадан аттап, төрден орын алған тазы бүгінде бір шаңырақтың ғана емес, қазақтың жануарға деген ықыласы мен ұлттық дүниетанымының өзіндік символына айналғандай.
Төрде жатқан Тауманға қарап отырып, халқымыздың «Ит – жеті қазынаның бірі» деген сөзінің мәнін қайта түсінгендей боласың. Өйткені тазының қадірі – қазақпен бірге жасасып келе жатқан тарихында.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы









