Коммерциялық құпияны кім ұрлады?

Reuters деректеріне сүйенген Aikyn.kz екі жыл бұрын серіктес болған Apple мен OpenAI арасындағы қарым-қатынастың неліктен сот дауына ұласқанын түсіндіреді.

Apple шілде айында OpenAI мен өзінің бұрынғы қызметкерлері Тан Тан және Чанг Люді сотқа берген. iPhone өндірушісі оларды OpenAI-дың тұтынушылық құрылғылар нарығына шығуына байланысты аппараттық жабдықты жобалау, өндіріс және жеткізу тізбегі жөніндегі коммерциялық құпияларды заңсыз иемденді деп айыптады. OpenAI 31 тамызда Калифорниядағы Сан-Хосе федералдық сотына берген құжатында бұл айыптауларды жоққа шығарды.

«Бұл дау – кінәні басқаларға аударғысы келген Apple-дың өз әрекеттерінің нәтижесі», – делінген OpenAI мәлімдемесінде.

Сэм Альтман басқаратын компания Apple сот процесін әлеуетті бәсекелестің дамуын баяулатып, өз мамандарының басқа компанияларға кетуіне тосқауыл қою үшін пайдаланып отыр деп есептейді. Сот құжаттарына сәйкес, OpenAI аппараттық құрылғылар (смартфон, компьютер сияқты) әзірлеу бастамасы аясында Apple-дың 400 қызметкерін жұмысқа қабылдаған.

OpenAI Калифорния заңнамасы мамандарға бәсекелес компаниялар арасында еркін ауысуға мүмкіндік беретінін алға тартады. Компания Apple-дың бұрынғы қызметкерлерінің OpenAI-ға ауысуының өзі заңбұзушылық емес екенін айтады.

Apple болса, мамандарды жаппай жұмысқа алу бәсекелестің құпияларына қол жеткізу стратегиясының бір бөлігі болған деп санайды. Компанияның мәлімдеуінше, Тан мен Лю жұмыстан кеткеннен кейін де Apple-дың ішкі файлдарына қол жеткізген.

OpenAI бұған Apple-дың өзінің ішкі жұмыс тәртібін қарсы дәлел ретінде келтірді. ЖИ стартапының айтуынша, Apple өз қызметкерлеріне жұмыс құжаттарына жеке iCloud аккаунттары арқылы кіруге рұқсат береді. Соның салдарынан жұмыстан шыққан кезде жеке және корпоративтік ақпаратты ажырату қиынға соғады.Бұған қоса, OpenAI Apple-дың жұмыстан кететін қызметкерлерді компания аумағынан бірден шығару тәжірибесін сынға алды. Оның пікірінше, бұндай тәртіп корпоративтік құрылғыларды қайтаруға, файлдарды компанияға өткізуге және міндеттерді әріптестеріне толық тапсыруға жеткілікті уақыт бермейді.

Лю сотқа берген мәлімдемесінде жұмыстан кеткеннен кейін бұрынғы әріптестеріне файлдарды табуға немесе жұмысқа қатысты сұрақтарға жауап беру үшін Apple құжаттарына кіргенін айтады. Оның сөзінше, Apple қызметкерлерінің өздері одан бірнеше рет көмек сұраған.

Ал Apple-да 24 жыл еңбек еткен Тан компаниядан кетер алдында барлық прототипті қайтарғанын және өзінде құпия емес материалдарды ғана қалдырғанын мәлімдеді.

Екі технологиялық алпауыт арасындағы дау олардың қарым-қатынасының қаншалықты өзгергенін көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрын Apple мен OpenAI ChatGPT мүмкіндіктерін Apple өнімдеріне енгізу бойынша серіктестік орнатқан еді. Алайда ЖИ нарығындағы бәсеке күшейген сайын компаниялар арасындағы байланыс та шиеленісе түскен.

«Қызметкерлер ЖИ енгізуде қиындық көріп отырған Apple секілді компаниядан кетіп, инновациялық өнімдер жасап жатқан перспективалы стартапқа ауыса алады. Apple-ға бұндай таңдау ұнамауы мүмкін. Бірақ оны заңсыз деп айта алмайды», – делінген OpenAI мәлімдемесінде.