Reuters талдауына сүйенген Aikyn.kz кезінде өз елінде жиі сыналған Мессидің Аргентина футболының ұлттық символына дейінгі жолын талдайды.
39 жастағы Мессидің халықаралық мансабының соңғы нүктесі биылғы әлем чемпионатының финалынан кейін қойылды. Аргентина Испаниядан жеңіліп, қатарынан екінші рет әлем чемпионы атану мүмкіндігін жіберіп алды. Қала болғанда да, сегіз мәрте «Алтын доп» иеленген футболшы үшін бұл жеңіліс оның ұлттық құрамадағы беделін өзгерте алмады.
Лионель Мессидің Аргентинамен қарым-қатынасы әрдайым осындай болған жоқ. «Барселонада» барлық командалық және жеке жүлдені жеңіп алған Месси ұзақ жылдар бойы ұлттық құрамада жеңе алмаған турнирлері үшін көбірек сыналды.
2014 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина Германиядан қосымша уақытта жеңілді. Бұдан кейінгі сәтсіздіктер 2015 және 2016 жылдары Америка кубогының финалдарында жалғасты. 2016 жылы Чилиден пенальти сериясында жеңілгеннен кейін күйзеліске түскен Месси құрамадан кететінін жариялады.
«Ұлттық құрамадағы мансабым аяқталды», – деген еді ол сол кезде.
Бірақ Месси қайта оралды. Лионель Скалони бас бапкер болғаннан кейін Аргентина капитанының шеберлігін барынша пайдаланатын, алайда оған толық тәуелді болмайтын команда жасақталды. Нәтижесінде, 2021 жылғы Америка кубогында Аргентина «Мараканада» Бразилияны жеңіп, Месси ересектер деңгейіндегі алғашқы ірі халықаралық жүлдесін иеленді.
18 айдан кейін оның мансабындағы басты жеңіс келді. 2022 жылғы Қатардағы әлем чемпионатында Месси 7 гол соғып, Аргентинаны чемпиондыққа жеткізді. Франциямен финалда екі рет мергендік танытып, пенальти сериясында да өз мүмкіндігін пайдаланды. Аргентина – чемпион, Лионель өзі армандаған әлем кубогын көтерді.Бұл жеңіс Мессидің Аргентинадағы жағдайын түбегейлі өзгертті. 13 жасында Росариодан Барселонаға кеткендіктен, кезінде өз елінде «аргентиналықтан гөрі каталондық» деп қабылданған ұялшақ жасөспірім ұлттық құраманың даусыз көшбасшысына айналды. Бұрынғы сынның орнын әндер, қабырға суреттері мен халықтың құрметі ауыстырды.
Ол 2024 жылы Аргентинамен тағы да Америка кубогын жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін ойнауды жалғастырды. Жасы ұлғайған сайын бұрынғыдай жылдамдығы болмағандықтан, Месси ойын мәнерін өзгертті. Ол енді энергиясын үнемдеп, кеңістікті сезіну, дәл пас беру және бір әрекетпен матч тағдырын өзгерту қабілетіне көбірек сүйенді.
Аргентина да онымен бірге өзгерді. Биылғы әлем чемпионатының финалына шыққан құрама енді құтқарушы ретінде тек Мессиге қарайтын команда емес, жеңіске үйренген тәжірибелі ұжым еді.
Марадона Аргентинаны 1986 жылы әлем чемпионы етсе, Месси бұны 2022 жылы қайталады. Төрт жылдан кейін ол тағы бір чемпиондыққа бір қадам жетпей тоқтады. Ертегідегідей финал болмағанымен, Месси ұлттық құрамадан Аргентина футболының тұтас дәуірін айқындаған ойыншы болып кетті.










