Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қытаймен екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты. Сондай-ақ Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі көлік және логистика екеніне тоқталды.
«Екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту және шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының жаңа жүйесін қалыптастырып келеді.
Президент Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамыту ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
«Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың жаңа белесі басталғанын атап өтті.
Еске салайық, Астанада Қазақстан мен Қытайдың білім, ғылым және мәдени байланыстарын бейнелейтін мүсіннің тұсауы кесілді. «Әл-Фараби мен Конфуций: ұлы ойшылдар сұхбаты» деп аталатын туынды Астана Халықаралық университетіндегі Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына тарту етілді.










