«Астана Опера» солисі Артур Ғабдиев: «Абай» операсында әлі үйренерім көп

Осы ретте біз алғаш рет Айдардың бейнесін сомдайтын театр солисі Артур Ғабдиевпен әңгімелесіп, дебюттік өнер көрсетуі алдындағы дайындығы және ұлттық операдағы кейіпкерлерді пайымдауы туралы сұрап білген едік.

–  Жақында Астана Тамыз конференциясы өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев е ліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін айтқан. «Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс» деген болатын. Осымен қалай келісесіз бе? Жаңа театр маусымында көрермендермен қауышуыңызға санаулы күн қалды, оған  қандай көңіл-күймен келдіңіз? 

– Әрине, әлем білімді де, талантты, талғампаз жастардың қолында.  Театр маусымының басталуы біз, әртістер үшін қашанда үлкен қуаныш. Жазғы демалыстан шалқар шабытпен өзіміздің оралған труппамыз ұлттық операға қызу дайындықты бастап кетті. «Астана Операда» театр маусымын ұлттық музыка өнерінің шыңы «Абай» операсымен ашу бұрыннан игі дәстүрге айналғанын атап өткім келеді. Мен осыған дейін бұл спектакльде бірнеше жыл Местің, Нарымбеттің партияларын орындаған едім. Ал енді міне 5 қыркүйекте көрермендердің алдына алғаш рет Айдардың партиясында шыққалы отырмын. жаздың өзінде Қостанайдағы Жастар сарайында өнер көрсетуге шақырылып, онда Абай Құнанбайұлының әндерінен поппури орындадым. Жаңа маусымға жаңа күшпен, жаңа шабытпен бастап отырмыз. 

Айдар – қазақ операларының ішінде тенорлардың ең жақсы көретін партияларының бірі. Батыс әдебиеті мен мәдениетінде шынайы махаббаттың үлгісі Ромео мен Джульетта болса, ал біздің дүниетанымымызда Айдар мен Ажар бейнелері махаббаттың биік символы болып табылады. Бұған қоса, операда Айдар Абайдың ең жақсы көретін шәкірттерінің бірі ретінде көрсетіледі. Менің кейіпкерім шыншылдығымен, әрдайым әділдік үшін күресуімен, адалдығымен өзінің ұстазына қатты ұқсайды. Сахнада махаббат үшін күрескен кейіпкерімнің барлық болмысын, оның бойындағы өр рухты, жастық жалынды барынша ашып көрсетуге тырысамын. Партияны тереңірек зерттеу мақсатында архивтегі 80-90-шы жылдардағы бейнежазбаларды қарап, Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Мұрат Шалабаев, Ұлан Кенжебеков, Қанат Омарбаев сынды әйгілі опера әншілерінің орындауынан өзіме кәсіби өнеге алудамын. Бұл маған Айдар бейнесінің ішкі иірімдері мен эмоциялық тереңдігін түсінуге көмектесуде.

Маған осынау басты рөлдің сеніп тапсырылуы «Абай» операсын жаңаша қырынан тануыма ықпал етуде. Опера ең алғаш рет 1944 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында қойылған. Ал бұл ұлттық жауһардың «Астана Операдағы» премьерасы 2015 жылы өтті, оны италиялық режиссер Джанкарло дель Монако сахналады. Ол қойылым жұмыстарына кіріспес бұрын еліміздің тарихын, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын, Абайдың Қара сөздерін өз тіліне аударып оқып, ұзақ дайындалды. Соған орай спектакль өте сәтті шықты. Джанкарло дель Монаконың менталитеті, тілі, дүниетанымы басқа болса да, Абай атамыздың ішкі дүниесін керемет көрсете білді. Сахнадағы алтын түстес кітапхананың өзі неге тұрады, көрермендердің алдында кітапхана қанат жайғанда Абайдың тұтас әлемі ашылғандай әсер пайда болады. Спектакльдің қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ахмет Жұбановтың немересі – Алан Бөрібаев. Сонымен қатар қойылымдық топтың құрамында кеңесші режиссер Қазақстанның халық әртісі  Есмұхан Обаев, бас хормейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, сондай-ақ көрнекті сценограф Эцио Фриджерио және костюмер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино жұмыс істеді. 2018 жылы қойылымның театрымызға ҚР Мемлекеттік сыйлығын алып келуі ұжымымыз үшін үлкен жетістік болды.

– Жоғарыдағы сөзіңізде «Абай» операсында Нарымбеттің бейнесін сомдадым деп айтып өттіңіз, бұл – антагонист кейіпкер. Негізі осы операда оң жамбасыңызға келетін бейне қайсысы?

– Тенор дауысты әншілер үшін «Абай» операсында орындауға болатын партиялар жеткілікті. Атап айтсақ, бұл – Мес, Нарымбет, Әзім, Айдар. Нарымбет спектакльде жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетілген. Операның сюжеті бойынша ол – ескішіл, феодалдық-патриархалдық әдет-ғұрыптар мен кертартпа көзқарастарды жақтаушы. Нарымбет Абайдың ағартушылық идеяларына, өнер мен бостандыққа ұмтылған жастарға қарсы шығатын кертартпа топтың өкілі ретінде бейнеленеді. Әсіресе Ажар мен Айдардың махаббатына шектеу қойып, оларды бұрынғы ескі заңдармен жазалауды талап ететін, ел ішіне іріткі салатын образ. Сонымен қатар, ол Жиренше сияқты кейіпкерлермен бірге Абайға қарсы астыртын әрекеттер жасайтын топтың құрамында болады. Композитор Нарымбеттің зұлым да астыртын табиғатын мазасыз музыкалық ырғақпен шебер бейнелеген. Ең басынан бастап сен сахнаға қашып кеткен ғашықтарды күні бойы іздеп жүргендей ызаға булығып шығуың керек. Сондықтан Нарымбетті сомдау үшін сахна сыртында жүргенде өзімді психологиялық тұрғыдан қайрап аламын.

Сондай-ақ Әзім де антагонист. Ол басында Айдар секілді Абайдың шәкірті болып жүреді де, опера барысында оның басқа қырлары ашылады. Оның алдында ақ жолмен жүру немесе теріс жолға түсу деген таңдау тұрады.

Ал жоғарыда айтып өткенімдей, Айдар – Абайдың шәкірті. Ол ұлы ақынның жолын жалғастырушы болғандықтан оған басқаша қараймын. Айдардың бейнесін жеткізудің тәсілдері көп. Ол ең жарқын кейіпкерлердің бірі болғандықтан, меніңше, болмысы жағынан барлығына Айдар жақын.

Жағымсыз кейіпкерлердің мінезін қарапайым өмірде көрсете алмайсың. Ал олардың бейнесін сахнада сомдау арқылы біз көрермендерге ой салуға тырысамыз. Сондықтан әртіс ретінде мен үшін әрдайым Нарымбетті сомдау қызықты болды. Нарымбет қосалқы кейіпкер болғанымен, оны ашу әлдеқайда қиынырақ. Оны жан-жағынан ашып көрсетіп, көрермендердің жадында сақталып қалу – меніңше, үлкен жетістік. Әзімнің партиясы да күрделі. Оның жақсы жолдан тайып кетуін, жан дүниесінің өзгеруін көрсету әртістен үлкен еңбекті талап етеді. Меніңше, «Абай» операсында тенорлар үшін ең күрделі рөл бұл – Әзім. Мәселен драмада Әзімнің образын ашуға мүмкіндік мол, уақыт та жетеді. Ал операда бәрі – математика. Белгіленген такт, нақты ария мен дуэт бар, соның шеңберінде кейіпкердің ішкі әлемін толық ашып үлгеруің керек. Операның күрделілігі де осында.

Музыкалық ырғақтан ауытқымай, таза вокалды сақтай отырып, кейіпкердің мінезі мен драмасын актерлік шеберлікпен жеткізу – үлкен ізденісті талап етеді. Әзімнің партиясын әлі орындаған жоқпын, бұл рөлді сомдауға вокалдық техника тұрғысынан дайын болсам да, іштей әлі дайын емеспін. Бұл кейіпкердің жан дүниесін көрсетуге дайын болу үшін маған біршама уақыт керек деп есептеймін. Осы партияны репертуарыма қосу үшін ғана жай үстіртін орындап шыққым келмейді. Әйтпесе бұл өзімді де, көрермендерді де алдау болады. Осыған дейін шетелдік опералар – Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Граф Альмавива, Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсындағы  Неморино, П.Чайковскийдің «Евгений Онегиніндегі» Ленский, Дж.Пуччинидің «Богемасындағы» Рудольф, Дж.Вердидің «Риголеттосындағы» Герцог және «Травиатасындағы» Альфред, Ж.Бизенің «Інжу іздеушілер» операсындағы Надир секілді күрделі партияларды орындап келдім. Олардың жанында табиғатыма әлдеқайда жақын келетін ұлттық операларды орындау, оның үстіне өз тілімде әндету маған техникалық жағынан қиынға соқпайды. Ал бірақ вокалмен қоса, ішкі дайындық та керек. Әзім сондай бір партия, оның өз қаупі бар. Оны тереңнен үңілмей орындап шыға алмайсың, көрермендер сенбейді. Рөлді жеткізе алмасаң, өзіңнің өнеріңмен ешқандай үлгі бере алмасаң, көпшілік сені жадында сақтамайды.

Жалпы, театрдың басты миссиясы – көрерменге рухани азық сыйлау ғой. Спектакль сахнада аяқталғанымен, ол көрерменнің жүрегінде жалғасын тауып, адамды ойлануға, өмірге басқаша қарауға тәрбиелеуі тиіс. Сенің орындауыңнан кейін көрермендер жаныңа келіп, «мені ойландырдың», «спектакльден шығып, үйге үндемей бардым» деп айтса, бұл сенің сахнада босқа жүрмегеніңді білдіреді.

– Әңгімеңізге рақмет!