Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Instagram парақшасында Майамиден видео жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кадрлардан спортшының отбасы мүшелерімен бірге көлікпен қала көшелерінде жүргенін көруге болады.
Жарияланымдағы геолокацияға сәйкес, Елеусінов қазіргі уақытта Майамиге жақын орналасқан Кендалл ауданында жүр. Еске салайық, биыл шілде айында Данияр Елеусінов Астанада жол-көлік оқиғасына байланысты полицияға жеткізілген болатын.
Іс материалдарына сәйкес, боксшы Toyota Land Cruiser көлігін мас күйінде басқарған. Ол бірнеше көлікпен соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетуге әрекет жасаған.
Апат салдарынан адамдар зардап шеккен жоқ. Алайда бірнеше автокөлікке материалдық шығын келді.
Сот отырысында Елеусінов өз кінәсін толық мойындады. Астананың мамандандырылған соты боксшыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.









