Көп тілде сөйлесеңіз миыңыз жасара береді

Aikyn.kz мидың қартаюы мен көп тілде сөйлеудің арасындағы байланысты scitechdaily.com мақаласына сүйеніп түсіндіреді.

Ғалымдардың пікірінше, тілдер арасында үнемі ауысып отыру миға үздіксіз жаттығу жасап, нейрондық байланыстардың ұзақ уақыт белсенді сақталуына ықпал етеді. Бір тілден екіншісіне ауысқанда адам тиісті сөздік қорды таңдап, басқа тілдегі баламаларды уақытша тежейді, дыбыстық жүйе мен грамматикаға бейімделеді. Бұның бәрі санаулы секунд ішінде жүзеге асады. Осындай тұрақты ой еңбегі зейін, есте сақтау және когнитивтік бақылау қабілеттерін шыңдайды.

Жаңа зерттеуді Испаниядағы Баск когнитивтік зерттеулер, ми және тіл орталығының ғалымы Люсия Аморузо бастаған халықаралық топ жүргізген. Ғалымдар Испанияның Баск елінде тұратын, бірден 4 тілге дейін меңгерген адамдардың ми белсенділігін талдаған. Өңірде испан, баск, француз және ағылшын тілдері қатар қолданылады.

Алдымен зерттеушілер 728 адамның миын магнитоэнцефалография әдісімен тексерген. Бұл технология жүйке жасушаларының белсенділігі кезінде пайда болатын өте әлсіз магниттік өрістерді тіркеп, мидың әр бөлігінің өзара байланысын бақылауға мүмкіндік береді. Кейін жасанды интеллект осы деректер негізінде адамның миының жасын анықтайтын «биологиялық сағат» моделін құрды.

Модель бөлек алынған 144 адамға қолданылғанда, айқын айырмашылық байқалған. Екі тіл білетіндердің миы бір тілді адамдармен салыстырғанда шамамен алты жылға жас көрінген. Үш тіл білетіндерде бұл айырма жеті жылға, ал төрт тіл меңгергендерде 13 жылға дейін жеткен.

«Қарапайым тілмен айтқанда, неғұрлым көп тіл білсеңіз, миыңыз хронологиялық жасыңыздан соғұрлым жас көрінеді», – деді Люсия Аморузо.

Зерттеу тіл саны ғана емес, оны қаншалықты ерте меңгергеніңіз бен қаншалықты еркін қолданатыныңыз да маңызды екенін дәлелдеген. Ғалымның айтуынша, көптілділіктің әсері біртіндеп қалыптасады. Мәселе тек адамның екітілді болуында емес, оның тілдік тәжірибесінің тереңдігі мен ұзақтығында.Бұл зерттеудің нәтижесі бойынша көптілділік миды міндетті түрде жасартады деген түпкілікті қорытынды жасау ерте. Мидың «жас болуына» адамның өмір салты, әлеуметтік белсенділігі, білім деңгейі мен дене қимылы да әсер етеді.

Қалай болғанда да тіл үйрену миды сергек ұстайтын пайдалы дағды екені анық. Сондықтан екінші, үшінші немесе төртінші тілді меңгеру тек мәдени және кәсіби мүмкіндік емес, ұзақмерзімді ми саулығына салынған инвестиция деп те қабылданғаны жөн. Зерттеудің толық нұсқасын мына сілтеме бойынша оқуға болады: Nature.com