Атақты қаржыгер АҚШ-тың ұзақмерзімді мемлекеттік облигацияларына қаржы салмайтынын айтты

Атақты банкирдің болжамын жариялаған CNBC телеарнасының материалына сілтеме жасаған Aikyn.kz әлемдік қаржы нарығындағы тәуекелдерді талдайды.

JPMorgan Chase банкінің бас атқарушы директоры Джейми Даймон дәл қазір жалпы қор нарығына да, АҚШ-тың ұзақмерзімді мемлекеттік облигацияларына да қаржы салмайтынын айтты. Даймон негізгі қауіптердің қатарында Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстарды, АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленісті, қорғаныс шығындарының ұлғаюын және мемлекеттік бюджет тапшылығының өсуін атады.

«Меніңше, бұл тәуекелдер көпшілік ойлағаннан әлдеқайда жоғары», – дейді ол.

Банк басшысының пайымдауынша, актив бағаларына белгілі бір қауіптер алдын ала енгізілгенімен, нақты оқиғалардың қалай өрбитіні есепке мүлдем алынбаған. Нарықтар соңғы уақытта соғыстарға, сауда тарифтеріне және өзге де күйзелістерге салыстырмалы түрде сабырлы реакция танытып келеді. S&P 500 индексі биыл шамамен 10% өскен. Бұған тұтынушылық шығындардың сақталуы, инфляцияның баяулауы және жасанды интеллект саласына құйылған мол инвестиция ықпал етуде.

JPMorgan Chase бен оның бәсекелестері де сауда операциялары мен инвестициялық банкингтен түскен кірістің артуы есебінен күшті тоқсандық нәтижелер жариялап отыр. Бұл –  АҚШ экономикасының соңғы геосаяси күйзелістерге күткеннен төзімдірек болғанының көрсеткіші.

Соған қарамастан, Джейми Даймон қазіргі тұрақтылыққа артық сенім артпауға шақырады. Оның айтуынша, әлемдік экономика бұрынғы онжылдықтармен салыстырғанда энергия ресурстарына тәуелділігін азайтып, анағұрлым икемді болғанымен, күтпеген бетбұрыс қаупі әлі де сақталуда.

Банкир АҚШ бюджетінің тапшылығы уақыт өте келе пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауына әкелуі мүмкін деп есептейді. Мемлекеттік қарызды қаржыландыратын инвесторлар тәуекел үшін көбірек өтемақы талап ете бастаса, облигациялар кірістілігі өсуі ықтимал.Даймон ұзақмерзімді қазынашылық облигацияларға қатысты да сақтық танытқан. Инфляция Федералдық резерв жүйесінің 2%-дық межесіне дейін төмендегеннің өзінде, он жылдық облигациялар кірістілігі 4-4,5% шамасында қалуы мүмкін. Сондықтан банк басшысы олардың бағасы айтарлықтай өседі деп күтпейді.

Жасанды интеллект төңірегіндегі инвестициялық дүрлігуге де Даймон байыппен қарайды. Ол қазіргі жағдайды интернет дәуірінің алғашқы кезеңімен салыстырады. Оның пікірінше, жасанды интеллект ақыр соңында экономикалық пайда әкеледі, алайда жеңімпаз компаниялар мен инвестицияның қайтарым мерзімі қазір болжанып отырғаннан мүлде өзгеше болуы ықтимал.

Америкалық банкирдің болжамдары Қазақ елінің экономикасына қалай әсер етеді?

Джейми Даймонның ескерткен факторлары Қазақ елінің экономикасы үшін маңызды сигнал болып саналады. Егер АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде сақталса, геосаяси тұрақсыздық жалғасса және инвесторлар тәуекелден қашса, Қазақ еліне келетін шетелдік инвестиция баяулап, қарыз алу құнының өсуі мен теңге бағамының құбылуы, мұнай кірістерінің тұрақсыздығы орын алуы мүмкін. Дегенмен Даймонның пікірін қазіргі жағдайға қатысты сақтық сигналы ретінде қабылдаған жөн, бірақ оның қазақ экономикасына қатысты әсері жоғары деп қарастыруға болмайды. Елдің алтын-валюта резервтері, Ұлттық қоры және мұнай-газ экспортын әртараптандыру бұндай сыртқы күйзелістердің әсерін жұмсартуға мүмкіндік береді.