Бүгін ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Шиелі ауданында «Прогресс жолындағы 20 белес» атты Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстыруға арналған ашық кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ЖСДП Орталық сайлауалды штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесудің негізгі мақсаты – халықпен ашық диалог орнатып, партияның стратегиялық бастамаларын түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау.
Жиын барысында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ергазы Алпысбайұлы сөз сөйлеп, партияның басты ұстанымы – әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Ол қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуде халық үніне құлақ асудың маңыздылығын айтып, ашық әрі сенімді диалог елдің тұрақты дамуының негізгі кепілі екенін жеткізді.
Сонымен қатар ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат болып ұсынылған партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қуандық Нұржау партия бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның ішінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, жастардың әлеуетін дамыту, әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру және өңірлердің дамуын қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде партияның бағдарламасында көрсетілген басымдықтарға назар аударды.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ашық білдірді. Әсіресе, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл инфрақұрылымын дамыту және жастар саясатына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды.
Жиын қорытындысында мұндай ашық кездесулердің қоғам мен партия арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністікті арттыруға ықпал ететіні атап өтілді. Қатысушылар да өз кезегінде осындай диалог алаңдарының тұрақты түрде өткізілуінің маңыздылығын қолдады.










