Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының аккредитациясы уақытша тоқтатылды. 15 жылдан бері жоғары деңгейде, заңды түрде, еш ескертусіз жұмыс істеп, әлем, Азия чемпиондарын шығарған ұйымның ресми қызметіне тосқауыл қойылды , – деп хабарлайды Aikyn . kz сайты Kazsport ММА ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азия мен әлемдік рейтингте көш бастап келе жатқан ММА ұйымының төңірегіндегі күрделі жағдай қазір көпшілікті алаңдатып отыр. Соңғы 15 жыл бойы ұлттық ММА мектебін қалыптастырып, елді халықаралық аренада жоғары деңгейге көтерген ұйымның қызметіне кімдер кедергі келтіріп жатыр? Әлде заңнамалық өзгерістер мен әкімшілік шешімдердің салдарынан әуесқой және бұқаралық спортты дамытудан гөрі, коммерциялық бағытқа және кәсіпқой жекпе-жектерге басымдық беріле бастағаны ма? Өйткені әуесқой федерацияның орнына кәсіби бағытта жұмыс істейтін жаңа ММА ұйымы ашылып, бірден ҚР Туризм және спорт министрлігінің «батасын» алып үлгерген деседі. Осының анық-қанығын білмек болдық.
Осы құқықтық коллизия салдарынан, ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №96 бұйрығымен Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының аккредитациясы уақытша тоқтатылды. Уақытша құжаттардың берілмеуі ұйымның операциялық және спорттық қызметін толықтай тұқыртып отыр.
ҚР Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсеновтің айтуынша, заңды қызмет еткен он жылдан аса уақытта федерацияның қызметіне қатысты ешқандай ескерту болмаған.
«Бұл тосыннан келген жаңалық емес. Бұған дейін Ұлттық олимпиадалық комитеттің (ҰОК) тануы болмағандықтан, қызметті тоқтата тұру туралы хабар келді. Осы орайда, аралас жекпе-жек түрлерінің (ММА) Олимпиада бағдарламасына енбейтінін ескеру керек. Олимпиадалық хартия ережелеріне сәйкес, тиісті халықаралық федерацияны Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) ресми түрде танымайынша, ҰОК олимпиадалық емес спорт түрлерін тануға құқылы емес.
Біздің федерация — Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының (IMMAF) толыққанды мүшесі. Қазіргі уақытта IMMAF өтініші ресми тану алу үшін ХОК қарауында жатыр, бұл туралы Спорт істері комитетіне өз уақытында хабарланған болатын. Комитет тарапынан хабарлама жіберілгенге дейін ММА-ді өзге федерация құрамындағы спорт түрлерінің бірі ретінде біріктіру жайлы ұсыныс айтылды. Бірақ мұндай нұсқа IMMAF мүшелігінің талаптарына қайшы келеді», — дейді Дүйсенов.
Федерация өкілінің айтуынша, ұйымды аккредитациядан айыру үлкен тәуекелдерге алып келеді.
«Қазақстан әуесқой ММА бойынша Азияда көшбасшы деп айттым. Одан бөлек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан IMMAF әлемдік рейтингінде бірінші орынға шықты. Осынша жетістіктен соң орын алған бұл жағдай ең алдымен еліміз бен федерацияның беделіне нұқсан келтіреді, сондай-ақ халықаралық аренадағы бәсекелестерімізге басымдық береді. Шыны керек, біз қарсыластарға өз қолымызбен жол ашып беріп отырмыз. Иә, бүгінгі таңда Федерация тікелей қаржылық шығынға ұшыраған жоқ. Бірақ беделдің айтарлықтай төмендеуі Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясының әлсіреуіне, әлемдік спорт қауымдастығындағы ұстанымымыздың әлсіреуіне және қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысу келешегіне кері әсер етуі мүмкін», – дейді Дүйсенов.
Ұлттық құраманың бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Баян Жанғалов бұл шешімді қабылдаудың қаншалықты қиын екенін сөзбен жеткізе алмайды.
«Бұл жағдай бізді күйзеліске салып отыр. Халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтатып, әлемдегі ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп жүрген ұйым қалайша бір күннің ішінде мемлекеттік аккредиттеуден айырылды? Осы спортқа бүкіл ғұмырын арнаған адамдардың болашағы қалай болмақ», – деп аһ ұрды бас бапкер.
Иә, бұл мәселеде бүкіл жүк спортшыларға түсіп отыр. Күні кеше ел намысын қорғап жүрген талантты спортшылар жан-жаққа тентіреп кетудің алдында тұр. Ұлттық құрама сапында балалар мен жасөспірімдерден бастап, ересектер арасындағы әлем және Азияның қазіргі чемпионы саналатын жүзге жуық спортшы бар. Олардың көпшілігі үшін аккредиттеу мәселесіне қатысты хабар күтпеген соққы болды. Себебі, спортшылар өздеріне тәуелсіз бюрократиялық шешімдердің салдарынан халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау мүмкіндігінен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.
Айта кете йік, біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы – Қазақстандағы ММА спортының көкжиегін кеңейткен елдегі алғашқы ұйым. Федерацияның жүйелі жұмысының арқасында отандық спорттағы жарқын жеңістер тіркелді. Федерация 12 жыл бойы Азияда бірінші орынды ұстап келді және 13 жылдан астам уақыт бойы әлемдегі үздік үш құраманың қатарына енді. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте көш бастап, бірінші орынға көтерілген болатын. UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов бастаған танымал файтерлердің үлкен спорттағы қадамы да тап осы ұйымнан басталған еді.
Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы орнатқан жүйе жемісін берді. Бүгінде ел бойынша 15 мыңнан астам спортшы аралас жекпе-жекпен айналысады. Өңірлердегі аккредиттелген 20 филиалда 48 білікті жаттықтырушы, 150-ден астам жас жаттықтырушы және 30 төреші, оның ішінде 9 халықаралық дәрежедегі төреші еңбек етеді.
Сонымен қатар, Федерация әлеуметтік жобаларды да белсенді түрде жүзеге асырды. Миландағы Паралимпиада ойындарында чемпион атанған Ербол Хамитовке тұрақты қаржылық және психологиялық қолдау көрсетілді. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Матильда Бачурина Азия және әлем чемпионы атанды. Бұл спортшыны ұлттық құраманың бас бапкері қанатының астына алған еді. Одан бөлек, жарақат алған спортшыларды оңалтуға қолдау көрсетіліп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айжан Әбдіқадырдың қатысуымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.









