Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 20-отырысы өткізілді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыстың негізгі тақырыбы – жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша базалық және әлеуметтік салық шегерімдерін қолданудың практикалық мәселелері.
Сонымен қатар қызметкердің табыс мөлшері шегерім сомасынан төмен болған жағдайларда базалық салық шегерімін қолдану мәселесі қаралды. Бұрын қолданыста болған Салық кодексі күнтізбелік жыл шегінде салық шегерімдерінің асып кетуін келесі айларға ауыстыруды көздейтін. Кодекстің жаңа редакциясында мұндай норма жоқ.
“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері базалық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін ауыстырудың бұрын қолданыста болған тетігін сақтауды ұсынды. Сонымен бірге Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа норманың идеологиясы азаматтарды, ең алдымен табысы төмен қызметкерлерді ай сайынғы қолдау шарасы ретінде базалық салық шегерімін беруді түсіндірді. Сондықтан базалық салық шегерімі әрбір күнтізбелік ай үшін жеке қолданылады және пайдаланылмаған соманы кейінгі салық кезеңдеріне ауыстыруды көздемейді.
Отырысқа қатысушылар ЖТС бойынша әлеуметтік салық шегерімін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды. Салық кодексінде I және II топтағы мүгедек адамдар үшін 5 000 АЕК, сондай-ақ III топтағы мүгедек адамдар, мүгедек балалардың ата-аналары, асырап алушылар мен қамқоршылар үшін 882 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімі көзделген.
Оған қоса, Салық кодексінің қолданыстағы редакциясы жұмыс берушінің ауысуы кезінде әлеуметтік салық шегерімінің пайдаланылмаған сомасын есепке алу мүмкін. Сонымен қатар Кодексте жеке тұлға бір мезгілде бірнеше жұмыс берушілерде жұмыс істейтін жағдайларда мұндай шегерімді қолдану тәртібін тікелей реттеу қамтылмаған.
Талқылау барысында нақты ережелердің болмауы норманы екіұшты қолдану және оны жосықсыз пайдалану тәуекелдерін тудыруы мүмкін екендігі атап өтілді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне салықтық жеңілдіктің әлеуметтік бағытын сақтауды қамтамасыз ететін және оны қолдану кезінде теріс пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын бірыңғай тәсілді әзірлеу тапсырылды.










