Сонымен бірге инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жалғасады. Алайда жұрттан жиналған қыруар қаржының бір бөлігінің лайықсыз жұмсалуы депутаттар сынына ұшырады. Сондықтан бақылауды барынша күшейту ұсынылып отыр. Ендігі қадам не болмақ?
Тұғырлы саланы жаңғыртудың жаңа тәсілі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 5 қаңтарда, Turkistan газетіне берген сұхбатында энергетикалық және коммуналдық сектордағы реформаға жеке тоқталған болатын.
– Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр стансаларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді, – деді Президент.
Әйткенмен, оның айтуынша, «әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз», жұмыс тәсілін өзгерту керек. Ендеше жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге, яғни салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруға бағытталуы керек. Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр. Қазақстан лидері «бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейтінін» ескертті.
– Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Азаматтар шарасыз күйге түсті, – деді Қ.Тоқаев.
Ол «тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жеткенін» қадап айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке «әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгертуді» жүктеді. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Ал өзгелер үшін тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам екенін нықтады.
Осы орайда «Ашық НҚА» порталында 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электр энергиясына жаңа тарифтер енгізуді көздейтін бұйрықтың жобасы жарияланған болатын. Бұл бастама қоғам мен кәсіпкерліктің наразылығын тудырды. Бірақ кейін Үкімет бұл шешімді қайта қарап, баға өсімін уақытша тоқтатуды ұйғарыпты. Бұл туралы кеше Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Елдің бас энергетигінің хабарлауынша, Үкімет 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясының тарифтерін көтермеу туралы шешім қабылдады. Министр бұл шешімді Үкіметтің бекітіп қойғанын, сол себепті таяу уақытта тұтынушылар үшін электр энергиясының құны өзгермейтінін жеткізді. Тиісінше, шілде айында Қазақстанда электр қуатының тарифтері қолданыстағы деңгейде қалады. Олай болса, табиғи монополистер қараша жұрттың қалтасын қақпай, қазандықтың отын сенімді маздатудың өзге жолдарын қарастыруға тиіс.
Жөндеу жұмыстары қарқын алды
Тарифтің өсуі уақытша бөгелгенімен, жылу-жарық алпауыттары қаражатсыз қалмайды. Энергетика саласын кешенді жаңғыртып, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңартылған бағдарламасы іске асырылып жатыр.
«Жаңартылған тәсілдің басты жаңалығы – инвестицияларды қайтарудың жылдық лимитін 32 млрд-тан 428 млрд теңгеге дейін көтеру және электр қуатын қолдауға арналған қызметтің шекті тарифін арттыру. Бұл жеке капитал тартуды және ауқымды техникалық қайта жарақтандыруды ынталандырады. Бағдарлама аясында едәуір қаражат жұмылдырып, елдегі электр стансаларында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын дер кезінде орындауға қол жеткізілді», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Өткен жылу беру маусымы ірі әрі қауіпті апатсыз аяқталғаны алға тартылды. Электр стансаларындағы технологиялық тәртіпбұзушылықтар саны 2025 жылға қарағанда 13%-ға, яғни 3 140-қа дейін азайды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 2026 жылы электр стансаларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 млрд теңге бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.
Бұл бағдарлама сыртында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 2025 жылы 17 мың шақырым электр беру желілеріне және 420 қосалқы стансаға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл желілердің тозу деңгейін 66%-ға дейін төмендетіпті.
Биыл да 17 мың шақырым электр желілері жөндеумен қамтылмақ. Оған қоса, 444 қосалқы стансаны, сондай-ақ 3,4 мың тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу көзделген. Үкіметтің дерегінше, бұл шаралар желілердің орташа тозу деңгейін 62%-ға дейін азайтуға, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді екен.
«Қыстың қамын жаз ойла» деген даналықты ұстанып, мемлекет келесі 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына энергетикалық кешен мен инфрақұрылымды дайындауға қазірден кірісіп те кетті. Бұл туралы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті хабарлады. «Біздің алдымыздағы басты міндет – алдағы күзгі-қысқы кезеңде халықты жылумен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Ол үшін барлық жөндеу жұмысы сапалы, толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуға тиіс. Әрбір кәсіпорын басшысы нәтижеге жеке жауапты болады», – деді комитет төрағасы Ержан Ертаев.
Оның айтуынша, барлық өңірде ауқымды жөндеу науқаны бекітілген кестелерге сәйкес жүргізіліп жатыр. Электр стансаларында негізгі жабдықтардың 16 бірлігі – 2 энергоблок, 10 қазандық және 4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы 2 энергоблокта, 26 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасады.
– Электр желілерінде шамамен 4,8 мың шақырым электр беру желісі, 107 қосалқы станса және 1 065 тарату пункті жөнделді. Бұл жылдық жоспардың бір бөлігі ғана! Жыл соңына дейін 17 098 шақырым электр желісін, 444 қосалқы стансаны және 3 408 тарату пунктін жөндеу көзделген. Жылу желілері бойынша қайта жаңғыртылады және күрделі жөнделеді деп жоспарланған 377 шақырымның 213 шақырымында жұмыстар жүргізілу үстінде, оның ішінде 52 шақырымы толық аяқталды, – деді ведомство басшысы.
Комитет энергетикалық кәсіпорындарға жөндеу бағдарламаларының толық орындалуын қамтамасыз етуді және жабдықтардың техникалық жағдайына бақылауды күшейтуді жүктепті. Әкімдіктер жылумен жабдықтау және электр желілері кешеніндегі жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін қажетті шараларды қабылдауға міндеттелді. Өз кезегінде комитеттің аумақтық департаменттері энергиялық объектілердің дайындығына апта сайын мониторинг жүргізбек. Бұл туындаған тәуекелдерге жедел әрекет ету үшін қажет.
Тариф тоқтады, талап күшеюге тиіс
Мәжіліске жолдаған хатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс істеп тұрған электр стансаларының жекелеген тораптары мен жабдықтарын кезең-кезеңімен жаңарту және жаңғырту жүргізіліп жатқанын баяндады.
«Олардың бәрін бір мезгілде және толық ауыстыру мүмкін емес. Себебі жөндеу үшін ірі генерациялау қуаттарын уақытша болса да істен шығару елдегі электр мен жылу энергиясының тапшылығына әкеп соғады. Осыған байланысты энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге және өсіп келе жатқан сұранысты өтеуге бағытталған жөндеу науқанын жүргізу, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ жаңа электр стансаларын салу жобаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Н.Нәлібаев.
Оның мәліметі бойынша, 2025 жылы электр стансаларын жөндеу шығындары 20%-ға ұлғайып, 411 млрд теңгеге жетті. Қабылданған шаралар генерацияны 17 273 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 9 электр стансасы қызыл аймақтан сарыға, 3 станса – сарыдан жасыл аймаққа өтті.
– Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары генерация секторына, күрделі жөндеу жұмыстарына шамамен 902 миллиард теңге инвестиция тартылды. Осы бағдарлама жобаларын қаржыландыру тек электр қуаты нарығының қолданыстағы тетіктерінен алынған қаражат есебінен жүзеге асырылады және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қарастырмайды, – деп сендірді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның түсіндіруінше, табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) инвестжобаларының орындалуын бақылау уәкілетті орган бекіткен инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың іске асырылуын талдау арқылы жүзеге асырылады. Сала алпауыттары жыл сайын, 1 мамырдан кешіктірмей, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның атқарылуы туралы есептерін ұсынуға міндетті. Антимонополиялық орган бұл есептердегі іс-шаралардың толықтығын, шындығын, мерзімінде орындалуын, сондай-ақ қаражаттың тиімділігі мен мақсатты пайдаланылуын жан-жақты талдайды.
Үкімет басшысының бірінші орынбасарының дерегінше, заң талаптары бұзылған жағдайда, уәкілетті орган ТМС-қа қатысты ықпал ету шараларын қолдануға – әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, агенттік 58 тексеру жүргізіп, 20 заңбұзушылықты анықтады. Табиғи монополистерге міндеттерін бұзғаны үшін 25 әкімшілік іс қозғап, 63,7 млн теңгеден астам айыппұл салды.
Қорыта айтқанда, энергетикалық дағдарысты еңсеру үшін нарықтық тарифтерге көшу қажет дегенімен, мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, бұл қадамды уақытша тоқтатуды жөн көрді. Алайда бұл үзіліс жылу-жарық алпауыттарының бағдарлама аясындағы жауапкершілігін жеңілдетпеуге, қайта арттыруға тиіс.
Тұтынушы мен монополист арасындағы әділдікті орнату үшін уәкілетті органдар тарапынан инвест-жобалардың мақсатты орындалуын жіті қадағалау аса маңызды. Бұл Әділетті Қазақстанды құрудың және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудың бір шарты. Президент айтқандай, Қазақстанның энергетикалық кешенін үздіксіз қаржы тілейтін «коммуналдық аждаһадан» мемлекеттің мығым ұстынына айналдыру – бүгінгі күннің басты сын-тегеуріні болып тұр.
Айхан ШӘРІП










