Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Грузияның әнұрандары шырқалды.
Содан кейін Қазақстан Президенті мен Грузия Үкіметінің басшысы шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат көрсетіп, аталған сапар қазақ-грузин серіктестігін нығайтуда өте маңызды екенін атап өтті.
– Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналасыздар. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді. Бүгінде көптеген туристеріміз Грузияға барып, жақсы көңіл күймен оралып жүр. Әрине әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін қолда бар әлеуетімізді тиімді пайдалануға бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейде кездесу өткізуді өзіне зор мәртебе санайтынын айтты.
– Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген саладағы ықпалдастықты қолдаймыз. Барлық бағыттағы байланыстарды арттыруға айрықша ниеттіміз. Бұл сапардың маңызы ерекше. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Аталған құжаттың екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан қарым-қатынасымыздың әлеуеті зор. Елдеріміз арасындағы достық пен өзара ықпалдастыққа қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Грузия Премьер-министрі.
Екі ел қарым-қатынасының өзегі
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе келіссөз жүргізді.
Ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі Грузиямен арадағы достық қатынастарды бағалайтынын атап өтті.
– Біздің елдерімізді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар мен халықтарымыздың арасындағы берік байланыстар біріктіреді. Бұл – өзара серіктестігіміздің негізі. Біз жаңа ғана нәтижелі пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенімізді растадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қазақ-грузин қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
– Сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының өзегі саналады. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді. Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку – Тбилиси – Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесу келешектегі жаңа басымдықтарды айқындауға септігін тигізеді деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Ираклий Кобахидзе Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскеніне тоқталды.
– Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы сенімді серіктесіміз. Орайлы сәтте Сізді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл Сіздің тегеурінді басшылығыңызды және Қазақстанның орнықты дамуын көрсетеді. Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ біз Қазақстанмен саяси диалог болсын, институционалдық және үкіметтік алмасулар болсын, түрлі деңгейдегі тығыз ықпалдастықты жоғары бағалаймыз. Мұның бәрі қарым-қатынасымызды ілгерілете түседі, – деді Грузия Премьер-министрі.
Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін оны нақтылай түсіп, энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларға бағытталған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін кеңейту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды үдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті.
Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.
Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Өткен жылы қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальды терминал ашылды. Анаклия порты – өңіраралық байланысты нығайту тұрғысынан қызықты жобаның бірі саналады.
Цифрландыру мен жасанды интеллект өзара ынтымақтастықтың перспективті салаларының қатарында аталды. Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады.
Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды.
Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды.
Мәдени бағыттың маңызы зор
Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын атап өтіп, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени алмасуларды қолдаудың маңызына мән беріп, екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Бұған қоса, екі елдің делегация мүшелері бірқатар мемлекетаралық және ведомствоаралық құжат алмасты.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы көшбасшылық танытып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады.
Марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзені еліміздің досы, көреген көшбасшы және өз ісіне берілген мемлекет қайраткері деп атады.
– Сіздің тегеурінді басшылығыңыздың арқасында Грузия ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп, азаматтарының әл-ауқатын арттырып келеді. Сонымен қатар халықаралық беделін нығайтып, аймақтағы негізгі серіктестердің қатарында ұстанымын күшейте түсті. Грузия қуатты әрі өркендеген ел ретінде жаңа биіктерді бағындырып, орнықты даму жолында алға қарай қадам баса беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылық, сан ғасырлық достық пен өзара түсіністік байланыстыратын Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін жоғары бағалады.
– Қазақ халқы Грузияның бай тарихы мен бірегей мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Грузин қауымдастығы біздің көпұлтты қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады әрі екі ел арасындағы байланысқа дәнекер болып жүр. Кейінгі жылдары екіжақты қарым-қатынасымыз тың серпін алды: саяси диалог жанданып, өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Сондай-ақ түрлі саладағы экономикалық ынтымақтастық кеңейе түсуде. Қазақстан мен Грузия әлемдік аренада тиімді ықпалдастық орнатып, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бір-біріне дәйекті түрде қолдау білдіруде, – деді Президент.
Грузия Премьер-министрі қызметіне жоғары баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.









