Қарқаралыдағы Бұғылы тауының баурайында жаңа рекреациялық аймақ құрылып жатыр. Бұл туристердің жайлы демалысына арналған тағы бір тартымды орынға айналмақ.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің туристік саласы тұрақты өсім көрсетті. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 10 млн-нан астам қонақты қабылдады. Оның ішінде ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 700 мың адамға артты.
Туристік ағынның өсуімен қатар саланың экономикалық қайтарымы да артып келеді. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 млрд теңгеге жетсе, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Бұл есепте Қарағанды облысының да айтарлықтай үлесі бар.
Бүгінде екі бірдей туризм орталығына ақша құйылуда. Және одан қайтарым да бар. Бұл – Қарқаралы мен Балқаш қаласы. Қарқаралыда бүгінде жалпы аумағы 75 гектарды құрайтын аумақта қонақүйлер, глэмпингтер, мейрамханалар, этноауыл, ойын-сауық саябағы және тау шаңғысы кешенін салу жоспарланған. Қазір мұнда инженерлік желілер тартылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтары салынуда.
– Осы 75 гектар аумақта бүгінде су, кәріз, электрмен жабдықтау желілерін тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылым толық дайын болған соң жер телімдерін инвесторларға ұсынатын боламыз. Қарқаралының жыл бойы туризмді дамытуға әлеуеті өте жоғары болғандықтан, кәсіпкерлерді ынтымақтастыққа шақырамыз, – деді Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин.
Оның айтуынша, туризмнің дамуына Қарағанды – Қарқаралы автожолын жаңғырту жұмыстары да оң әсерін тигізген. Жол жүру уақыты шамамен екі сағатқа дейін қысқарып, туристер ағыны екі-үш есеге артқан. Бүгінде Қарқаралының айналасында 40 демалыс аймағы жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың саны едәуір көбеймек. Туристік инфрақұрылым мемлекеттік қолдаудың арқасында қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар курорттық қаланың келбеті де жаңарып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.
Qarqaraly Go жобасының құрылтайшыларының бірі Ерлан Төлеубековтің айтуынша, жобаның басты ұраны – «Балаңызға гаджетсіз жаз сыйлаңыз». Тәрбиешілер балаларды дербестікке, жауапкершілікке және ұжымда жұмыс істей білуге баулиды. Бағдарламаға жаяу жорықтар, атпен серуендеу, спорттық және шығармашылық сабақтар енгізілген. Жаз мезгілінде сегіз ауысым ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қарқаралыда жол бойы сервисі де дамып келеді. Өңір маңында 40 бөлмелі мотельдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысан жыл сайын бес мыңға дейін турист қабылдай алады.
Ал Балқаштың туристік әлеуеті Balkhash Tour Fest фестивалінде жақсы қырынан көрінді. Мысалы, Visit Karaganda павильонының жұмысында келушілерге Қарағанды облысының туристік дестинациялары, орналастыру орындары, танымал маршруттар мен негізгі оқиғалық іс-шаралар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Мемлекетімізде 2029 жылға дейінгі тұжырымдама қолға алынған. Саланы одан әрі дамыту туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жүргізілетін болады. Жаңартылған жоспар 6 бағытты қамтиды, оның ішінде 61 іс-шара бар. Қосымша 2026-2029 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды, онда тағы 119 іс-шара көзделген. Мақсатты бағыттардың бірі – 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін арттыру.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы










