Тау туризміне тың серпіліс қажет

Мамандардың сөзінше, мега­полиске жақын орналасқан таулар шаһар үшін әлемдік туристік нарықта танылуға таптырмас мүмкіндік. Се­бебі аспанмен астасқан таулардың ірі қалаға жақын орналасуы әлемнің са­наулы мегаполистерінде ғана кез­деседі. Сарапшылар мұндай артық­шылық Алматы қаласын Орталық Азиядағы тау туризмінің жетекші ор­талығына айналдыруға жол аша­тынын жеткізді. 

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы оңтүстік астанасына табан тіре­ген туристер саны айтарлықтай арт­қан. Былтыр қалаға 2,4 миллионнан астам турист келсе, оның 754 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 110,9 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстыр­ғанда 15,2 пайызға өскен. Ал салаға тартыл­ған инвестиция көлемі шама­мен 200 млрд теңге болған. Маман­дардың айтуын­ша, Қазақстанға келген ту­ристер тек қысқы демалыс үшін емес, экология­лық туризм, трекинг, вело­маршрут, кемпинг және табиғат ая­сындағы белсенді демалыс түрлеріне көбірек қызығушылық танытады. Сондықтан олар Алматы тау кластері маусымдық жоба ретінде қалып қоймай, төрт мезгілге қатар бейім­делген туристік экожүйе ретінде дамуы тиіс екенін алға тартты. 

Бұл ретте Еуразиялық туризм қауым­дастығының президенті Рысты Қарабаева Алматыға халықаралық деңгейдегі ауқымды әрі заманауи туристік жоба қажет екенін атап өтті.

– Тау кластерін дамыту ұзақ­мерзімді әрі жоғары деңгейде қаражат жұмсайтын туристерді тартуға мүм­кіндік береді. Бұл қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, сервис және шағын бизнес салаларының тұрақты дамуына ықпал етеді, – деді ол.

Қазір Алматы тау кластері аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, осыған дейін Алма-Арасан аумағы жаңартылып, жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын 10 тау маршруты абаттандырылған. Сонымен бірге күн панельдерімен жабдықталған кем­пинг аймақтары іске қосылып, ту­ристік нысандар саны көбейген. 

Одан бөлек, сарапшылар халық­аралық тәжірибені де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Швейцария, Аустрия және Франциядағы тау ту­ризмі ел экономикасының маңызды секторына айналған. Бұл мемле­кеттерде тау инфрақұрылымы тек қысқы маусыммен шектелмей, жыл бойы турист қабылдауға бейімделген. Алматыда да төрт мезгілге арналған туристік бағыттарды дамытуға мүм­кіндік бар. 

Сарапшылардың пікірінше, тау кластерін дамыту Алматы қаласының халықаралық деңгейдегі имиджін нығайтады. Онымен қоса, бұл бағыт шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, сервистік экономиканың жаңа драйверіне айналуы ықтимал. Қазірдің өзінде кластерге жыл сайын шамамен 3 миллион турист келеді. Оның ішінде 2,2 миллионы – отан­дық, ал 764 мыңы – шетелдік туристер. 

Дегенмен бұл бағытта шешімін күт­кен түйткілдер де жоқ емес. Алма­ты тау кластерін дамыту ең алдымен заманауи инфрақұрылым сапасына байланысты. Қазір өңірдің кейбір туристік аймақтарында бірқатар мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Мысалы, таулы аймақтарға апаратын жолдардың жағдайы, автотұрақтардың жетіспеуі, қоғамдық көлік қатынасы­ның әлсіздігі мен санитарлық инфра­құрылымның жеткіліксіздігі туристер үшін қолайсыздық тудырады. Сала мамандарының сөзінше, халықаралық деңгейдегі туристік орталық қалып­тастыру үшін ең әуелі базалық сервис толыққанды жолға қойылуға тиіс. Бұл қатарға ыңғайлы жол, заманауи визит-орталықтар, қауіпсіз жаяу бағыттар, навигациялық белгілер, құтқару қыз­меті, тұрақты интернет байланысы және экологиялық талаптарға сай де­­малыс орындары кіреді.

Сарапшылар негізге алған тағы бір өзекті мәселе – туристік ағынның көбеюі. Бұл өз кезегінде шаһардағы эко­логия мәселесін де алдыңғы қатар­ға шығарады.

– Инфрақұрылымды дамыту ба­ры­сында табиғи ландшафтқа зиян келтірмеу маңызды. Әсіресе қоқыс жүйесін реттеу, су ресурстарын қорғау және тау экожүйесіне түсетін жүкте­мені бақылау басты назарымызда бо­луы қажет, – деді мамандар. 

Mastercard Tourism Insights зерт­теуіне сәйкес, кейінгі жылдары Алма­ты шетелдік туристер үшін тартымды бағыт ретінде позициясын нығайта түскен. Зерттеу деректері бойынша, қалада шетелдік қонақтардың шығы­ны 40  пайызға артқан. Ал Алматыға са­пар­лауға деген қызығушылық 73 па­йызға өскен. Халықаралық сарап­шы­лар да Алматының туристік әле­уетіне жоғары баға беріп отыр. Соның бір мысалы, әйгілі Bloomberg басы­лымы осыған дейін мегаполисті 2026 жылы баруға ұсынылатын әлемдегі үздік 25 бағыттың қатарына енгізген еді. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы