TURGYNDAR AMANATY: Қостанайда көпқабатты тұрғын үйдің коммуналдық мәселесі оң шешімін тапты

 

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылған жоба аясында еліміздің түрлі өңірінде тұрғындарды алаңдатқан мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мәселен, Қостанай қаласында Узкоколейная көшесінде орналасқан 24 пәтерлі тұрғын үйде электрмен жабдықтауға қатысты күрделі мәселе туындаған. 2023 жылы пайдалануға берілген көпқабатты үй газ жүйесіне қосылмағандықтан, тұрғындар толықтай электр энергиясына тәуелді. Ғимаратта орнатылған жекеменшік трансформатордың қуаты жеткіліксіз болу салдарынан ішкі электр желісіне шамадан тыс күш түсіп, жиі апаттық ажыратулар болған.

Азаматтар бұл мәселені бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға жеткізгенімен, мердігер компания тарапынан нақты шаралар қабылданбаған. Осыған байланысты тұрғындар «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалына көмекке жүгінді.

Өтініш негізінде партия филиалы мәселені бақылауға алып, мердігер ұйыммен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір ай ішінде тұрғын үйдің жертөлесіне қуаты жоғары жаңа трансформатор орнатылып, көшедегі ескі әрі қауіпті құрылғы толықтай ажыратылды. Бұл – тұрғын үйдің электрмен жабдықтау жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

«Үш жыл бойы мекемелер шеше алмаған мәселені партия нақты заң шеңберінде бақылауға алып, қысқа мерзімде нүктесін қойды. Қазір үйімізде электр жарығы тұрақты. Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді», – деді үй төрағасы Анар Мырзабаева.

Айта кетейік,  TURGUNDAR   AMANATY жобасы аясында көпқабатты үйдің коммуналдық мәселелерін шешу, азаматтарға құқықтық кеңес беру және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.