Бұл – тек сауданың алтын көпірі ғана емес, қос мемлекеттің ынтымақтастығы мен серіктестігі, бейбіт те тату көршілігі, халықаралық беделі тұрғысынан стратегиялық маңызды, тарихи мега-жоба. Десек те, бүгінде ол қордаланған күрделі түйткілдердің құрсауында қалып, қоғам мен қалаулылар сынына ұшырады. Проблеманың ауқымдылығы сонша, оны ІІМ, ҰҚК, Қаржы министрлігіне жеке кеңесте талқылауға тура келген.
Сауданың алтын көпірі ме, сарсаңның қыл көпірі ме?
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы – Қазақстан мен Қытайға төл өнімдерін бір-біріне тікелей, еш делдалсыз өткізуге, ал оның тұрғындарына визасыз кіріп, еркін сауда-саттық жасауға, ортақ туризмді дамытуға арналған бірегей аймақ. Ол Жетісу облысы аумағында, Алматыдан шамамен 330 шақырым жерде орналасқан. Еске салсақ, «Қорғас» ШЫХО» АҚ басқарушы компаниясы пандемияға байланысты аумақты 3 жылға жауып, саяхатшыларды қабылдауды тоқтатқан болатын. Осы жылдары бұрыннан қордаланған біраз проблеманы шешіп тастауына толық мүмкіндігі болды.
Орталықтың өзі «дәл солай жасадық» деп отыр. Оның мәліметіне қарағанда, сол кезеңде орталықтың өткізу кеденінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, келіп-кетушілерге қолайлы жағдайлар жасалды. «Қорғасқа» тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен емес, сондай-ақ Ресей және ТМД-ның басқа елдерінен туристер ағылатыны белгілі. Сондықтан орталықтың қызметі барлық бағытта цифрландырылыпты, осы арқылы келушілерді қабылдау және қызмет көрсету сапасының деңгейін арттыруға күш салды. ШЫХО аумағында автокөліктер кептелісіне жол бермеу үшін оны тастап кететін автоматтандырылған тұрақ, билет пен багаждың автоматтандырылған жүйесі іске қосылған. Жолаушылар залында анамен бала бөлмесі, банк бөлімшелері, дәріхана, дүкендер және басқасы ашылған.
Әйткенмен, өркендеу әлеуетінің жоғарылығына қарамастан, «Қорғас» ШЫХО бірқатар өткір мәселеден бас көтере алар емес. Ең күрделі әрі түйткілді мәселелер қатарында сарапшылар келесіні атайды. Орталықты басқарудың әртүрлі бөлігі мен тетіктеріне жауапты құрылымдар арасындағы ведомствоаралық үйлесімнің әлсіздігі және өзара байланыстың нашарлығы, ШЫХО-дағы Қазақстан мен Қытай жағының инфрақұрылымдық дамуының тең емесі, яғни бір-біріне сай келмеуі, логистикалық және көлік тораптарындағы кептеліс пен үлкен жүктеме, бұл аймақ ұсынатын зор мүмкіндіктер туралы кәсіпкерлердің ақпараттандырылу деңгейінің тым төмендігі және басқасы бар.
Тіпті қарапайым инфрақұрылымға қатысты да кемшін тұстар жетіп артылады екен. Мысалы, кәсіпкерлердің шағымдануынша, Қазақстан тарапында сумен жабдықтау, жылу беру және кәріз жүйелерінде ақаулар туындап тұрады. Қытайлық бөлігі кәсіпкерлеріне, сауда орындарына мелдектей толып тұр, тауардың неше атасы табылады, ал қазақстандық бөлігі әлі де жете жүктелмеген: шетелдік қонақтар іздегенін таппай жатады. Өз кезегінде бизнес өкілдері шектен тыс жоғары алым-салықтар мен негізсіз төлемдер жиналатынына шағымданады. Мәселен, бизнестің жүк көлігінің орталыққа бір рет кіргені үшін бірнеше жүз мың теңге, ал жалға алушылардың жеңіл автокөлігінің рұқсат қағазы үшін айына ондаған мың теңге талап етілетін көрінеді.
Қарапайым жұрттың пікіріне назар аударсақ, негізгі көңіл толмастық біріншіден, ұзын-сонар кезекпен, өткізу қабілетінің төмендігімен (күніне 8-9 мыңдай адамды ғана өткізе алады), келушілер мен жүк көліктерінің ағынын ұйымдастырудың жете үйлестірілмеуімен, автотұрақ табудың күрделілігімен байланысты. Бұл орталықтың әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға, транзитке тежеу.
Екіншіден, келушілер баж салығынсыз әкете алатын тауар көлемін арттыруды (айына 25 келі тауар ғана тегін, бұл бір чемоданнан аспайды), багаж қабылдау жүйесін жаңғыртуды және жүктерді шатастыруды жоюды, қоғамдық тәртіпті күшейтуді (полицияны табу оңай емес көрінеді), кеденшілер штатын ұлғайтуды ұсынды. Сондай-ақ көрші жағының толыққанды жүктелуі аясында Қазақстан бөлігінің кейбір қанаттарының қаңырап бос жатқаны көңілге қаяу түсіреді екен.
Өркендеу жолында өткелдер ашық па?
«Қорғастың» ҚХР-ға «тәуелділігі» жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызады: 2026 жыл басында қытай «Жаңа жылын» тойлағанда, қазақстандық бөлік те екі аптаға жабылуға мәжбүр болыпты. Сонда ШЫХО бизнес пен туристерге орталықтың 16 ақпаннан 1 наурыз аралығында жабық болатынын ескерткен-тін. Ковид кезінде де негізінен көршінің талабымен есігіне қара құлып ілген екен.
Қарша бораған сынға жауап берген Жетісу әкімдігі орталықтың жетістіктеріне екпін түсірді. Оның дерегінше, пандемиядан кейін қайта ашылғалы, 4 жылда келуші саны 967 мыңнан 1,8 миллионға дейін өсті.
– Кейінгі жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында цифрландыру, автоматтандыру, инфрақұрылымды жаңғырту бойынша іс-шаралар кешені іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде ол туризмді, сауданы және инвестицияларды дамытуға бағытталған, заманауи инфрақұрылымы бар тиімді алаңға айналды, – деді Жетісу облысының әкімдігі.
«Қорғас» ШЫХО басқарма төрағасының орынбасары Сейілбек Садырбектің айтуынша, мұнда барлық басқару және өткізу процесі толықтай цифрландырылып, Face ID жүйесі енгізілген.
– «Қорғас» ШЫХО бас ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Кіруден бастап тауарды беруге дейінгі барлық процесс толықтай цифрлық форматқа көшірілді. QR-код арқылы онлайн-билеттер сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Соның арқасында орталықтың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Мысалы, 2024 жылмен салыстырғанда былтыр келушілер саны 16%-ға өсті. Егер бұрын біз күніне 4-5 мың адамды ғана қабылдасақ, қазір 9 мыңға дейін адамға қызмет көрсете аламыз. Биыл бұдан да көп турист күтіледі, – деп атап өтті С.Садырбек.
Бұдан бөлек, екінші жүк терминалы және «Қазпошта» АҚ компаниясының жүк тасымалдау сервисі іске қосылды. Осының арқасында тауарларды тасымалдау елеулі жеңілдеді: бұрын бұған 4-5 сағат кетсе, цифрландырудан кейін 1-1,5 сағатқа дейін қысқарыпты.
«Қорғас» мәселесін көтеріп жүрген сенатор Сүйіндік Алдашев кейбір мәселе әлі де қалғанын ескертті. Жол инфрақұрылымының белгілі бір бөлігі дайын бола тұра, ШЫХО мен Қорғас ауылындағы ескі кеден бекетінің әлеуеті толық пайдаланылмай тұр. Бұл көлік ағындарының тиімділігіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ «Қорғас» орталығының қытай бөлігі әкімшілік тұрғыда Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының Іле-қазақ автономды округіне бағынып, соның құрамына кіретіні мәлім.
Содан Қытайдың шекаралас аумағында, Қорғастың қытай бөлігінде жүрген Қазақстан азаматтары тосын не жазатайым жағдайға тап болса, мысалы, жол апатына ұшыраса, аптаптан жүрегі тоқтап қалса, жедел консулдық көмекке қол жеткізе алмайды. Қытай заңнамасына сәйкес, қайтыс болған қазақстандықтың мәйіті өңірдің әкімшілік орталығы – 700 шақырым жердегі Үрімші қаласына жеткізіліп, сол жерден Қазақстанның консулдығында тиісті құжаттарды рәсімдеу талап етіледі. Марқұмның туыстары көп қаржысын және уақытын шығындауға мәжбүр.
– Екі ел өзара визасыз режим енгізгенімен, жеңіл автокөліктердің кіру тәртібінде тепе-теңдік жоқ. ҚХР азаматтары Қазақстанға машинасымен еркін кіреді, ал Қытай қазақстандықтардан автокөлік құнының 40% мөлшерінде сақтандыру депозитін енгізуді және медсақтандыруды рәсімдеуді талап етеді. Қытай көліктеріне Қазақстан мұндай талаптар қоймайды, соның салдарынан олардың елімізде іс жүзінде бақылаусыз жүруіне жол беріліп жатыр, – деді Сенат депутаты С.Алдашев.
Жүйені жаңғыртуға қажеттілік бар
Жуырда бір топ сенатор Үкіметтен біріншіден, Қорғастың қытай бөлігінде Қазақстан консулдығының арнайы бөлімшесін ашуды сұраған еді. Екіншіден, депутаттар Қазақстанның екі ел арасында кіріп-шығатын автокөліктерге қойылатын талаптардың тең болуына табандауы керегін атап өтті. Үшіншіден, Қазақстан үкіметаралық деңгейде біздің азаматтарға шекараны жүк көлігімен де, жаяу да еркін кесіп өту құқығын әперу мәселесін пысықтап, ҚХР-дың «жүксіз шықпау» талабының жойылуына қол жеткізгені жөн. Алайда бұл депутаттық бастамаларды Үкіметтің қабылдаудан бас тартқаны енді анықталды. Ол туралы Премьер-министр О.Бектеновтің Сенатқа хатында айтылған.
– Қазір Бейжіңде орналасқан Қазақстан елшілігінің консулдық бөлімі Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы аумағындағы Хоргоста азаматтарымызға қатысты туындайтын мәселелер бойынша тұрақты және жедел түрде консулдық-құқықтық көмек көрсетіп келеді. Бұл бағытта қажетті қолдау шараларының толық көлемде қамтамасыз етілуіне орай ҚХР-дың Хоргос қаласында жеке консулдық бөлімше ашуды орынсыз деп санаймыз. Бұған қоса, ҚР мен ҚХР арасындағы қолданыстағы тетіктер қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін жеткілікті деңгейде тиімді қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтеміз, – деп дәйектеді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов елге уақытша кіретін шетелдік көлік иелеріне қатысты сақтандыру депозиттерін не өзге де қосымша қаржылық кепілдіктерді енгізу туралы талаптар Қазақстан заңнамасында көзделмегенін еске салды. Ал Қытайда бұл заңмен бекітілген екен. Қазақстан одан «заңыңды өзгерт!» деп қолқалай алмайды.
Оның орнына қытайлық көліктерден де депозит талап етуге болар еді, бірақ Үкімет оған бармайды. Тек ҚХР азаматтарына тегін медициналық қызмет көрсету орнына міндетті сақтандыруды енгізу қарастырылуы мүмкін. Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, сондай-ақ «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заңының жобасын әзірлеп жатыр. Премьер-министр осы жұмыс шеңберінде ҚР аумағына келетін шетелдік туристер үшін міндетті медициналық сақтандыруды талап ету мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.
2005 жылғы 4 шілдедегі «ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы «Қорғас» ШЫХО-ның қызметін реттеу туралы келісімге» өзгерістер пен толықтырулар енгізу жұмысы қолға алынды. Тиісті хаттама жобасы Қытайдың қарауына жіберілді. Түзетулер жобасында Қазақстан «Қорғас» орталығын тәулік бойы жұмыс істеуге көшіруді, өткізу пунктін ашуды, «Қорғас» ШЫХО-ның екі жағынан да азаматтардың өтуін қамтамасыз ету бөлігінде түзетулер енгізуді ұсынып отыр.
Айхан ШӘРІП









