Алматыда «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «BIR TOLQYNDA» жастар жобасы аясында ашық дәрістер өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоба студенттерді, жас мамандарды және қоғам белсенділерін біріктірді. Мұндағы мақсат – жастар саясаты, саяси жүйені реформалау, ғылым мен технология салаларындағы негізгі мәселелер бойынша билік өкілдерімен және сарапшылар қауымымен ашық диалог орнату.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мутәлі, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, мәслихат депутаттары, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов жастарды саяси үдерістерге тартудың маңызына тоқталды.
«Жастар Президент реформаларының қалай жүзеге асып жатқанын, елде не болып жатқанын нақты түсініп, саяси және қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуы – біз үшін аса маңызды. Дәл осы мақсатта «BIR TOLQYNDA» жобасының жаңа маусымы қолға алынды. Жас көшбасшылар бұл ашық жобаға барынша көп қатысса дейміз. Бүгін біз конституциялық реформаны, өткен референдумды, бір палаталы парламентке көшу мәселесін және өзге де өзекті тақырыптарды талқылап жатырмыз. Мұның бәрі қазіргі саясат қалай қалыптасып жатқанын жастар толық түсінуі үшін қажет», – деді Александр Данилов.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мутәлі жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсыну ісіндегі партия рөліне тоқталды.
«Партия жастарға әлеуметтік тұрғыда өсу мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мемлекет басшысы жастарды дамытуға ерекше мән беріп, Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасына бастамашылық етті. Осындай бастамалар жастарға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылуда», – деді депутат.
Өз кезегінде, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
«Біз осы елде өмір сүріп жатырмыз және саясат біздің өмірімізге тікелей әсер етеді. Біз өмір сүретін қағидалар заңдар арқылы қалыптасады. Жастар жаңа платформалар мен трендтерге тез бейімделеді. Сондықтан осы белсенділікті конструктивті арнаға бағыттау маңызды», – деді Ақерке Искандерова.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев жастар саясатын жүзеге асыру ісіндегі серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті.
«Тиімді жастар саясаты мемлекет, қоғамдық институттар және белсенді жастар арасындағы өзара тығыз іс-қимылсыз жүзеге аспайды. Алматыда біз «AMANAT» партиясымен, «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірге жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеміз», – деді Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары.
Дәрістер қаладағы төрт алаңында өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қатысушылар жоғары оқу орнының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, Робототехника орталығы мен Farabi HUB-қа барды. Студенттермен өткен диалог барысында жастар саясаты, бастамаларды қолдау, ғылым мен технологияны дамыту мәселелері талқыланды.
DefenseTech Hub алаңында қатысушылар технологиялық жобалармен және «QAISAR» бастамасының қызметімен танысты. Кездесуде технологиялық даму, патриоттық тәрбие және жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру мәселелеріне мән берілді.
Satbayev University-де техникалық мамандықтарда білім алып жатқан студенттермен инженерлік білім, кәсіби даму және жас мамандардың мансаптық мүмкіндіктері туралы ашық диалог өрбіді. Қорытынды кездесу қаладағы «Жастар Рухы» жастар қанатының орталығында ұйымдастырылды. Қатысушылар орталық қызметімен танысып, жастар қауымымен алдағы жұмыс форматтарын талқылады.
«BIR TOLQYNDA» жобасы негізінде қатысушылардың толыққанды қауымдастығы қалыптасады. Бұл алаң сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен тұрақты кездесулер өткізуге, кәсіби тұрғыда өсуге арналған білім беру бағдарламалары мен воркшоптарды ұйымдастыруға, сондай-ақ жас көшбасшылар, белсенділер және түрлі сала мамандары арасындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, «BIR TOLQYNDA» жобасы бір реттік іс-шаралар шеңберінен шығып, дамуға және ел өміріне белсенді араласуға ұмтылатын жастарға арналған ұзақмерзімді экожүйеге айналуда.










