Әлем назарын аударған жиын түркі интеграциясының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетті. Саммиттің дәл Түркістанда өтуінің өзі символдық әрі стратегиялық мәнге ие. Өйткені Түркістан – түркі халықтарының тарихи жады мен рухани тамырын тоғыстырған мекен.
Атажұрттың темірқазығы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында Түркістанның тарихи миссиясына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы «Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы» деп атап, көне шаһардың түбі бір түркі жұртын ұйыстыратын қасиетті қара шаңырақ екенін айрықша айтты. Президенттің бұл пайымы бүгінгі геосаяси жағдайда ерекше мәнге ие. Себебі қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде тек экономикалық немесе әскери ықпалдастық емес, ортақ өркениеттік код пен рухани бірегейлік те маңызды факторға айналып отыр. Саммиттің негізгі ерекшелігі оның тек мәдени-рухани мәселелермен шектелмей, нақты технологиялық, ғылыми және экономикалық бастамаларға бағытталуында. Қазақстан Президенті түркі мемлекеттері арасындағы электронды құжат айналымы мен цифрлық қолтаңбаны біріздендіру мәселесін көтерді. Бұл – ұйым кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланысты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Сарапшылардың пікірінше, цифрлық интеграция түркі елдері арасындағы кедендік, логистикалық және инвестициялық процестерді жеңілдетіп, ортақ экономикалық кеңістіктің қалыптасуын жеделдетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, CubeSat-12U ғылыми спутнигін бірлесіп іске қосу бастамасын ұсынды. Бұл ұсыныс түркі мемлекеттерінің технологиялық әлеуетін біріктіруге бағытталған стратегиялық жоба ретінде бағалануда.
Саммитте көтерілген маңызды бастамалардың бірі – жасанды интеллект саласындағы бірлескен инфрақұрылым қалыптастыру. Президент түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды, IT-хабтардың ортақ платформасын қалыптастыруды және түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын цифрлық жүйе әзірлеуді ұсынды. Бұл бастамалар жаһандық цифрлық дәуірде түркі әлемінің ақпараттық тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған. Бүгінде әлемде мәдени мұра үшін күрес тек тарихи ескерткіштерді сақтаумен шектелмейді. Ол ақпараттық кеңістіктегі ықпал, ғылыми интерпретация және цифрлық архивтер арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан ұсынған цифрлық гуманитаристика жобалары түркі өркениетінің интеллектуалдық кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Түркі өркениеті орталығы
Саммит барысында жарияланған ең маңызды шешімдердің бірі – Түркістанда Түркі өркениеті орталығын құру бастамасы. Президент бұл орталықтың бауырлас елдердің ортақ ғылыми зерттеулер жүргізуіне, мәдени және білім беру жобаларын іске асыруына жол ашатынын айтты. Бұл бастама Түркістанды тек тарихи-рухани орталық емес, халықаралық академиялық және ғылыми хабқа айналдыруға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағалануда.
Осы мақсаттағы нақты жобалардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында бой көтеретін Ясауи ғылыми-зерттеу институты. Аталған институт ғимаратының капсуласын салу рәсімі салтанатты түрде өтті. Символдық тұрғыдан ерекше маңызға ие бұл рухани мұраны зерттеу мәселесінің мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық басымдыққа айналғанының айқын көрінісі. Жаңа институт түркі өркениетін, сопылық ілімді, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығын зерттейтін халықаралық ғылыми орталыққа айналмақ. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи мұрасы кешенді түрде зерттеліп, сирек қолжазбаларды цифрландыру, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізіледі.
Институт құрамында Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология және Ясауитану ғылыми-зерттеу институттары, заманауи зертханалар, қолжазбалар музейі мен көрме орталығы орналаспақ. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асатын кешен болашақта 2 мыңға жуық студент пен жас зерттеушіге қызмет көрсететін халықаралық ғылыми кампусқа айналуы мүмкін. Жобаның Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі қолдауымен жүзеге асырылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени ықпалдастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл бастама тек екіжақты серіктестікті емес, жалпы түркі әлеміндегі гуманитарлық интеграцияны нығайтады.
Сарапшылардың пайымдауынша, Түркістан саммиті бірнеше маңызды үрдісті айқындап берді. Біріншіден, Түркі мемлекеттері ұйымы символикалық ұйым деңгейінен нақты жобаларға негізделген ықпалды аймақтық құрылымға айналып келеді. Екіншіден, ұйым қызметінде технология, цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Үшіншіден, Түркістанның халықаралық мәртебесі күшейіп, ол түркі дүниесінің рухани астанасынан бөлек ғылыми және мәдени дипломатия орталығына айналу жолына түсті. Қазіргі геосаяси жағдайда түркі интеграциясының күшеюі Еуразия кеңістігіндегі жаңа ықпалдастық модельдерінің қалыптасуына әсер етеді. Ал Түркістанда өткен саммит осы үдерістің идеологиялық, мәдени және институционалдық негізін бекіткен тарихи кезең ретінде бағалануы әбден мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысына арналған жиында халықаралық деңгейдегі маңызды басқосуды жоғары дәрежеде ұйымдастыруға ат салысқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Әсіресе, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің үйлестіру жұмысындағы белсенділігін ерекше атап өтті.
Жиын барысында Түркістанның түркі дүниесінің рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ халықаралық іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндігі бар заманауи қала екені айқын көрінгені айтылды. Мемлекет басшысының сөзінше, саммитке келген шетелдік делегациялар қала көшелерінің тазалығы мен көркіне, жасыл аймақтардың көптігіне және жол инфрақұрылымының сапасына оң бағасын берген. Президент облыс пен қала басшылығына көне шаһар Түркістанды дамыту, көркейту және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар еліміздің халықаралық беделін арттыру жолында аянбай еңбек еткен әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері, әскери және құқық қорғау саласының мамандары, коммуналдық қызметкерлер, еріктілер мен белсенді азаматтарды мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапаттау жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді.
Климаттық жоба іске қосылды
Қазақстанда алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасы іске қосылды. Ауқымды бастама Түркістан облысында жүзеге асырылып, су тапшылығын азайту мен ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба Қазақстан мен БАӘ Ұлттық метеорология орталығы арасындағы халықаралық ынтымақтастық негізінде қолға алынған. Саммит қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандуспен кездесіп, климат, су ресурстары және табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңызын атап өткен болатын.
Негізгі мақсат – су қоймаларын толықтыру, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету және құрғақшылық салдарын азайту. Жоба су тапшылығы қатты сезілетін Түркістан облысы үшін маңызды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның аграрлық аймақ екенін атап өтіп, су ресурстарын тиімді пайдалану мен заманауи технологияларды енгізу басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірде су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп, жасанды жаңбыр жобасы ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізуде. Біз бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатырмыз. Кейінгі үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз. Бірлескен жұмысымыз сәтті болсын!» – деді облыс әкімі.
Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен, ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Жұмыс жүргізілетін аймақтарды таңдау метеорологиялық қызмет мамандары мен профильдік мемлекеттік органдардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі.
Мамандардың мәліметінше, мұндай технологиялар жауын-шашын көлемін 10-20 пайызға дейін арттыруы мүмкін. Қазір бұл тәжірибе Қытай, АҚШ, БАӘ және Сауд Арабиясы секілді елдерде қолданылып келеді.
Қорытындылай келе, Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өңірдің халықаралық деңгейдегі беделін жаңа сатыға көтерді. Ауқымды жиын аясында саяси, рухани, мәдени және экономикалық бағыттағы маңызды бастамалар көтеріліп, Түркістанның түркі әлемінің рухани әрі стратегиялық орталығы ретіндегі рөлі айқындала түсті.
Ламан ЗЕЙНАЛОВА,
Әзербайжандағы Trend халықаралық ақпараттық
агенттігі директорының орынбасары:
Стратегиялық ықпалдастықты күшейтетін қадам
Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті тек Қазақстан үшін ғана емес, ұйымға мүше барлық мемлекет үшін аса маңызды деп есептеймін. Осыған байланысты Әзербайжаннан бірқатар халықаралық ақпараттық агенттіктердің өкілдері арнайы делегация құрамында келдік. Себебі бұл саммит түркі елдері арасындағы саяси, экономикалық және ақпараттық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды алаңға айналып отыр.
Бүгінде әлемдегі геосаяси өзгерістер мен экономикалық үдерістер жаңа логистикалық бағыттардың маңызын арттырды. Осы ретте Орта дәлізді дамыту мәселесі ерекше назарда болуы керек деп ойлаймын. Бұл жоба тек Қазақстан немесе Әзербайжан үшін ғана емес, барлық түркі мемлекеттері үшін тиімді болмақ. Орта дәліздің кеңеюі халықаралық сауда айналымын күшейтіп, елдер арасындағы байланысты одан әрі нығайтады. Сондықтан Түркістандағы саммиттен күтеріміз көп және бұл жиын ірі экономикалық жобалардың бастамасына айналады деген сенімдемін.
Сонымен қатар саммит барысында жасыл энергетика, цифрландыру және заманауи технологиялар бағытындағы бастамаларға ерекше көңіл бөлініп отырғанын байқадық. Бұл болашақ үшін өте маңызды бағыттар. Түркі мемлекеттері осындай стратегиялық салаларда күш біріктірсе, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық өсімге үлкен серпін береді деп ойлаймын. Жалпы, Түркістан саммитінің қорытындысында маңызды келісімдер қабылданып, түркі әлемінің ынтымақтастығын күшейтетін нақты шешімдер жүзеге асады деген сенім бар.
Риззат ТАСЫМ,
саясаттанушы, қазақстандық даму институтының сарапшысы:
Рухани байланыс экономикалық жобалармен ұштасты
Бүгінде түркі мемлекеттері арасындағы ықпалдастықты тереңдету – стратегиялық маңызы жоғары мәселе. Түркі елдерінің ортақ тарихи, мәдени және рухани байланысы бүгінде нақты экономикалық жобалармен ұштасып келеді. Кейінгі жылдары Орта дәліздің маңызы артып, Қазақстан, Әзербайжан және Түркия арасындағы логистикалық байланыстардың нығаюы сауда көлемінің бірнеше есе өсуіне ықпал етті. Бұл түркі интеграциясының нақты нәтижесін көрсетеді. Мұнда, әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілуде. Қазір сауда айналымы, кедендік рәсімдер мен мәліметтер ағынының көлемі артып, оларды тиімді басқаруда цифрлық платформалардың рөлі күшейіп отыр. Жасанды интеллект деректерді саралап, әлсіз тұстарды анықтап, уақыт жоғалтпай тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесі мен халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері бұл бағыттағы әлеуеттің зор екенін дәлелдейді.
Түркістанның түркі әлеміндегі орны да ерекше. Түркістан бүгінде рухани астана ретінде ғана емес, экономикалық және саяси маңызы артып келе жатқан орталыққа айналып отыр. Қалада халықаралық сауда хабтарының құрылуы мен инвестициялық жобалардың іске асуы алдағы уақытта Түркістанды түркі мемлекеттері арасындағы маңызды ықпалдастық алаңына айналдыруға негіз болады.
Бауыржан ӘУКЕН,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:
Түркі татулығының жаңа кезеңі
Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Қазақстан мен түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін маңызды алаңға айналып отыр. Саммит тақырыбының жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық экономикаға арналуы – бүгінгі әлемдегі күн тәртібінің ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттар былтыр Габала қаласында өткен саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалардың заңды жалғасы деуге болады. Әсіресе, киберқауіпсіздік кеңесін құру және цифрлық экономиканы дамытуға қатысты ұсыныстар Саммитте нақты талқыланды.
Қазір әлемде геосаяси және экономикалық тұрақсыздық күшейіп, дәстүрлі сауда дәліздері өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі арта түсуде. Бұл ретте Орта дәлізді дамыту мәселесі ерекше маңызға ие. Аталған бағыт Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтіп қана қоймай, еліміздің Шығыс пен Батысты байланыстыратын ірі көлік-логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Саммиттің Түркістанда өтуі де символдық мәнге ие. Өйткені Түркістан – түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығы.
Сонымен қатар саммит Қазақстан үшін халықаралық диалог алаңы ретінде де маңызды. Жасанды интеллект, цифрлық экономика және киберқауіпсіздік бағытындағы бастамалар тек Қазақстанның емес, жалпы түркі мемлекеттері мен Орталық Азия елдерінің цифрлық әлеуетін арттыруға серпін береді. Түркістанда жаңа нысандардың бой көтеруі, инфрақұрылымның жаңаруы мен мәдени жобалардың жүзеге асуы қаланың беделін арттырып, оның түркі әлеміндегі тарихи орнын одан әрі бекемдей түседі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы










