Алматы облысында Ұлттық ұландағы әскери білім туралы оқушыларға түсіндірілді

Алматы облысы Қарасай ауданында 9–11 сынып оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру кездесуі өтті. Шара жастардың әскери қызмет пен әскери білімге қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ патриоттық сананы қалыптастыруға бағытталды.

Іс-шараға Алматы облысы Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің инспекторы Ғани Камбарбекұлы, Қарасай ауданы бойынша «Таулы Қарабах ардагерлері» РҚБ төрағасы Әділбек Каналиев, сондай-ақ ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3660 әскери бөлімінің шақырушыларды іріктеу және зерделеу жөніндегі штаб бастығының аға көмекшісі майор Қайсар Әуелов қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға әскери білім алу мүмкіндіктері, әскери оқу орындарына түсу талаптары, оқу процесінің ерекшеліктері, курсанттардың тұрмыс жағдайы, сондай-ақ болашақ қызмет пен мансаптық өсу перспективалары жан-жақты түсіндірілді.

Болашақ әскери қызметшілерге қойылатын талаптарға және әскери мамандықтың жоғары жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Әскери құрылым өкілдері әскери қызмет тәртіптілік, моральдық тұрақтылық және қызметтік міндеттерді адал орындауға дайындықты талап ететінін атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.