Салық реформасынан кейін бірнеше мыңдаған бизнес жабылып жатыр

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Парламенттің бірлескен отырысынан кейін бизнестің жаппай жабылу себептерін түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі таңда әсіресе B2B секторындағы кәсіпорындарға салық реформасының қатаң талаптары әсер етіп отыр. Ал B2C секторындағы бизнес өкілдері, керісінше, жаңа өзгерістерді оң қабылдаған.

– Мейрамханалар, қоғамдық тамақтану орындары мен үй жанындағы дүкен иелері жаңа өзгерістерге риза. Себебі лимиттер ұлғайып, салық органдарымен байланыс жеңілдеді. Ал B2B секторында жұмыс істеген шамамен 300 мың кәсіпорынның 71 пайызы нөлдік декларация тапсырған. Яғни, табысын мүлдем көрсетпеген. Тағы 164 мың кәсіпорынның тек бір ғана клиенті болған. Сондықтан олардың жабылуы – заңды құбылыс. Бұл – салық және бюджет реформасының нәтижесі, – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің сөзінше, кейбір кәсіпкерлер бизнес ашу кезінде ықтимал тәуекелдерді толық ескермеген.

Сонымен қатар ол тұтынушылық несиелеу көлемінің төмендеуі де шағын және орта бизнеске кері әсер етіп жатқанын атап өтті.

– Тұтынушылық несиелеу қарқыны баяуласа, сатылым да төмендейді. Өйткені негізгі сатып алушы – халық, ал олар көбіне несие есебінен тауар алған. Сондықтан мұндай өзгерістердің салдарын жан-жақты бағалау қажет, – деді вице-премьер.