The Associated Press материалына сүйенген Aikyn.kz парсы шығанағындағы шиеленістің қайта өршу ықтималдығын болжайды.
АҚШ әскері дүйсенбі күні (4 мамыр) «азаматтық кемелерге қауіп төндірді» деп ирандық күштерге оқ жаудырып, алты шағын қайықты суға батырғанын мәлімдеді. Вашингтон бұл әрекетті Ормуз бұғазын қайта ашуға бағытталған жаңа бастаманың бөлігі деп түсіндірді. АҚШ туы бар екі сауда кемесі бұғаз арқылы сәтті өткен.
Алайда бұл оқиға өңірдегі шиеленісті азайтудың орнына, оны күшейте түсті. АҚШ-тың негізгі одақтастарының бірі – Біріккен Араб Әмірліктері сәуір айынан бері алғаш рет Иран тарапынан шабуылға ұшырағанын хабарлады. БАӘ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, әуе қорғаныс жүйелері Иран ұшырған 15 зымыран мен төрт дронды атып түсірген. Фуджейрадағы маңызды мұнай өңдеу нысанында дрон шабуылы салдарынан өрт шығып, Үндістанның үш азаматы зардап шеккен.
Иран шабуылдарды ашық мойындаған жоқ. Дегенмен Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ пен БАӘ «қайтадан батпаққа тартылудан сақ болуы керек» деп ескертті. Ирандық әскери дереккөздер болса, бұны АҚШ-тың «заңсыз өткел» жасауға бағытталған әскери авантюрасымен байланыстырды.
Ормуз бұғазы – әлемдік энергетика үшін аса маңызды су жолы. Иранның бұғазды іс жүзінде жабуы жанармай бағасының өсуіне және жаһандық экономикадағы алаңдаушылыққа әкелді. АҚШ басқаратын Біріккен теңіз ақпарат орталығы кемелерге Оман аумақтық сулары арқылы өтуге кеңес беріп, «қауіпсіздігі күшейтілген аймақ» құрылғанын мәлімдеді.
Дипломатиялық шешім әзірге белгісіз. Иран санкцияларды алып тастауды, блокаданы тоқтатуды, АҚШ әскерін аймақтан шығаруды және барлық соғыс қимылдарын доғаруды талап етіп отыр. Бірақ Иранның ядролық бағдарламасы бұл ұсынысқа енгізілмеген. Бұл жағдай Ормуз бұғазының тек аймақтық емес, бүкіл әлемдік саясат пен экономика үшін шешуші нүкте екенін тағы көрсетті.
Ақ үйден кеше жаңа мәлімдеме таралды. Онда президент Трамп Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің өтуін ұйымдастыруға бағытталған «Бостандық жобасын» тоқтататынын айтқан.
Сейсенбі күні (5 мамыр) АҚШ президенті мен ұлттық қауіпсіздік саласының жоғары басшылығы осы миссияның артықшылықтарын мақтап сөйлегеннен кейін небәрі бірнеше сағат өткен соң, Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің өтуін ұйымдастыру жоспарын жүзеге асыруды тоқтатқан.
Жоба басталғанына бір күн өтпей жатып тоқтатылды. Бұл шешім мұнай мен газ саудасы үшін стратегиялық маңызы бар осы су жолын қайта іске қосуға байланысты Дональд Трамптың саясатындағы тағы бір күрделі бұрылыс болды.










