Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар бүгінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуынан нақты көрініс табуда. Соның айқын дәлелі – Түркістан облысы аумағында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалар.
Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен UBC Group компаниясының негізін қалаушы Игорь Бурдыленко арасында өткен кездесу Қазақстанның ашық әрі теңгерімді сыртқы экономикалық саясатының нақты көрінісі. Келіссөздер барысында өңірдегі инвестициялық жобаларды дамыту, өндірісті кеңейту және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды.
Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамалары мен экономикалық дипломатиясы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Соның нәтижесінде Түркістан өңірінде іске қосылған JASYL SUYQ QAZAQSTAN зауыты бүгінде өндірістік қуатын кеңейту кезеңіне өтті. Жобаның екінші кезеңі аясында 1,2 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңа өндірістік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарлануда.
Жаңа өндірістік кешеннің салынуы Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму саясатының өңірлік деңгейде тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 50 мың данаға дейін ұлғайып, ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде зауыт өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстан нарықтарына экспортталуда. Алдағы уақытта Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан елдеріне шығу жоспарлануда. Бұл – Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық ықпалын күшейтіп, аймақтық көшбасшылық позициясын нығайтудың нақты қадамы.
Аталған жоба тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Өндірісті кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар қосалқы өндірістерді іске қосу арқылы өңірде толық өндірістік тізбек қалыптасып, қосымша құн көлемі ұлғаяды.
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен ашық саясаты шетелдік серіктестердің сенімін арттырып, жаңа өндірістік жобалардың жүзеге асуына жол ашуда. Осы бағытта Түркістан облысы аумағында тағы бір ірі флоат-шыны өндіру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жобаны талқылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесу барысында жер телімдерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаны қолдау тетіктері жан-жақты талқыланды.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 220 млн АҚШ доллары және екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылына 480 мың тонна жоғары сапалы флоат-шыны өндіретін зауыт іске қосылса, екінші кезеңде 350 мың тонна кварц құмын өндіру кешені мен қосымша өндірістік нысандар салу көзделген. Өңір басшылығы бұл бастаманың стратегиялық маңызын ерекше атап өтуде. Қанат Қайыпбек атап өткендей, жоба Түркістан облысының ғана емес, бүкіл елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама импортты алмастыру саясатын жүзеге асыруға және отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, өңірде кварцты құмның мол қоры бар, Қазығұрт және Созақ аудандарында орналасқан кен орындары жобаны жүзеге асыруға жеткілікті шикізат базасын қамтамасыз етеді. Бұған дейін инвесторлар осы кен орындарын зерттеп, зертханалық талдаулар жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізген.
Жобаны іске асыру – Қазақстанның халықаралық өндірістік тізбектерге интеграциялануының және өңірлік экономикалық ықпалының арта түсуінің нақты дәлелі. Сонымен қатар бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырып, технология трансфертіне жол ашады.
Жалпы, мұндай бастамалар – Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді саясатының, инвестициялық тартымдылығының және тиімді сыртқы экономикалық байланыстарының нәтижесі. Мемлекет ұстанған ашықтық, сенімділік және әріптестік қағидаттары өңірлердің тұрақты дамуына серпін беріп, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруде.
Осылайша, Түркістан облысында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар Қазақстанның сыртқы саясаты мен халықаралық ынтымақтастығының нақты жемісі әрі өңірлік дамудың маңызды драйверіне айналып отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы









