Терабайт – даму темірқазығы: қуат пен зерденің тоғысы

Мемлекет басшысы стратегиялық басымдық деп айқындаған бұл жоба Павлодар өңірінде Data-орталықтардан тұратын нағыз технологиялық мегаполистің іргетасын қалайды деп жоспарланған. Бүгінде Қазақстанның цифрлық келбетін өзгертуге тиіс бұл мегажобаның тамыр соғысы қалай? Жалпы, елімізде бұл нарық ең қарқынды дамушы саланың біріне айналып келеді. 

Тақыр даладағы технологиялық тегеурін

Президенттің Ұлттық құрылтайдың соңғы V отырысында қойған міндеттерін орындау үшін Үкімет «Деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) алқабы» атты тың жобаға жан бітірді. Бұл – тек тех­никалық нысан емес, отандық және шетелдік ин­вес­торлар мен серіктестерге жасалған ерекше эко­номикалық экожүйе. Мұнда оларға барлық ин­фрақұрылым тартылып, арзан қуат көздері мен са­лықтық преференциялардың ұшан-теңіз ауқымы ұсынылады. Оның қатысушылары мемлекетке көптеген салық түрін төлемейді. Айтпақшы, Екібастұз қаласының жанындағы бұл алқапқа жол нұсқайтын үлкен бағыттағышта жаңа қалашықтың атауы тек бір тілде «Долина ЦОДов» болатыны таңбаланыпты. Бұл атау ресми құжаттардың да ажырамас бөлігіне айналды.

«Павлодар облысында әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ауқымды ДӨО алқабы жобасын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінген. Бұл жоба өңірдегі деректерді сақтау мен өңдеудің ірі инфрақұрылымдық тораптарының біріне айналады және халықаралық серіктестердің заманауи цифрлық инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жоба серіктестері үшін ынтымақтастықтың икемді үлгілері қалыптас­тырылған: оларға қолжетімді энергиясы бар дайын алаңдардан бастап, жоғары технологиялық қуаттар мен дайын өнімдерді жалға алу ұсынылады», – деп хабарлады Үкімет. 

Жобаға жауапты тұлғалардың бірі «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің дерегінше, Екібастұзда ДӨО алқабына арналған жер учаскелері айқындалды. Қажетті негізгі келісімдер жасалды. Сондай-ақ қуаты 215 МВт болатын қосалқы стан­са сатып алынды. Аталған шаралар жобаның энер­­ге­тикалық инфрақұрылымының негізін қалып­тас­­тырады. Бұл ретте Үкімет инвесторларға қо­лай­лы жағдай қалыптастыру үшін олардың дата-орталықтарын энергиямен жабдықтаудың арзан­датылған тарифтік моделін бекітіп те қойыпты. Бұған қоса, инвестициялық және салықтық пре­ференциялар белгіленді.

Бағдат Мусин халықаралық технологиялық және инвестициялық компанияларды тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. АҚШ, Қытай және Үндістан елдерінен «бұлтты» есептеу, үлкен деректерді өңдеу және ЖИ салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам hyperscale-компаниямен келіссөздер жүргізілген. 

– Келіссөздер қорытындысында 100 МВт-тан жо­­ғары қуатқа алдын ала сұраныс қалыптасты. Не­­гізі, ДӨО алқабы жобасының жалпы әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жетеді және ірі «зәкірлік» клиенттерді орналастыруға есептелген. Жалпы алғанда, жобаны жүзеге асыру Қазақстанда ірі өңірлік цифрлық хабты қалыптастыруға және әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тартуға бағытталған, – деді Б.Мусин.

Цифрлы дәуірдің жаңа діңгегі

Премьер-министрдің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ДӨО алқабы жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Үкімет тиісті инфрақұрылымдық және құқық­тық жағдайларды түзді. Тиісті нормативтік-құқықтық актілері әзір. Жалпы ауданы 1,4 мың гектар жер телімі бөлінді. Бұл – Монако сияқты 7 мемлекет сиып кететін аумақ!

Ұлттық құрылтайда Президент бір ғана ДӨО-ның өзі алып металлургиялық комбинат тұтынатын қуат­ты «жұтып» қоятынын ескерткен-тін. Осыған орай аталған жер Екібастұз МАЭС-1 жанынан бөлінді. Яғни, осы стансаның өндірген энергиясы да пайдаланылмақ. Дата-орталықтардың атом қуатымен теңдес тәбеті бар. ДӨО алқабы тұтынатын 1 ГВт қуаттың ауқымын түсіну үшін қарапайым ғана салыстыру жасап көрейік: Қазақстанда салынатын болашақ атом электр стансасының бір энергоблогы шамамен 1,2 ГВт қуат өндіреді деп жоспарланған. Яғни, бір АЭС блогының күші осы бір ғана алқаптың қажеттілігіне жұмсалуы мүмкін. Бұл  цифрлық индус­трияның қаншалықты «қуат тауысар» алып екенін көрсетеді. Үлкен мақсаттар үлкен шығындарды талап етеді; маңыздысы – сол шығынның ел игілігіне айналуы.

Энергетика министрлігінің дерегінше, ДӨО алқабы экожүйесі Екібастұз энергия торабының энергетикалық қуаттары негізінде құрылады. Нысанды қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды пайдалана отырып, қуаттарды енгізудің нақты белгіленген параметрлері бойынша кезең-кезеңімен дамыту көзделген. Жоба шеңберінде ұзындығы 15 шақырым электр тарату сымдарын, сондай-ақ қуаты 300 МВт болатын және оны болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар төмендеткіш қосалқы стансалардың инфрақұрылымын салу қарастырылған. Энергия – ақпараттың азығы: азығы мол жерде ғана технологиялық жеміс өнбек.

Алқапта құрылатын инфрақұрылымның тағы бір маңызды элементі халықаралық серіктестерді тартуға арналған Greenfield аймағы болмақ. Оның егжей-тегжейі әзірге жарияланбады. Мұның сыртында ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қытайлық, америкалық және басқа инвесторлар мен жобаға қатысушыларды мемқолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Жатжұрттық компаниялардың дата-орталықтары деректерді лезде өңдей алуы үшін оған озық желі тартылуы қажет. ЖИ министрлігінің мәліметі бо­йын­ша бұл алқапқа Қазақстанда, тіпті ТМД мен Орталық Азияда теңдесі жоқ телекоммуникациялық инфрақұрылым жеткізіледі. Ең ірі hyperscale және BigTech компанияларының талаптарын қанағат­тандыру үшін желілік кідіріс 80-нен 57 миллисекундқа дейін төмендетіледі. Бұл – тек Еуропадағы трафик алмасу орталықтарымен иық тірестіретін деңгей. 

«Бұдан әрі есептеу инфрақұрылымын кезең-кезеңмен ұлғайту, әрқайсысы 50 МВт-тан ЖИ-ДӨО-ның 4 кезеңін салу көзделген. Тұтастай алғанда, ДӨО алқабын іске қосу Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттылығының өңірлік орталығын қалыптастыруға, болжамды түрде 30 млрд долларға дейін инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер ары қарай жалғасты», – деп хабарлады ведомство. 

Бұл жоба аса ауқымды болғанымен, көп жұмыс­шыны қажет етпейді. Министрлік энергетика, есеп­теу қуатын пайдалану, ЖИ және тағы да басқа салада тек 500 жоғары білікті жаңа жұмыс орны құрылатынын мәлімдеді. Премьер-министр жуырда ДӨО алқабының құрылысы барысын өзі тексеріп қайтты. Ол ЖИ және цифрлық даму, Энергетика министрліктеріне, Павлодар облысының әкімдігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп «жобаны жедел жүзеге асыруды» жүктеді. Сондай-ақ мегажоба өзінің тікелей бақылауында болатынын қадап айтты.  

– Бұл – болашақ индустриясы. Біз бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалана білуіміз керек. Жобаны жүзеге асыруға электр энергиясы, климат, транскаспий кабелі сияқты қажетті алғы­шарттар бар. Сондықтан қабылдануға тиіс барлық шешімді енгізіңіздер, созбалаңға салмай, алға жылжу қажет. Бұл жобамен мен өзім тікелей айналысамын! Біз мүмкіндігінше қысқа мерзімде құру кезеңінен өтіп, әлемдік компаниялармен келісімшарттарды бекіту және қуаттарды жеткізу бағытында жұмыс істеуіміз керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Инвестордың таңдауына төрт модель

ЖИ және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин жеңілдікті тарифі бар қуатпен қамту үшін Деректерді өңдеу орталықтары алқабын Екібастұз қаласында орналастыруға шешім қабылданғанын жеткізді. Өйткені мұндағы энергетикалық стансалар жергілікті арзан қоңыр көмірді жағады, тиісінше, өндіретін электр қуатының өзіндік құны төмен. Алайда вице-министр «Долина ЦОДов» қалашығының бірінші кезеңі үшін Павлодар облысының әкімдігі резервтеген жалпы ауданы 200 гектар жердің тақыр дала екеніне назар аудартты. 

– Ол аумаққа құбырлар тартып, сумен жабдықтау қажет. Жол құрылысын жүргізіп, автомобиль жолдарын салу керек. Бұдан бөлек, телекоммуникациямен және электрмен жабдықтауы тағы бар. Базалық инфрақұрылымды кешенді түрде жүргізу де талап етіледі. Аталған жоба Қазақстан аумағында деректерді өңдеу орталықтары мен бұлтты ЖИ, жетекші hyperscaler-компанияларды тартуға мүмкіндік береді. Онда істейтін білікті қызметкерлердің жалақысы жоғары болады. Біздің ойымызша, бұл алқап Қазақстанға есептеу және цифрлық қызметтер экспортын ұлғайтуға жағдай жасайды, – деді Р.Коняшкин.

Вице-министрдің ақпараты бойынша, жоба аясында инвесторлардың түрлі инвест-стратегиясы мен дайындық деңгейін ескеретін икемді қатысу модельдері қарастырылған. Бірінші модель инвесторға энергетикалық қуаты алдын ала резервтелген жер учаскесін алып, деректерді өңдеу орталығын «нөлден» салуға бағытталған. Екінші модель инвесторға дайын құрылымдық негізі және базалық инженерлік жүйелері бар форматтағы нысандарды пайдалануды көздейді. 

Үшінші модель серверлік қуаттарды Zero CAPEX қағидатымен жалға алу форматында іске асады: инфрақұрылымға инвестиция салуды көздемейді. Төртінші модель жоғары өнімді есептеу кластерлеріне қолжетімділікті, суперкомпьютер, ЖИ және бұлтты сервистерін ұсынуды қамтиды. Икемділік – бүгінгі заманның басты талабы. Инвесторға таңдау беру арқылы еліміз ертеңгі табысының іргесін қалайды.

– Аталған модельдердің жиынтығы инвестициялар мен ЖИ шешімдерін енгізу үшін әмбебап платформаны қалыптастырып, Қазақстандағы ЖИ экожүйесінің жедел дамуына ықпал етеді. Мысалы, бірінші модельде инвесторлар үшін қосымша шарт ретінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін басым тәртіппен сатып алу қарастырылған. Инвесторларға арнайы экономикалық аймақ принципі бойынша салықтық преференциялар ұсынылады, – деді ЖИ министрінің орынбасары. 

Осынша көп дата-орталық аз ғана халқы бар Қазақстанға не үшін қажет деген сұрақ қойылып жүр. «Президент тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде мемаппаратты ауқымды «цифрлық қайта жаңғыртуға» кірісуіміз керек. Мемлекеттік функциялар тізілімі цифрландырылып жатыр. Салық жинауда да бұл әлеует кәдеге жарайды. Бұдан ары Qaztech платформасында мемфункцияларға реинжиниринг және цифрландыру жүргізіледі. Соның нәтижесінде қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығы артады», – деп сендірді Ростислав Коняшкин.

IDC аналитикалық компаниясының ТМД өңірін­дегі вице-президенті Андрей Беклемишевтің айтуынша, Қазақстандағы қоғамдық бұлтты қызметтер нарығының көлемі 2022 жылғы 59,3 млрд теңгеден 2025 жылы 117,6 млрд теңгеге дейін, екі еседей өсті. 

– Болжам бойынша 2029 жылға қарай қоғамдық бұлтты қызметтер нарығының көлемі 257,2 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Мемлекет пен бизнес тарапынан жасанды интеллект саласындағы шешімдерді енгізуге байланысты сұраныс одан ары өседі деп ойлаймын. Қазақстандағы бұл нарықтың ең ірі сегменті – SaaS моделіндегі бұлтты қосымшалар. Коммерциялық деректер орталықтарының сыйымдылығы 2025 жылы 4 мың сөреге жетті, жүктелу деңгейі 91%-ды құрады. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымды пайдаланудың жоғары деңгейін және елдегі есептеу қуаттарын одан әрі дамыту қажеттілігін растайды, – деді сарапшы.

IDC вице-президенті Қазақстан өзін аймақтық хабқа айналдыруға ниетті екенін еске салды. Ол үшін көп дата-орталық салу, ЖИ шешімдерін кеңінен енгізу қажет көрінеді. Бұл тұрғыда Екібастұздың шаңды даласында бүгін бой көтеріп жатқан Деректер алқабы шаһары – ертеңгі Қазақстанның ақпараттық цитаделі болмақ. Ақыл-ой мен энергия тоғысқан бұл мекен ел экономикасының жаңа драйверіне айналады деген үміт бар.

Айхан ШӘРІП