QyzPU-дың халықаралық ынтымақтастығы артып келеді

80 жылдан астам тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагоги­калық университеті – Қазақстан мен Орталық Азиядағы қыз бала­ларға арналған бірегей білім орда­сы. Университет заманауи талап­тарға сай халықаралық байлан­­­ыстарын кеңейтіп, педа­го­гикалық білім мен ғылымның іргелі орта­лығына айналып кел­еді.

Бүгінде QyzPU әлемнің 23 еліндегі 80-нен астам жоғары оқу орнымен, оның ішінде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және бір­қатар Еуропа елдерінің жетек­ші университеттерімен страте­гия­лық серіктестік орнатқан.

Жуырда университет деле­га­циясы Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен China Study Ab­road Forum (CSAF 2026) халық­ара­лық форумы мен China International Education Exhibition Tour 2026 (CIEET 2026) білім беру көр­месіне қатысты. Іс-шара ба­ры­сын­да шетелдік әріптес­термен тәжіри­бе алмасып, ынтымақтас­тықты да­мыту бағытында келіс­сөздер жүргізілді.

Халықаралық көрмеге Қазақ­стан делегациясын бастап барған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова CIEET 2026 көрмесінің ұлттық жоғары білім беру жүйесін ха­лық­аралық деңгейде ілгерілетуге, білім беру қызметтерінің экс­порт­тық әлеуетін арттыруға және академиялық әріптестікті кең­ейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Әлемнің түрлі елінен 200-ден астам университет пен Қа­зақ­станнан 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысқан көрмеде QyzPU-дың білім беру бағдарла­малары, ғылыми әлеуеті және универси­теттің ерекшеліктері жан-жақты таныстырылды. Соны­мен қатар Қытай жоғары оқу орындарымен тәжірибе ал­ма­сып, ынтымақ­тас­тықтың жаңа бағыт­тары талқы­ланды.

Қазақ ұлттық қыздар педа­гогикалық университетінің Бас­қар­ма төрағасы – ректор Бейбіт­күл Кәрімова бастаған делегация Бейжің тіл және мәдениет уни­верситетінің президенті Дуань Пэнмен кездесіп, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы екі­жақты ынтымақтастықты кең­­ейту жолдарын қарастырды.

Кездесу барысында «2+2» қос диплом бағдарламасын іске асыру, академиялық алмасуды дамыту және мәдени-гумани­тарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Beijing Language and Culture University-дің қытай тілі, линг­вистика және әдебиет сала­сындағы жетекші ғылыми орта­лық­тардың бірі екені атап өтілді.

Сонымен қатар QyzPU деле­гациясы Бейжіңдегі Capital Normal University басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық бағыт­тарын қарастырды. Тараптар бір­лескен білім беру бағдар­ламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың академия­лық ұтқырлығын дамыту, педа­гогика саласындағы ортақ ғылы­ми зерттеулер жүргізу және біл­ік­тілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелерін тал­қылады.

Кездесу қорытындысы бой­ын­­ша, академиялық ашық­тық пен инновациялық дамуға негіз­делген ұзақмерзімді серік­тестік орнату туралы келісімге қол жет­кізілді. Capital Normal University – Қытай Халық Рес­публикасы Білім министрлігі мен Бейжің муниципалды үкі­метінің қол­дау­ына ие, Double First Class University Plan бағдар­ламасына енген жетекші оқу орын­дарының бірі.

Аталған ынтымақтастық бір­лескен білім беру бағдарла­ма­лар­ын жүзеге асыруға, ғылыми зерт­теулерді дамытуға және ака­демиялық алмасуды кеңейтуге мүм­кіндік береді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситеті – сапалы білім берумен қатар, ұлт­тық тәрбиеге негіз­дел­ген рухани-мәдени ортаны қал­ып­тастырып отырған білім ордасы. 

«Білімді қыздар – білімді ұлт» қағидасын ұстанған QyzPU алда­ғы уақытта да білікті педагог ма­­мандар даярлап, жаңа белес­терді бағындыра бермек.

Айгүл СЕЙІЛ